20 Қыркүйек, 2019 NEWS
20 қыркүйек күні Атырауда «Іскер ана» жобасының І грант конкурсының иегерлері кәсіптік құралдармен марапатталды, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Іскер ана» жобасының І грант конкурсына қатысуға 15 шілде мен 25 тамыз аралығында арнайы білім алған 250 анаға мүмкіндік берілген болатын. Олардың 78-і электронды өтініш тастаған аналар. Солардың арасында 46-сына комиссия шешімімен кәсіпке қажетті құралдар берілді. Марапаттауға арнайы қатысқан Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, жобаның үздік қатысушыларына жыл қорытындысында ынталандыру шараларын өткізу жоспарлануда.
– Бағдарламаның шарттары бойынша оқып бітірген әйел адамдардың ішінен кәсіпкерлікті бастауға ниет білдірген, арнайы бизнес-жоспарын жасаған әйел адамдарға заттай оқыған мамандығы бойынша гранттар берілу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша 110 әйел адам осындай грантқа ие болып отыр. Жоба жүргізілмес бұрын біз зерттеу жұмысын жасаған болатынбыз. Нәтижесінде үйде отырған әйел адамдардың ғаламторды пайдалану арқылы өз кәсібімен айналысуына жағдай жасау жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, осы уақытқа дейін «аспаздық» мамандығын бітіріп, кондитерлік өнімдерін түрлі сауда платформалары арқылы сатып, қаражат тауып отырған әйел адамдар бар, – дейді Жасұлан Бисембиев.
Айта кетейік, «Іскер ана» жобасы барысында қатысушылар 10 мамандық бойынша оқу курстарынан өтті. Екі апталық мерзімді курста аналар маман-тренерлерден кәсіпкерлік, психологиялық, маркетинг бағыттары бойынша дәріс алды.
Бүгін марапатталғандар қатарында «аспазшы» мамандығы бойынша – 5, «визаж» мамандығы бойынша – 10, «массаж» мамандығы бойынша – 7, «маникюр» мамандығы бойынша – 5, «тігінші» мамандығы бойынша – 11, «шаштараз» мамандығы бойынша 8 ана бар.
– Жасым 26-да. Индер ауданы, Бөдене ауылының тұрғынымын. Осы жобаға жалғызбасты ана ретінде қатыстым. Алдағы уақытта кәсіпкерлікпен айналысамын деген жоспарым бар. Өзім секілді басқа да аналарға «Іскер ана» жобасына қатысуға кеңес берем. Осындай мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар дегім келеді, – дейді грант иегері Айдана Темірғалиева.
Еске сала кетейік, жобаға облыс бойынша барлығы 615 адам қамтылған. Оның 280-ге жуығы аудандардан қатысушы көп балалы, жалғызбасты, мүгедек бала өсіріп отырған, әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын аналар.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір