• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 10:56:09
Алматы
+35°

10 Қазан, 2019 NEWS

Нығматулин: " Мынау масқара! Министрліктің аппараты немен айналысады? "

Төменгі палата спикері білдей бір министрліктен концепция әзірлейтін мамандардың шықпағанына қынжылды

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларының бірыңғай кешенін жасау тұжырымдамасын әзірлеуге бюджеттен 100 миллион теңге сұраған мәдениет және спорт министрлігін қатаң сынға алды,–  деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды Sputnik-ке сілте жасап

Мәжілісте "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы қаралды.

Депутат Бейбіт Мамыраевтың айтуынша, құжатта Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының бірыңғай кешендерін жасау тұжырымдамасын әзірлеуге арналған шығыстар 100 миллион теңгеге ұлғайтылған. Мәжілісмендер бұл бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау деп санайды.

"Біздің ойымызша, Қазақстаның тарихи-мәдени мұрасының бірыңғай кешендерін жасау қазіргі тарихи-мәдени мұра объектілерін бірыңғай базаға жинақтауды білдіреді. Бұл жайлы ақпарат интернетте жетіп артылады. Оларды тек сапалы жүйелеу керек. Осыған шын мәнінде 100 миллион теңге керек пе? Жыл соңы да тақап қалды, әлі конкурс өткізіп, бұл жұмысты орындау керек. Министрліктің бюджет шығыстарын оңтайландыруға осылай қарағаны бізге түсініксіз?", – деді Мамыраев.

Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы Елдос Рамазанов концепция төрт бағыттан тұратынын, тарихи ескерткіштер мен олардың инфрақұрылымын дамытудың бас жоспары екенін атап өтті.

Алайда, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Рамазановтың жауабына қанағаттанбады. Спикер білдей бір министрліктен тұжырымдаманы әзірлейтін топтың шықпағанына қынжылды.

"Мекемеге жұмысқа тұрарда, түйіндеме жазған кезде масқара енді. Төрт-бес дипломдарыңыз бар, бірнеше жерден тағылымдамадан өткен. Ал жауап берген кезде "орташамын" дейсіздер. Менің білуімше, мәдениет министрлігінің аппаратында 300-дей адам қызмет етеді. Бұдан бөлек, мұражайлар, мәдени орталықтар бар. Олардың барлығында қаншама маман жұмыс істейді. Осылардың ішінен бағдарлама емес, концепция жасайтын бір топ шықпаса, онда осынша қызметкерлер не үшін керек? Не үшін оларды ұстаймыз?", – деп ашуланды Нығматулин.

Спикердің сөзіне сенсек, министрлік 100 миллион теңгені концепция әзірлейтін топты жалдау үшін сұраған екен.

"Олар бізге жазып береді дейді. Мынау масқара ғой. Сонда министрліктің аппараты немен айналысады? Біздегі барлық мемлекеттік органда осындай. 100 миллионға жекеменшік компанияны жалдайсыңдар. Содан кейін олардың жазғанын үкімет пен парламентте таныстырып, өз еңбектерің сияқты мақтанасыңдар. Мемлекет неге артық ақша жұмсауы керек?! Мен осыны түсінбеймін", – деді мәжіліс төрағасы.

Оның айтуынша, мемлекеттің ақшасына нарықтағы компанияны жалдап, жаздыра салу –  ең оңай жол.

"Құдай біледі, олардың не жазатынын?!.. Біз мемлекеттің ақшасын оңды-солды шашпай, тиімді жұмсау керек деп санаймыз. Оны әр министр, мемлекеттік органның басшысы біліп жүруі керек. Жұмыс істегенде осыны естен шығармайық", – деп түйіндеді сөзін Нығматулин.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір