• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 02:25:06
Алматы
+35°

22 Шілде, 2019 Аймақтар

«Көгілдір бұғазда» кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіріп жүргендер кім?  

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов мырза бұл мәселені жедел әрі сауатты шешеді деген ойдамыз.

 

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Туризм барлық дүние жүзілік экономиканың 10 пайызын құрайды. Бұл – өте үлкен көлем. Біз енді 2025 жылға дейін экономикамыздың  8 пайызын туризмнен аламыз деп отырмыз. Ол үшін өте көп жұмыс істеу керек. Бұл жерде Ұлы даланың мүмкіндігі зор. Ұлан-ғайыр атырап – тұнған тарих. Мәселе оған турист тартып,  пайда көру қажет» деп атап көрсеткені белгілі. Расында да, елімізде көркіне көз тоятын жерлер өте көп. Табиғатымен таң-тамаша қалдыратын аймақтардың айрықша көрінісі өзімізді ғана емес, сырттан келетін туристерді де  ерекше сезімге бөлеуде. Сондай табиғаты керемет ғажайып өңірдің бірі – Шығыс Қазақстан облысы. Ақиқатында Өскеменді, Алтай аймағын жалпы Қазақстанның інжу маржаны деп бекер айтпаған.  Сондықтан да бұл өңірде қазіргі уақытта туризм саласы айтарлықтай дамуда. 9 маусым күні ел таңдауын жасап, халық сайлаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев та елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға, оның ішінде туризм саласында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерді қолдау қажеттігі туралы айтты. Демек, туризм саласын дамытуға мемлекет айрықша қамқорлығын көрсетіп отыр. Аймақ басшысы Даниал  Кенжетайұлы Ахметов те облыста туризм саласының көркеюіне барынша қолдау көрсетуде.
Ал жергілікті халық Шығыс Қазақстанның туризм саласында өз кәсібін жандандырып жүрген Кульжиян Әбтайқызы Уразбаеваның есімін өте жақсы біледі. Өңірге  ерте танылған кәсіпкер жылдар бойы инвестиция салып, қирап қалған ғимараттарды қайтадан тұрғызды. Іске қосты. Осыдан біраз жыл бұрын Бұқтырма су қоймасындағы «Көгілдір бұғазда» балалардың «Балақай» балалар сауықтыру лагерін іске қосты. Жыл сайын қазір мұнда 2,5 мыңнан 4 мыңға дейін балалар республиканың түкпір-түкпірінен келіп, демалып қайтады. Кәсіпкер жаңадан жұмыс орындарын ашты.  Бүгінгі таңда Кульжиян Әбтайқызы халыққа 370 -ге жуық жұмыс орнын беріп отыр. Қазақстанның түкпір-түкпіріне келген балалар жаз мезгілінде достар тауып, осында аунап -қунап, жазды көңілді өткізіп қайтады. «Көгілдір бұғазда» балаларға барлық жағдай жасалған. Ойын алаңдары көп. Тәлімгерлер жан-жақтан келген балаларға  бас-көз болады. Лагерь арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Демалысқа келген мектеп жасындағы оқушылар керемет достар тауып қайтады. Таңертеңгілік жаттығу сабағы жүреді,  тамақ уақытылы беріледі және балаларға арналған  әртүрлі үйірмелер жұмыс істейді. Мұндағы спорт үйірмелері оқушылардың қызығушылығын оятады, арнайы спорт жарыстары жиі өткізіліп тұрады.

Биыл Кульжиян  Уразбаева жеке кәсіпкер ретінде жылдар бойы қирап, жөндеу көрмей жатқан балабақшаны сатып алып, күрделі жөндеуден өткізді. Ыстық сумен қамтамасыз етті. Барлық инфрақұрылымын қайтадан жасады. Бұл жолда Кульжиян Әбтайқызының жолын ұлы Асқар одан ары жалғастыруда. Асқар төрт тіл біледі. Қытайда оқып, бизнестің қыр-сырын меңгерген жас өзінің бар тәжірибесін жергілікті жерде жүзеге асыруда. Асқар Қайратұлы таудың басында жастардың суретке түсіп, қыдыратын, табиғатты тамашалайтын  селфи –алаңын ашты. Осы алаңға шыққанда, «Көгілдір бұғаздың» әсем табиғаты көз алдыңда айнадай көрініп тұрады. Бұл жердің ауасы таза. Мұнда келгендер иондық ауамен терең тыныс алады. Бұл өкпеге өте пайдалы. «Көгілдір бұғазға» Қазақстаннан ғана емес, Ресейден де келіп, демалып, сергіп қайтатындар өте көп. Барлығы да алғыс сезімін білдіреді, рахметін айтады.

Кульжиян Әбтайқызының алдағы жоспары өте қомақты. Биылғы жылдың өзінде кәсіпкер келіншек  жағалауға туристер демалатын  бес үй салды. Бәрі де ағаштан жасалған. Алдағы уақытта осындай қырық шақты үйді пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бұл экологиялық жағынан өте таза. Сонымен қатар кәсіпкер алдағы уақытта «Көгілдір бұғаздың» инфрақұрылымын дамыту бағытында кешенді бағдарлама жасауды қолға алды.  Аталған бағдарлама әр кезеңге бөлінген. Бірінші жылы қонақ үй бизнесін дамытса, екінші кезеңде ғимараттар салады немесе оны қайта жөндеуден өткізеді, асхана қызметін жақсартуды қолға алады. Сондай-ақ велосипед жолын салып, тағы басқа жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Мұнда кәсіпкер ескі кәріздердің барлығын қайтадан ауыстырып, өз қаржысына салған. Балалалрға барлық қолайлы жағдай жасалған. Қаладан арнайы келген жұмысшылар балалардың лагерін қоршап жатыр. Өйткені олардың қауіпсіздігі қашан да қымбат. 

Балалардың «Балақай» ойын-сауықтыру балалар лагерінде төрт рет тамақ беріледі. Мұнда арнайы күзет бөлімі жұмыс істейді, күзет бөлімінің өкілдері балалардың еркін ойнап, жүріп-тұруын бақылайды, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Бірақ бүгінгі күнде балаларға барлық жағдай жасалып отырған шақта «Балақай» орналасқан аумаққа біреулердің көзі түсіп отырған сияқты.  Қысқасы, кәсіпкердің жұмысына кедергісін келтіретіндер табылуда. Бұл мәселеге Алтай аудандық әкімшілігінің көз жұма қарап отырғаны түсініксіз. Кейінгі кезде әрнәрсені желеу етіп, жөнсіз тексерулер де көбейген.  Бұл әрекеттер  Кульжиян Әбтайқызының  кәсібін дамытуға кедергі жасауда.

 – Қайта-қайта тексерулер жүріп жатыр. Ештеңе таппады. Дегенмен осындай жөнсіз тексерулер жұмыстың дамуына үлкен кедергісін келтіруде. Бұл мәселені аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы Ахметов назарға алып, қолдау көрсетеді деп сенеміз , –дейді осындағы балаларға қамқор болып жүрген ұстаздар мен тәлімгерлер.

Расында да жыл сайын бюджетке қомақты қаржы төлеп отырған кәсіпкердің айтқанында ақиқат бар. Бір ғана мысал, 2018 жылы кәсіпкер қазынаға 12 миллион теңге көлемінде салық төледі. Жыл сайынғы бюджетке құйылатын мөлшер осындай. Бұл аз ақша емес. «Көгілдір бұғазда» 2009 жылы «Балақай» атты балалар лагерін ашып, оның деңгейін көтерген Кульжиян Әбтайқызы «Көгілдір бұғазға» Ресей облысынан да оқушылар демалуға көп келетінін айтады. Бұл бір. Екіншіден «Балақайда» Қазақстанда әлеуметтік жағынан аз қамтылған және жалғызбасты, сонымен қатар көпбалалы отбасының балалары жеңілдікпен демалып қайтады. Мұның барлығы оларға жасалынып отырған қамқорлық және қолдау. Бірақ  «Балақай» лагерінің территориясында өз кәсібін ашқысы келіп отырғандардың жайын қалай түсінуге болады? Бұған Алтай аудандық әкімшілігі қалай рұқсат беріп отыр? Аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлының кәсіпкерлікті қолдауының арқасында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, ойын-сауық лагерін «Көгілдір бұғазда» көркейтіп отырған кәсіпкердің жұмысына бұлай кедергі жасауға болмайды. Оның үстіне «Балақай» лагері балаларға арналған орын. Мұнда олар еркін ойнайды, бағдарламаларға қатысады. Әртүрлі жарыстар өткізіледі. Негізі жас балалар алаңында немесе  жағалауда үлкендерге арналған  демалатын орын  ашу тіпті қисынсыз.   Ең алдымен Кульжиян Әбтайқызы Уразбаева балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды.  Сондықтан балалар ойнайтын аймаққа үлкендерді кіргізуге болмайды және осы аймақта басқалай кәсіп көзін ашу тіпті заңсыз. Осыдан 5-6 жыл бұрын «балалар педофиліне қатысы бар»  деген күдікпен Ресейден келген азаматты күзет бөлімінің қызметкерлері кіре берісте ұстағаны белгілі. 2008 жылы «Көгілдір бұғаз» демалыс аймағында кісі өлімі болды. Сондықтан балалар  ойнайтын әрі демалатын аймаққа үлкендерді мүлдем кіргізуге болмайды. Өйткені жағалауда, арақ ішу, төбелес пен  әртүрлі оқыс, тосын оқиғалар орын алуы мүмкін. Ал  кәсіпкер  Кульжиян Уразбаеваға алдын ала  ескертілместен аудан әкімшілігінде қаралған сервитут жобасы ешқандай қисынға сай келмейді әрі бұл заңсыз екені айқын. «Балақайдың» жерін  бөгде мақсатқа пайдалануға болмайды. Сондықтан аймақта шағын және орта кәсіпке, туризм саласына айрықша қолдау көрсетіп отырған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов мырза бұл мәселені жедел әрі сауатты шешеді деген ойдамыз.

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір