• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:38:09
+35°

23 Шілде, 2019 Психология

Дәл қазіргі сәтте кімдерге ренжулісіз? Оларды кешіру туралы сәл де болса ойланып көрдіңіз бе? Иә, түк болмағандай кешіре салу оңай емес. Алайда белгілі психолог Марзия Бекайдар: «өкпелеткен адамдарды кешіріп үйреніңіз», деген кеңес береді. Не себепті? Оның қаншалықты маңыздылығы бар?

Өйткені...

Адамның бойындағы күдік пен үрей, өмірге деген көңіл толмаушылық көңілде жатқан өкпе-реніштен болатынын көпшілігіміз біле бермейміз. Әлем маған әділетсіз, мен жақсы адаммын, неге маған барлығы қарсы шығады деп жиі өкпелеп жататынымыз шындық. Біле білсеңіз, мұның барлығының өз себебі бар.

 қазақша психология Марзия Бекайдар

Оның ең басты себебінің бірі туған-туысқа деген реніш. Ондай реніштің салмағы ауыр екенін, әттең біле бермейміз! Біздің өмірімізге қаншалықты кері әсерін тигізетінін бағамдап жатпаймыз. Мысалы, әпкемізді, ағамызды, алыс-жақын туысымызды, бауырымызды, ата-анамыз, нағашымызды, жиеніміз, бөлеміз болсын, әйтеуір туыстық қатынасымыз бар адаммен мүлдем қарым-қатынасымызды үзіп, жүйемізден сызып тастауымыз мүмкін.

Жүйемізден сызып тастау дегеніміз не? Сызып тастау арқылы сіз мүлдем араласпай кетесіз, не болмаса оны байқамағандай өмір сүре бересіз. Міне, осы фактордың барлығы сіздің алдағы өміріңізге кері әсерін тигізеді. Сіз мейлі оған мән бермеңіз, алайда сол реніш алдыңыздан шыға беретін болады.

Кешірімді болыңыз

Егер сіздің өміріңізде солай ренжіп жүрген адамыңыз болса, кешіруге тырысыңыз. Иә, бастапқыда оңай болады деп айта алмаймын. Мүмкін, ол сізге ауыр сөз айтқан болар. Ауыр сөз айтқан адамды, қиянат жасаған адамды кешіре салу кімге болса да оңай емес екендігі анық. Сонда да бар күшіңізді бойыңызға жинап, алғашқы қадам жасауға дайын болыңыз. Мүмкін ол адаммен бұрынғыдай араласып кетпесеңіз де, ішіңізден «мен сені кешірдім, саған деген ешқандай ренішім жоқ», деп өзіңізді сендіріңіз. Содан кейін бойыңызда жеңілдеп, жүрегіңіз ауыр жүктен арылғандай болады.

Есіңізде болсын, ешкімге қасарыспаңыз, сіз біреуге қасарыссаңыз, өмір сізге қиндығын үйіп-төгіп береді. Кешіріңіз, түсініңіз. Бұл тек туыстарға ғана қатысты емес, өзіңіз ренжіген барша адамды кешіріп, жүрегіңізді түкке тұрмайтын ауырлықтан босатыңыз.

қазақша психология

Сізге бір құпияның сырын ашайын

Сіз біреуге ренжісеңіз немесе ренжітсеңіз өмірлік энергияңыздан арыласыз. Сол сияқты ата-анаға деген реніш біздің өмірімізді мүлдем қиындататынын білесіз бе?

Ата-ананы өмірімізден сызып тастау дегеніміз, өмірге еркін самғайтын қанатымыздан айырылғанмен тең. Оларға үнемі мін тағып, босқа қаралай беруге болмайды. Өйткені біздің өмірге қажетті энергиямыз бен өмірлік қайнар көзіміз сол ата-анамыздың бойында. Өйткені олар біздің өміріміздегі ең маңызды адамдар. Құранда анамыз жайлы үш рет айтылады, әкеміз жайында бір рет айтылады. Қандай жағдай болмасын, оларды ренжітуге, оларға ренжуге құқығымыз жоқ.

Жасырын емес, менің өзім анама 8 жыл ренжіп жүрдім. Алайда өз-өзіммен жұмыс істеп, анамнан кешірім сұрап, ара-қатынасымыз жақсара түскен уақытта күйеуімнің жұмысы жүріп, кәсібі дами бастады. Менің анама деген ренішімнің күйеуіме қандай қатысы бар деп, өзім таң қалдым. Бірақ жауабы анық еді. Менің өмірлік күшімнің қайнар-көзі анамда жатыр. Ал күйеуім энергияны әлбетте менен алады.

Кімде-кім туыстық қатынасты үзсе, одан Алла да қол үзеді

Реніштің бізге қалай әсер ететінін айттық. Ол біздің жолымызды байлайды. Өзіңіз үшін кешіруді үйреніңіз. Өсек, реніш, ашудан айырылсақ, біраз "энергиямыз" өзімізде қалады. Маған "ата-анама ренжідім, олар мені түсінбейді" деп мұңын шағып келетін қыздарды көргенде іштей мұңаямын. Бірақ алғашқы қадам жасау олар үшін өте ауыр. Олар болған жайтты қабылдай алмай жатады. Қабылдау әлбетте қиын. Мен оны түсінемін. Жүректі ашу да — Алладан.

Кімде-кім туыстық қатынасты үзсе, одан Алла да қол үзеді. Біздің құзыретімізде тек қана 3 күн ренжуге ғана құқығымыз бар. Ары қарай болған жайтты ой таразысынан өткізіп, түсінуге тырысыңыз. Ренішпен жұмыс жүргізе білу керек. Сөз жүзінде кешірдім десеңіз де, жүрегіңіз қабылдамайтын сәттер болады. Ондай кездерде әр түрлі тәсілдерді пайдалануға болады. Мысалы хат жазыңыз, 70 рет «мен сені кешірдім» деп жазып көріңіз, психологпен жұмыс істеңіз.

P.S. Туыстардан бөлек өміріңіздегі кездескен адамдарға да ренжуге болмайды! Дәл қазір кімге ренжулісіз? Қолыңызға ұялы телефоныңызды алыңыз, не болмаса үйіне арнайы барып кешірім сұраңыз. Сіз одан ұтылмайсыз, үлкен басыңыз кішіреймейді. Керісінше жаныңыз жадырап, ішкі дүниеңіз жеңілдейді, ауырлықтан босайсыз. Бұл 100 пайыз дәлелденген. Сеніңіз... Кешірімді болуға ниет етіңіз. Нәтижесін көргенде, осы айтқандарымның растығына көз жеткізесіз.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Оқи отырыңыз:

♦Марзия Бекайдар: Өмірде өз жолыңды табу үшін не істеу керек?

♦ Марзия Бекайдар: Қыздар тұрмысқа шығарда неден қателеседі?

♦ 3 психологиялық рөл: Әйелді қайсысы бақытты етеді?

♦ Марзия Бекайдар: 14 жасымнан әйел бақытының кілтін іздедім

 

Marzhan Sabet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір