• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 03:50:43
Алматы
+35°

24 Шілде, 2019 Барлық аймақтар

"Астана" қаржы орталығының болашағы кемел

Қаржы орталығы ел имиджіне оң әсер етіп қана қоймай, көл-көсір пайдаға да кенелтеді деп күтілуде.

Бюрократтық шығынсыз экономикаға қадам басу. Бұл – "Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол" атты бағдарламалық мақаладағы басым бағыттың бірі. Индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша жаңғыртулар кешенін біріктіруші үлкен тарау. Бағыттың басты темірқазықтарының қатарындағы "Астана" халықаралық қаржы орталығының құрылуы ел тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі.

Бұл жөнінде Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Жолдауында да айтады:

"Инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруы және қор нарығының дамуы маңызды болып саналады. Бұл – жұмысын бастаған "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) негізгі міндеттерінің бірі. Ол халықаралық озық тәжірибені пайдаланып, ағылшын құқығы мен заманауи қаржы технологияларын қолданатын өңірлік хабқа айналуы тиіс". 

Сондай-ақ Елбасы "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 70 - қадамында Астана халықаралық қаржы орталығын құру қажеттілігін атап көрсеткен және қаржы орталығының ерекше мәртебесін Ата Заңда бекіту қажеттілігіне тоқталған. Орталықтың атап айтқанда, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Батыс пен Орталық Азия аймағындағы мемлекеттер үшін қаржы хабы ретінде қалыптасатынын айтқаны белгілі. Сонымен қатар, 100 нақты қадам Ұлт жоспарының 70 - қадамында атап көрсетілгендей, Астана халықаралық қаржы орталығы әлемнің алдыңғы қатарлы 20 қаржы орталығының қатарына енетіндігі нақты айтылған.

Айта кету керек, жұмысын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастаған орталық тәуелсіз қаржылық сот пен ағылшын құқығы қағидаттарына және жеңілдетілген салық режиміне сәйкес құрылған болатын. Ғимараты ЭКСПО көрмесі өткен аумақта орналасқан. Басшысы – Қайрат Келімбетов. Бұл күндері "Nasdaq" және Шанхай сынды жаһандық қос бірдей қаржы биржасымен байланыс орнатқан. Шанхай биржасы елордалық қаржы орталығы акцияларының 25 пайыз үлесіне ие.

Аталған орталық  құнды қағаздар секторына соны серпін беріп, қор биржасының жұмысын дөңгелетеді деп күтілуде. Оның жұмысын жүйелеуде әлемдік үздік тәжірибелер сүзгіленіп, таңдау Дубай үлгісіне түсті. Ресми тілі – ағылшын. Әлемге мәжһүр батыстағы Лондон мен Нью-Йорк, шығыстағы Гонконг пен Сингапур қаржы биржаларындағыдай жұмысы ағылшын құқығына негізделген. Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитет (AFSA) орталықтың реттеуші органы болып танылды. Оның директорлар кеңесінің құрамына Дубай, Аустралия, Ұлыбритания, АҚШ қаржы орталықтарының сарапшылары енген.

Бүгінде бекітілген жол картасы негізінде әлемнің ірі биржалары орналасқан шаһарлармен тікелей әуе байланыстары орнатылуда. Жуырда Елорда күні қарсаңында Нұр-Сұлтан – Токио әуебағыты ашылды. Енді Қазақстан мен Жапония арасында ұшақтар тұрақты түрде қатынайтын болады. Сондай-ақ шетелдік қызметкерлерге виза алу тәртібі жеңілдетілген. Оларға 5 жылға дейінгі ұзақ мерзімді виза беріледі. Басқа мемлекеттердің азаматтары отыз күнге дейін визасыз жүре алады. Қаржы биржасының органдары, қызметкерлерінің қатысуымен туған қандай да бір дау айрықша құзіретті соттың қарауындағы мәселе.

Қаржы орталығының жұмысы жалқы терезе қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Орталық жұмысына қатысушыларды қолдау мақсатында оларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, қаржы биржасының органдары 2066 жылға дейін корпоративтік табыс, мүлік, жер салықтарын төлеуден босатылған. Ал қызметкерлер табыс салығын төлемейді.

"Астана" халықаралық қаржы орталығының межелеген мақсаты асқақ. Жақын болашақта әлемнің үздік 20 орталығы сапына кіру көзделуде. Қаржы орталығы ел имиджіне оң әсер етіп қана қоймай, көл-көсір пайдаға да кенелтеді деп күтілуде. Үкіметтің болжауынша, қаржы институты 2025 жылға қарай ел қазынасына 40 млрд долларға дейін табыс әкелуі мүмкін.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір