• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 10:07:56
Алматы
+35°

Маңғыстауда ауқымды арнайы операция өтті! Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі бірлесе өткізген шараның нәтижесінде 4 бірдей қылмыстық топтың жолы кесілді. Қылмыстық істе атыс қарулары мен оқ-дәрі, сондай-ақ, есірткі сақтау, адам өлтіруге оқталу, бопсалау, тағысын тағылар қарастырылған. Тергеу орындарына жеткізілген топ мүшелері осындай ауыр қылмыстар бойынша күдікті болып отыр деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Таңғы алагеуім. Бірақ арнайы жасақ жігіттерінде тыным жоқ. Сауыт-сайманын киініп, қару-жарағын асынып, шұғыл мәселемен аттанып барады.

Бес қару бойда, жігіттер сақадай сай. Әскери көлігіне қарай асыққан жігіттердің мақсаты бір. Маңғыстау облысы аумағында жүргізілетін ауқымды операцияны жүзеге асыру. Шымкентттегі сыра зауытының иесі болған, әйгілі Тоқтар Төлешевтің ісі мен бірнеше жыл бұрынғы Ақтөбеде болған діни экстремистерді құрықтау елді елең еткізген маңызды оқиға болса, операцияның ауқымы жөнінен бүгінгі шара олардан әлдеқайда асып түсті. Бір уақытта 30-дан астам жерде тексеру шаралары өтпек. Лек-легімен ағылған мына автобустар соған бағыт алған арнайы жасақ өкілдері.

Дәл қазір арнайы жасақ жігіттері аса маңызды тапсырманы орындауға тас-түйін, жолға шығып бара жатқан  сәт. Менің үстімде жалпы салмағы он келіге жететін темір қалқан, басымдағы каскаға оқ өтпейді. Оқиғаның басы-қасында жүрген журналистердің қауіпсіздігі де жіті ескерілген.

Көлемді операцияға қатысуға телеарна тілшілері мүмкіндік алып, көп ұзамай оқиға орнына жетті. Ойланарға уақыт жоқ. Жігіттер іске кірісуге дайын екендіктерін айтқаны сол еді, бұйрық та беріле қалды.

- Тиісті орынға келдік. Ары қарай бұйрықты күтеміз.

- Тыңдаңыздар. Шығамыз, шығамыз. Алға, жігіттер!

Қаланың қақ ортасындағы мына үйдің алды тым-тырыс. Мүлгіген тыныштықтың ортасында қару асынған Ұлттық ұлан жасағы алдымен есік-терезенің маңын торуылға алды. Көздеген пәтер бірінші қабатта. Мұздай қаруланған жігіттер басып кіруге дайын.

Жаңа ғана таң атқан шақ. Жұрт әлі шырт ұйқыда жатыр. Ал күдіктілер орналасқан пәтер тұрғыны есігін ашар емес. Арнайы жасақ әзірге есік алдын күзетіп тұр. Бірдеңе болса, лап беріп ішке кіруге дайын. Әзірге келіссөздер жүргізіліп жатыр. Болмайтын болса, бұзып кіруі мүмкін.

Іштегілер ақыры есік ашпады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің жедел қимылының арқасында пәтер есігін сындырып кіруге сот санкциясы дайын болды. Бәрінің де күткені осы сәт еді. Апыр-топыр басталды да кетті.

Тілші: Екі бөлмелі пәтерді жалдап жатқан соқталдай 5 жігіт былайғы адамға бейкүнә көрінер. Бірақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің оларды аңдып жүргеніне біраз уақыт болған. Қолға түсірудің сәті бүгін түскендей.

-Фамилия?

-Нұрмаханов.

-Қайдан келдің? 

-Өзеннен қыдырып келдім.

Қыдырып жүрген жігіттердің шын мәнінде немен айналысқанын тергеу анықтап беретін күн де алыс емес. Ал қала маңындағы мына үйдің ауласы енді болмағанда қару-жарақ қоймасына айналып кетер ме еді?! Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аңдуына түскенін мұндағы жігіттер де білмесе керек. Ауласынан табылған екі шолақ мылтық, бір тапанша мен атыс оқтары тап осы үйдің бейбіт тіршілігіне керегі шамалы. Араларында полиция қолынан сытылып кеткісі келгендер де табылды. Күтпеген қонақтар мына жігіттің зәресін алғаны болар, қолына терезе тұсынан кісен салынды.

-Қашып кетпек болдың ба?  

-Жо-жоқ...

Бөлмесінен тапанша табылып жатқанда, оның қашпаймын дегеніне сену қиын. Ал мына жағдайда полиция жасағы үйге асқан сақтықпен кірді. Арнайы жасақ аулаға дыбыссыз кіріп, алдымен есіктің екі жағына орнығып алды. Сақтық керек. Темір есіктің арғы жағында оларды не күтіп тұрғаны бір Құдайға ғана аян. -

-Сәлеметсіз бе, бұл – полиция.

-Иә. 

-Есікті ашыңыз. Полиция, жат! Қолды артқа қой!

Осы күні полиция өкілдерің алдынан шыққан өңкей қару-жарақ сақтайтындар, қоныстанған пәтерін есірткі ордасына айналдырғандар, қару кезеніп, елді тонайтындар болды. Мына жердегілер есірткіні оңды-солды бұрқыратқанын дәлелдеудің өзі артық секілді.

-Неге арналған бөтелке? Ішінде тағы біреуі тұр ғой? 

-Білмедім оны. Білетін адам білмесе...

Маңғыстау облысы аумағында бұрын-соңды мұндай көлемді операцияның жүргізілгені есімізде жоқ. Осы жолы полицияның нысанасына іліккен 4 бірдей қылмыстық топтың жолы кесілді. Адамды өлтіру мақсатымен ұрлау, атыс қару-жарақтары мен есірткі сақтау, біреуді бопсалау - күдікке алынған әрекеттері адам шошырлық. Оның 20-дан астамы тергеу орындарына жеткізіліп, 16-сына қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды. Сондай-ақ, есірткі заттар мен үлкен көлемде қылмыстық атыс қарулары тәркіленді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір