• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 10:59:40
Алматы
+35°

Биыл Алаш жұрты үшін дүбірлі той. Ел жүрегінде «Шұғаның белгісі», «Тар жол, тайғақ кешу», «Құлагер» шығармаларымен аты таныс, үш бірдей алып бәйтерегіміз – Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығын атап өткелі отырмыз.

Осы орайда, алыптарға өз дәрежесіне сай құрмет көрсетуді Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры қолға алады. Бұл істі атқаруды өзінің азаматтық борышы ретінде санайтын сол қордың іс-шараларын ұйымдастырушы маман Жасұлан Наурызалиев оның «Әдебиет әлемі» жобасы бойынша іске асырылатын шаралар тізбегінде тұрғанын айтты. Шараға республикамызға танымал тұлғалар, зерттеуші ғалымдар қатысып, шара барысында өз ойларын ортаға салатынын жеткізді.

«Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры өз жұмысын ағартушылық бағытта бастады. «Әдебиет әлемі» жобасындағы мақсатымыз – қазіргі кездегі белгілі ақындар мен жазушылардың үздік шығармаларын дәріптей отырып, жас оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту. Бұл жұмыс қазірдің өзінде алғашқы нәтижелерін бере бастады. Мысалы, осы жоба аясында бүгінге дейін ЖОО мен мектептертерде Ақберен Елгезек, Бақыт Беделхан, Мұратқан Шоқан, Маралтай Райымбекұлы, Есей Жеңісұлымен кездесулер өткіздік. Ол оқырмандардың ізденушілік, кітапқа, өнерге, әдебиетке деген қызығушылығын арттырады. Алдағы уақытта осы бағытта бірнеше жерде кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал «Үш бәйтерек» шығармашылық кешіне келер болсақ, Алматы қаласындағы айтулы мәдени шараға айналғалы тұр, деген болатын ұйымдастырушы маман әңгіме арасында.

Бұл ретте, Ілиястанушы, ғалым Қажет Андастан да бәйтеректердің бірі туралы сұрағанымызда, «Ілияс тек қаламгер ғана емес. Ол сан қырлы адам. Оның жазбаған тақырыбы жоқ. тіршілігінде барлық қоғамдық, саяси, әлеуметтік мәселелерге белсенді араласқан азамат. Сол қызметтегі Ілиястың орны, ролі, беделі, ықпалы, тағы да басқа азаматтық болмысын баспа сөздердегі публицистикалық еңбектері мен архив материалдарындағы баяндамалар арқылы анықтауға болады. Ілиястың ақындығы әлде қашан дәлелденіп үлгерді. Оған ешкім көлеңке түсіре алмайды. Бірақ, Ілиястың қоғамдық қызметтегі салмағы мен журналистік тұлғасын салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, ақындығынан әлді қайда биік тұрады. Ілиясты журналист ретінде қарастыру оның азаматтық өмірдегі ролін қалыңдата түседі деген ұстанымдағы адаммын.

Өкінерлігі, осы күнге дейін Ілиястың тұтқындалу себебі мен ақталу барысы басы ашылмай, толық зерттелмей келеді. Ілиясты Кеңес билігі қанша тез тұтқындап, ату жазасына бұйырғанмен, оның ақталу барысы оңай-оспақ болған жоқ. Қазірге дейін біздің қолымызда Ілиястың тұтқындалуы мен ақталуына қатысты азын-аулақ қана дәлелді құжаттар бар. Қолымызға тимеген дүниелер қанша ма? Өткен жылы Алматы облыстық ішкі істер басқармасының архивінен Ілияс Жансүгіровтың төлқұжат пен абақтыда түсірілген суреті табылды. Ол нақты айғақ ретінде дерек бергенімен, мәселенің мәнін ашуға жеткіліксіз. Осыдан-ақ, архивтерде біз көрмеген талай жазбалар мен айыптаулардың жатқаны белгілі. Бұл материалдық дәлелдер.

Сәкен, Бейімбет, Ілияс «Қосшы» ұйымындағы беделінен пайдалана отырып, публицистикалық шеберліктерімен халықты, әсіресе, ұйқыда жатқан қазақты оятуды мықтап қолға алған. Қазақта: «Елу жылда ел жаңа» деген нақыл бар. Яғни, 1991 жылы халқымыз мәңгілік егемендікке қол жеткізді. Осы тұрғыдан келгенде, оларға тағылған айыптаудың шындыққа сәйкес келетін тұстары бар, деді.

Ал, «Үш бәйтерек» деп аталатын үлкен шығармашылық кеш қазан айының тоғызында сағат 11:00-де Қазақстан Жазушылар Одағының концерт залында өтеді. Кеште Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шәкірттері аталған үштіктің шығармашылығы жөнінде театрландырылған көріністер қояды. Сондай-ақ, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстаздары мен шәкірттері дарабоздарымыздың әндерін шырқайды.

 

Ә. Назаралы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір