• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 14:18:17
Алматы
+35°

Көкөністің түрі мол, бағасы арзан

түркия

Сан жылдарға жалғасқан ұлы сағынышқа толы хикаяларды шертісіп,  түн ортасы ауғанда  демалдық. Ертеңінде күн жексенбі. Түрікше пазар күні яғни базар күні. Бұл күні бүкіл дүние лықылдаған базар болады деп ойлап қалсам, болжамым қате кетіпті. Базар күні базардағылар негізінен демалады екен. Ішінара дүкендер ғана сауда-саттық жасайды екен. Ал, азық-түлік дүкендері, жеміс-жидек жайма базарлары жылдың 360 күнінде лаулап тұратын көрінеді.

түркия

Бұл күні түстен бұрын апайыммен бірге жеміс-жидек, көкөніс базарына бардым. Базарда не керектің бәрі бар. Құдайдың хикметімен жеуге жаралған ащы-тұщының бәрі түрік жерінен табылатындай. Оның үстіне базар бағасы өте арзан.

түркия

Әрі химиялық дәрілер қосылмаған өнімдер екені менмұндалап тұр. Сөрелері самсаған базардан апайым екеуіміз аз ғана ақшаға бір қап көкөніс өнімдерін сықап алып қайттық. Базар үйге жақын маңда. Атажұрттан келген бауырының аузына бар дәмдіні төсеуді ойлаған, жаны жайсаң Сәмиға апам біздің Қазақстанда көп кезіге бермейтін жемістерді таңдап алды.

түркия

Жол жүруді алматылықтардан үйренсе болады

Бұл күні түскі қонағасыға ұшақжайдан құшақ жайған Ерлан мырза үйіне шақырып еді. Тұрған жері Гүнешліден тым алыс емес екен. Минибусбен (шағын автобус) жалғыз өзім тұңғыш рет жол жүріп бара жатырмын. Қоғамдық көліктердің үлкені- кішісі бәрі де заманауи талапқа сай жаңартылған. Қара түтінін бұрқылдатып өкіріп-бақырып, қиналып,  жолаушы тасып жүрген автобус кезіктірмедім. Дегенмен, сөздің реті келгенде айта кетейік. Қала өмірінің мәдениеті жағынан біз Қазақстан халқы алдыңғы деңгейде екенбіз.

түркия

Ыстамбұлдың қарбалас өмірі адамдардың сыйласымдылығына да салқынын тигізген сияқты. Әуелгі бір байқағанымыз, бұл қалада жаяулар жүретін ала сызықты елеп-ескеріп жатқан жүргінші аз. Көшенің кез келген жерінен кесе көлденең өтіп жатқан адамдарды көресіз. Ал, қызыл-жасыл бағдар шыраққа адамдар көп қарамайды. Көліктер сирей бергенде топырлап өте шығады екен.

Ол жағынан Қытайдың қала мәдениетін елестетіп жібереді. Автобус ішінде әйелдерге, үлкендерге орын беру де тым сирек. Жастар да, жігіттер де әкесінің төрінде отырғандай шалжиып, міз мақпай отырса таңданбаңыз. Мың жыл бойы ірі қазанда қайнаған халықтың осы бір ыңғайсыз әдетіне бастабында іш тартып та қаласыз. Бірақ, бұл Ыстамбұл жұрты күллі түрік дүниесіне, батыс әлеміне өкілдік етпесі де белгілі. Көшеде, иә көлікте кез келген жолаушыдан жөн сұрасаңыз, сізге қуана-қуана көмектесетіні де бар.

Үй бағасы қолжетімді

түркия

Ерекеңнің үйінде қонақ болу барысында менің түйгенім, қала осынша үлкен болғанына қарамастан, бұл жерде үйдің бағасы Нұр-Сұлтандағы сияқты айға ілініп тұрған жоқ. Үйдің кіре ақысы да қолжптімді көрінеді. Ағынан жарылған азаматтың отауында сүбелі әңгімелер айтылды.  Кешке қарай сара ала таксиден біреуін мініп, көзім де бойым да үйренісе бастаған Күнешліге келдім. 

түркия

Әлемдік рейтнигте алдыңғы қатарда тұратын ірі қала Ыстамбұл одан әрі кеңейіп барады. 2000 жылдардың басында қаланың ең шеті деп танылатын, көп қазақтың құт мекені Гүнешлі бүгінгі таңда қаланың қақ ортасы сияқты. Аттап басқан жеріңіз қызуы бір сәтке басылмайтын базар дүниесі. Қысқасы, үйдің маңынан құстың сүтінен басқаның бәрі табылады. Ал, енді бір қызығы, адамдар қандай да бір топтау сату дүкенін іздеп сабылмайды. Көшеде екі дүкеннің бірі топтап сату, көтерме сауда базары. Шағын ғана дүкендерден әлемнің әр жеріне тауарлар толассыз жөнелтіліп жатады екен.

Бұл қалада алақандай жердің өзі ат басындай алтыннан қымбат.  Адамдар жүз шаршыдан артығырақ жер сатып алып, бес-алты қабат үйді тік тұрғызып, оған тайлы-тұяғымен бөлініп орналасады екен.  Қоғамы жалпы жақтан тыныш. Дегенмен, ұры-қарысы, қарақшы, тонаушысы да жоқ емес сияқты. Есіктердегі неше қабат құлыптар соны меңзейтіндей.

Ыстамбұлдағы ең сәулетті құрылыс мешіт болып саналады. Алақандай жер алтыннан қымбат болғанына қарамастан, кез келген шағын аудандарда, көшелерде, соқпақтарда биік мұнаралы мешіттер бой созып тұрады. Әр уақыт намаз алдында күллі қала мешіттері бір тұтас азан шақырады.  Баршылықтың, тіршіліктің, құлшылықтың дауысын естірткен осындай сарайларға қарап тұрып, өз тізгіні өзінде болмаған алыс-жуықтағы өзге де түрік балаларын ойға алып   қоясыз. Дегенмен, бұл қалада мешіт өмірі қоғамдағы пәни тірлікке тигізіп жатқан кедергісі жоқ сияқты.

Атақты Ыстамбол университеті

Біз өзімізді шақырған Ыстамбұл университетіне бардық. Бұл университет әлемдік тізбеде алдыңғы жүздіктен қылаң беретін атақты білімжайлардың бірі. Естуге қарағанда, университетте 250 мың студент бар екен. Тек біз баратын бір ғана факультетінде 16 мың студент оқиды дейді. Қаланың  көне Ыстамбұл жағына орын тепкен аталмыш оқу ордасы тарихы тереңде жатқан Ақсарай, Фатих сұлтан аумақтарына бытырай орналасқан. Университеттің құрылыстары тым көне. Тарихтың сан ғасырын артқа тастаған оқу ғимараттары ескі мен жаңаның  өбіскен тұсында қасқайып тұр.

түркия

Алматыдан келген сегіз магистрант шақыру қағазымызды есіктегі қызметкерлерге  көрсеттік. Олар бізге бірден есігін  айқара аша  қойған жоқ. Мен өзім кіруге рұқсат алып, әдебиет факультетіне бардым. Ол жерде Алматыда ұзақ жыл тұрған, орысша жақсы сөйлейтін бір түрік мұғаліммен жолықтым.  Осы минутта сәл кідіріп ойланыңызшы. Алматыда тұрып, орысша жақсы үйреніп алған. Ал, менімен қазақша сөйлеспейді. Және маған айтады, «Алматыдан келген, орысша білмейтін қазақты тұңғыш көріп тұрмын» деп.  Қаралтқым жігітпен қызыарқтасып ештеңе деспедім. Бір түрік студентін маған ертіп қоя берді. Бұл студенттің аты – Қадір. Өзі талпынып қазақша және орысша үйреніп жүр екен. Өзі ыңғайы келсе, келешекте Алматыға барып оқығысы келеді екен. Сондықтан, орысша бір ауыз сөз қосып сөйлемесе іші ауыратын біздің қоғамға кіруге  ерте бастан қамданып,  қос тілі  –  қос   қанатын қомданып жүрген сияқты.

Сонымен, Қадірдің бастауында әдемі әріптес қыздарды ертіп, Ыстамбұл  университеті Әл-Фараби орталығының директоры Абдулла Қызылжыкке жолықтық. Әбекең Әбунасыр заманынан қалған көне бір ғимаратта отырады екен. Бірақ ежелден жеткен бұл құрылыс өте әдемі көрінді бізге. Директор бізді өте жылы қабылдады. Азын-аулақты сәлемдемемізді беріп, Алматыдағы қазақ туғандардың сәлемін жеткіздік. Он күнге сабақтар орналастырды. Қатысуға тиісті бірнеше халықаралық конференцияларға жолдама берді. Біздің де осы университет студенттері сияқты қолжетімді бағамен тамақтанып тұруымыз үшін, бұрыштама қағаз жазып берді.  Айтарға болмаса алыстан  ат терлетіп келген жолаушыларға бұл да үлкен жәрдем. Қуанысып қалдық.

түркия

 Бұл күні Қадір бастаған студенттердің жол бастауымен біз университеттің ішімен таныстық. Сол университетте қазақ және қырғыз тілдерінен сабақ беретін Ораз ағамызбен, Көне түрік тілін өтетін Мехмет Өлмез мырзамен жолықтық. Бізді таңдандырған бір нәрсе, бұл білімжайда әр факультеттің жеке-жеке кітапханалары болады екен. Аты факультет кітапханасы болғанымен, оның өзі үлкен бір мұражай іспетті. Кітапханада әлемдегі үлкен тілдердің сөздіктері, тарихи еңбектер самсып тұр. Арасында біздің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» көзге оттай басылып тұр. Алаш орда туралы кітаптар іздеттім. 1970 жылы жарық көрген жалғыз кітап табылды. Әрине, бұл бір ғана факультет кітапханасы ғой.

Осыдан кейін, біз уинверститет студенттеріне арналған асханадан дәм таттық. Әрқайсымыз 3,5 лирадан (245 теңге) ақша төлеп, студенттік дастарқанға жайғастық. Бұл жерде тамақты таңдап жеймін деп ойламайсыз. Дайындалған қою-сұйық тамақты ыдысыңызға салып береді. Адам сіресіп отырған көп үстелдердің бірінен орын бұйырса, сонда отырып, бұйырған астан ауыз тиіп, аужал табасыз. Үстелдің үстінде ішуге арналған склар, нандар тізіліп тұрады екен.

түркия

түркия

Баязиттың бойындағы көп мұражай

Түске дейін осыншалық танысу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, енді біз түрік қызы Гүмайнаның жол серік болуымен жақын маңдағы тарихи орындарға қыдырдық. Аттап бассаңыз, музейлер мен мешіттер, көне құрылыстар, бір-бірімен бой таласып, кісіні еріксіз баурайды. Жіпке тізген маржандай бәрін тізіп айтып шығу да мүмкін емес. Жол бойы бірнеше музейге кірдік. Баязит даңғылының бойынан іркес-тіркес орналасқан бай мұрағат үйлерін көрдік. Мұражайлардың ауласында заманында ел тағдыры үшін, үлкен еңбек тындырған атақты адамдардың мазарлары қаз-қатар жайғасқан. Бәрінің басына мәрмәр тастармен белгі орнатылған. Көбі 14 ғасырда дәурен сүрген тұлғалар. Қаланың қақ ортасында әлемнің түкпір-түкпірінен келетін жолаушылардың таңданысын оятып, қара жердің қойнында мәңгілік ұйқыға енген. Осы орайда осыдан жеті ғасыр жыл бұрын бақилық болған халйфат қаракөктерінің мұрты ойылмаған қорғандарына қарап отырып, біздің арғысын айтпағанда кешегі сексен жыл бұрын елім деп еңіреп, жат қолынан мерт болған сайда саны, құмда ізі қалмаған тұлғалардың тағдыры еске келеді.

түркия

түркия

Адамзат парасатының жемісі – Аясофия мешіті

түркия

Көне дүниенің көз сүріндірер келбетіне таңдана да, тамсана да қараумен, жағадап отырып біз атақты  Аясофия мешітіне жеттік. Адамзат ақыл-парасатының ұлы жауһары іспетті Аясофияның айналасы толған адам. Әлемнің әр елінен келіп тамашалаушылардың Аясофияны соқпай өтетіндері жоқ сияқты. 72 лираға (5000 теңге) билет алып, көп жүргіншімен бірге ішке ендік. Екі ірі діннің, неше ондаған ірі мәдениеттің, бірнеше империяның тарихын бастан өткізіп, ақыры адамзаттың ортақ құнды мұрасына айналған бұл мешіттің осыншама атақты болуында сан мыңдаған сыр жатыр. Мені қатты таңдандырғаны да, бұл мешіттің құрылысы.

түркия

Алып мәрмәр тастардан жасалған едені бір таңдандырса, күйдірілген кірпіштен жиналған зәулім ғимараттың сәулеті кім-кісіге де таңдай қақтырады. Құрылыстың биіктігі мен күмбезіндегі ғажайып өрнектер, християн дінінің алып шіркеуі болып тұрған кездегі Айса пайғамбарға қатысты неше түрлі суреттер, кейін мұсұлмандардың атақты мешітіне айналғандағы алтын әріппен өрнектелген қасиетті дұғалар. Кіріп-шығатын өте үлкен есіктер мен шығып түсетін даңғыл жолдары осыдан мың жыл бұрынғы адамзат өркениетінің қаншама жоғары деңгейге жеткенін пайымдап береді.

түркия

Әлемдегі ең атақты архитетурлар жиналып, ақылдаса отырып жобалаған-ау дейсіз. Аясофияны көрген де арманда, көрмеген де арманда. Түрік мемлекеті соңғы мың жылдықта ешкімге кеудесін бастырған жоқ. Ұлы соғыстар бұл елдің территориясын шарпымады. Әсіресе, соғыстың қиратқыш бомбалары Ыстамбұлды айналып өтіп кетті. Содан да болар, халифаттық дәуірдегі мұралардың мұртын балта шаппаған.

түркия

Айналаңыз түгелдей өткен тарихтың куәсі. Өткен заманның озығын көзіңмен көріп, тозығын көңілге түйіп секем аласың. Мұнарасы айға ілініп тұрған әрбір құрылыстар адамдарға осылайша тәлім беріп, ауыр ой арқалатып аттандырады.

түркия

Ақ шағи Аясофияның ішін аралап бір жарым сағаттай жүрдік. Тек осы естелікті оқып отырған сізге де осындай бір сәтті сапар бұйыруын тілеймін. Себебі, осындай ұлы мұраларды жазуда қызыл тілдің өзі әлсіздік танытады. Көзбен көрмеген кісіні айтып сендіру де қиын.

Құрметті оқырман, бүгінше киелі шаһар туралы осыншалық баян еттік. Енді Мәрмәр теңіздің үстіндегі толқынысты көңіл-күйіміз туралы жазатын боламыз.

Әділет Ахметұлы

Ақын, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің қызметкері 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір