• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 12:41:49
Алматы
+35°

21 Тамыз, 2019 Ғылым-білім

"Әліппе" қайтып келсе, қандай қаріппен шығуы керек?

Білім министрі Асхат Аймағамбетов әліппенің оқу бағдарламасына қайта енгізілетінін мәлімдеген еді

Қазақстанның мектеп бағдарламасына екі жылдан кейін қайта оралғалы жатқан әліппе Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде оқытылады дейді. Дегенмен, бұл мәселеге қатысты ғалымдар тарапынан бірқатар сұрақтар бар деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Министрдің мәлімдемесі қандай?

Тамыз конференциясында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептің оқу бағдарламасына әліппенің қайта енгізілетінін мәлімдеді.

"Ұстаздар мен ата-аналар көптен әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл мәселе өте маңызды. Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізілетін болады", - деді Аймағамбетов.

Министр "ойдан ештеңе құрастырудың қажеті жоқ" деген пікірін де жеткізді. Себебі бізде қазақ тіліне бейімделген әдістеме бар. Ол - Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі. Әліппе соның негізінде жасалады.

Сонда әліппе қалай өзгереді?

Тамыз конференциясынан кейін өткен баспасөз мәслихатында министр мырза жаңа оқулықта бірқатар өзгерістің болатынын да айтып қалды.

"Біз егемен елде тұрып жатырмыз. Сондықтан ішкі құрылымы қазіргі заманға қарай өзгертілетін болады. Бірақ қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленуі керек", - дейді Аймағамбетов.

Ғалымдарды дәл осы өзгеріс мәселесі алаңдатып отыр. Профессор Айгүл Смақованың айтуынша, министр жақсы жаңалықты жарияласа да, оған қатысты негізгі мәселелерді ашық айтқан жоқ.

"Министр әліппе Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде қайтып келеді деді. Ал әліппе латын нұсқасында бола ма? Қазіргі біз сөйлеп жүрген кирилл нұсқасында бола ма? Себебі Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі төте жазудағы әліппе. Біз ондай жазуды қолданып жүрген жоқпыз. Міне, бұл мәселе ашық қалды. Сондықтан халыққа осыны түсіндіру керек", - деді Смақова.

Ғалымның айтуынша, бүгінде латын графикасына көшуге қатысты нақты жоспар бар. Алайда әліппенің латын нұсқасы бекітілмеген.

"Меніңше, әліппе қазіргі кирилл қарпімен шығуы керек. Себебі бүгінде біздің тіл ғалымдары ұсынып жатқан латын нұсқасы шикілеу. Сондықтан балалардың миын ашытпай, әліппені алдымен өзіміз үйренген нұсқада енгізген дұрыс. Артынша латын әліпбиі талқылаудан өтіп, бекітілгеннен кейін көшуге оңай болады", - деп атап көрсетті Смақова.



"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір