• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Мамыр, 11:40:34
Алматы
+35°

Қисынға келмейтін тұстары көп болғандықтан бекітілген әліпбидің соңғы нұсқасы да халық арасында және ғылыми ортада қолдау таппады. Әліпбидегі кемшіліктер емле ережелеріне де салқынын тигізіп отырғанын көпшілік байқап отыр.

Қазіргі таңда тіл мамандары арасында өткен ғасырдың бірінші жартысындағыдай /и/ және /у/ әріптерінің дыбысын біріктіріп жазу немесе екі таңбаға ажыратып жазу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Екі тараптың да өзіндік дәлелдері мен уәждері бар. Бекітілген әліпбиге өзгеріс енгізбес бұрын, алдымен осы екі әріптің дыбысын біріктіріп не ажыратып жазу мәселесі түбегейлі шешімін тапқаны жөн. Онсыз әліпби мәселесі де, емле ережелері де Дайрабайдың көк сиырының күйін кешпек. Өйткені бұл екі әріптің дыбыстарын біріктіріп жазуға негізделген әліпби, оларды ажыратып жазуға негізделген әліпбиден өзгеше болуы тиіс.

Кезінде Ж.Аймауытұлы жазудағы қаздай тізілген у-ларды ұнатпағандықтан [ұу] дыбыс тіркесін біріктіріп жазуды ұсынған болатын. Өйткені араб графикасында (төте жазуда) [ұ] және [ў] дыбыстарының тірек әрпіне /و/ таңбасынан өзге таңба беру мүмкін емес болатын, яғни [ұ] дыбысының таңбасы / ۇ/, ал [ў] дыбысының таңбасы /ﯟ/ болатын. Сонда Ж.Аймауытұлы мысалға келтірген сұу, бұу, құу, тұу сөздері төте жазуда /ﺳﯘﯟ/, /بوُﯟ/, /قوﯟ/, /توُﯟ/, ал жұуұу, тұуұу, құуұу сөздері /جوُﯟوُﯟ/, /توُﯟوُﯟ/, /قوُﯟوُﯟ/ болып жазылмақ болатын. Төте жазуда, расында да, қаздай тізілген /و/-лар көзге оғаш көрінді. Ж.Аймауытұлы [ұу] дыбыс тіркесін біріктіріп жазуға амалсыздан барған еді, яғни қисыны бар еді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, бұл дыбыс тіркестің әрқайсысына, яғни дауысты [ұ] мен дауыссыз [у] дыбыстарына бөлек-бөлек әртүрлі тірек таңба беруге араб графикасының мүмкіндігі болмады (Ал бекітілген әліпбимен жазылған кейбір сөздерде ұқсас әріптер қисынсыз тізіліп отыр).

Латын графикасындағы бекітілген қазіргі қазақ әліпби и мен у-ды (яғни [ый], [ій], [ұу], [үу], [ыу], [іу] дыбыс тіркестерін) біріктіріп жазуды қолдайтындарға да, ажыратып жазуды қолдайтындарға да қолайсыз болып отыр.

Аталған екі әріптің дыбыстарын БІРІКТІРІП ЖАЗУДЫ ҚОЛДАЙТЫНДАР үшін қолайсыздығы:

Әліпбиде ы мен у-ға әртүрлі тірек әріп беру мүмкіндігі бола тұра, бұл екеуіне бір ғана игректі (Yy) тірек ету арқылы /у/ мен /ы/ әріптері қатар келетін сууы-sýýy, жууы-jýýy, қууы-qýýy, тууы-týýy, жаууы-jaýýy секілді сөздерде игректер қисынсыз қаздай тізіліп тұр. Сол сияқты латын графикасында и, й, і-лерді әртүрлі таңбамен беру мүмкіндігі бола тұра, бұлардың дыбыстарына бір ғана айды (Іі) тірек әріп ету арқылы /и/ мен /і/ және /й/ мен /і/ әріптері қатар келетін иі – ıi, жиі-жиі – jıi-jıi, иіл – ıil, иін – ıin, иіс – ıis, биі – bıi, жиілігі – jıiligi, иірім – ıirim, иіліс – ıilisi, күйім - kúıim (ИІ – II, ЖИІ-ЖИІ – JII-JII, ИІЛ – IIL, ИІН – IIN, ИІС – IIS, БИІ – BII, ЖИІЛІГІ – JIILIGI, ИІРІМ – IIRIM, ИІЛІС – IILIS, КҮЙІМ - KÚIIM) секілді сөздерде ай әрпі қисынсыз тізіліп тұр.

Ал и мен у-дың дыбыстарын АЖЫРАТЫП ЖАЗУДЫ ҚОЛДАЙТЫНДАР үшін қолайсыздығы:

Киім, тиін, биі, иі, жиі-жиі секілді сөздердегі /и/  әрпінің дыбысын ажыратып жазар болсақ, бұл сөздер кійім – kiıim, тійін – tiıin, бійі – biıi, ійі – iıi, жійі-жійі – jiıi-jiıi, ал үлкен әріптермен КІЙІМ – KIIIM, ТІЙІН – TIIIN, БІЙІ – BIII, ІЙІ – III, ЖІЙІ-ЖІЙІ – JIII-JIII деп жазылып, онсыз да қисынсыз тізіліп тұрған ай әріптеріне қосымша айлар қосып аламыз. Ал баруы, жаууы, тууы секілді сөздердегі /у/  әрпінің дыбысын ажыратып жазар болсақ, барыуы – baryýy, жауыуы –  jaýyýy, туыуыуtuýyýy деп, онсыз да қаздай тізілген қисынсыз игректерге қосымша игректер қосып аламыз.

Демек бұл әліпбимен и мен у-дың дыбыстарын біріктіріп жазғанның өзінде жоғарыдағы сөздердегідей қисынсыз игректер мен ай әріптерін қатар-қатар қаздай тіземіз, ал ажыратып жазар болсақ онсыз да қатар тұрған қисынсыз айларға қосымша айларды, қаздай тізілген қисынсыз игректерге қосымша игректерді тағы да қосып алатын боламыз.

Сондықтан да әліпби өзгеретін болып, и мен у-дың дыбыстары АЖЫРАТЫЛЫП жазу мақұлданған жағдайда, қазақ сөздерінде қатар келмейтін [ұ], [ү] дыбыстарының тірек таңбаларын біріне диакритикалық таңба қою арқылы ұқсас етіп алуды, дауыссыз [ў] дыбысы дауысты [ұ], [ү] дыбыстарымен қатар келетіндіктен бұл дыбысқа, яғни дауыссыз [ў] дыбысына таңбасы [ұ], [ү] дыбыстарының таңбасына ұқсамайтын таңбаны тірек етіп алуды ұсынамыз. Сонда баруы, жаууы, тууы сөздеріндегі у-дың дыбысын ажыратып жазар болсақ, барыуы – barıwı, жауыуы –  jawıwı, туыуыу – tuwıwı секілді жазылып, ешқандай да ұқсас таңба қаздай тізілмес еді. Сол сияқты қазақ сөздерінде қатар келмейтін [ы], [і] дыбыстарының тірек таңбаларын ұқсас етіп алуды, дауыссыз [й] дыбысы дауысты [ы], [і] дыбыстарымен қатар келетіндіктен бұл дыбысқа таңбасы [ы], [і] дыбыстарының таңбасына ұқсамайтын таңбаны тірек етіп алуды ұсынамыз. Сонда киім, тиін, биі, иі, жиі-жиі сөздері кійімkiyim, тійінtiyin, бійіbiyi, ійіiyi, жійі-жійіjiyi-jiyi болып, ешқандай да ұқсас таңба қатарынан тізілмес еді. Яғни қаздай тізілген игректер мен қатар-қатар айлардан құтылар едік.

Ал и мен у-дың дыбыстары (осы қалпында) БІРІКТІРІЛІП жазу мақұлданған жағдайда, жоғарыдағы нұсқадағыдай [ұ], [ү] дыбыстарының тірек таңбаларын және [ы], [і] дыбыстарының тірек таңбаларын жіңішке не жуан сыңарларының біріне диакритикалық таңба қою арқылы біріне бірін ұқсас таңбамен қалдыруды, сонымен бірге қазақ сөздерінде и мен й әріптері қатар келетін (байиды, кейиді секілді) сөздер кездесетіндіктен және (биі сөзіндегідей) /и/, /і/ әріптері, (үйі) сөзіндегідей /й/, /і/ әріптері қатар келетін сөздердің қатары көп болғандықтан /і/, /и/, /й/ әріптері латын графикасына біріне бірі ұқсамайтын таңбалар арқылы көшуі тиіс.

Сонымен қатар тілімізде (туы, тауық сөздеріндегідей) /у/ мен /ы/ әріптері қатар келетін сөздер көп болғандықтан, /у/ мен /ы/ әріптері латын графикасында біріне бірі ұқсамайтын таңбада болғаны жөн.

Егер де бекітілген әліпбиге өзгеріс енетін болып, осы ұсыныстар ескеріліп жатса, қисынсыз тізілетін ұқсас таңбалардан бір жолата құтылар едік.

Қалдыбай Арыстанбекұлы ҚЫДЫРБАЕВ

Нұр-Мүбарак университетінің доценті, PhD

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір