• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 00:17:18
Алматы
+35°

21 Шілде, 2019 Саясат

Кредитті кешіру: Халықтың емес, банктің қалтасын толтырды!

Кредиттерді кешіру арқылы билік халыққа ғана емес, қорғаштай қорып, үнемі «сауықтырып», қаржылай көмегін аямай келе жатқан банктерге де жақсылық жасамақ.

 

Бұрнағы күні азаматтардың борыш жүктемесін азайтуға қатысты ҚР Үкіметінің қаулысы жарияланды. Бұл – мемлекет басшысының 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығын жүзеге асыру жолындағы кезекті процедура. Аталмыш көмек 500 мың адамды қамтымақ. Оның ішінде 250 мың адамның несиесі толықтай жабылады деп күтілуде. Бұрын соңды болмаған бастамаға бұқара «бәрекелді» деп-ақ жатыр. Бірақ. Иә бірақ бұл игі істің көлегейлі тұстары да жоқ емес. Мәселенің тәріс жағы дегенде көпшілік «кредит кешірілсе, ел жатыпішер жалқауға айналмай ма» деген пендешілікке көңіл бөліп жүр. Qamshy.kz ақпарат агенттігі оның саяси реңктеріне тоқталып көрмек.

Алдымен кредитті кешіру – биліктің компромистік қадамдарының бірі болғанын айта кеткен орынды болар. Жыл басындағы бес бүлдіршіннің қазасы жылдар бойы қордаланып келген мәселелердің бетін ашқаны көптің есінде. Артынша көпбалалы аналар бас көтеріп, нақты талап қойды. Үй беріңдер, жұмыс керек, қысқасы жағдайымызды түзеңдер, бізге де бір уақыт көңіл бөліңдер деді. Жоғарыдағылар халықтың бұл жолғы көңіл-күйін бағамдап, онымен санаспау мүмкін еместігін түсінді. Ұзамай атаулы әлеуметтік көмек тағайындап, жеңілдетілген баспана бағдарламасын қабылдауға мәжбүр болды. Президент сайлауы науқаны аясында өткен телевизиялық дебатта «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашов партия тарапынан парламент қабырғасында көпбалалы отбасыларды қолдауға арналған тұрғын-үй бағдарламасын ұсынғанда биліктің қабылдамай қойғанын айтқан болатын. Сондықтан бір кездері қажет деп таппаған биліктің бұл қадамы мәжбүрлік емей немене?!

Түсіне білгенге аналардың белсенділігі қоғамға ғана емес, қоғамдық санаға да біршама өзгеріс әкелді. Енді-енді аяққа тұрып келе жатқан азаматтық қоғамның іргесі қатая түсіп, халық қалың «ұйқыдан» ояна бастады. Бұл әсіресе президент сайлауында электораттың белсенділі, тәуелсіз бақылаушылардың көптігі, халықтың өзгеріске даярлығы негізінде ерекше көрініс берді. Бұны ақордадағы политтехнологтар да байқамай қоймады. Халықтың банк алдындағы берешегін азайту сол политтехнологтардың ойлап тапқан кезекті «туындысы» болса керек. Алысты ойлайтын олар алдағы парламент сайлауының қарсаңындағы қоғамдық көңіл-күйдің дұрыс болуын ойламады дейсіз бе?! Жоқ, әрине! Не дейміз, аса сәтті жүріс! Елдің саяси белсенділігін бәсеңдетіп, ықыласына бөлену үшін, биліктің рейтингін көтеруде 105 млрд теңгені құрбан етуге болады. Борыштық жүктемені азайтуға осынша сомадағы қаржы жұмсалмақ. Бұның 85,5 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, яғни халықтың ақшасынан, 17 млрд теңгесі Қаржы министрлігінің еншілес компаниясы – Проблемалық кредиттер қорының облигацияларын шығару арқылы алынбақ.

Кредиттерді кешіру арқылы билік халыққа ғана емес, қорғаштай қорып, үнемі «сауықтырып», қаржылай көмегін аямай келе жатқан банктерге де жақсылық жасамақ. Істің көлегейлі тұсы деп отырғанымыз осы. Бұл қаржылық ұйымдар үшін табыстың төте жолы. Банктер әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға несие беруде белгілі бір тәуекелге барады. Осы ретте мемлекет олардың қайтарылмай жатқан ақшаларын бір демде шоттарына аудара салмақ. Басыңды ауыртып, «қашан төлейсің?» деп әр клиетпен қырқысып жатуды қажеті жоқ. 250 мың адамның несиесінің жабылатыны банктердің 250 мың «қатерден» құтқарады деген сөз.

Айтпақшы, мемлекет банктер мен шағын қаржы ұйымдарына айыппұл мен өсімпұлдың 70 пайызын өздеріне төлетпек. Төлетпек болғанда, ауадан жасалған ғарыштық пайыздық өсімпұлдар алынып тасталады. Бары сол ғана. Банктер бұдан ешқандай шығын көрмейді. Керісінше, мемлекеттің айыппұл мен өсімпұлдың қалған 30 пайызын сатып алуынан пайда көреді. Осы жердегі жекеменшік қаржы секторының биліктің «өсімпұлды алып тастаңдар» дегеніне ың-шыңсыз келісуінде талай кінарат жатыр. Алдымен аңғартатыны – банктердің басыбайлығы. Дағдарысты желеу етіп «сауықтыру» аясында қазынадан миллиардтап қаржы алған соң бағынбай қайтсін. Екіншіден, банктер пайыздарының тым жоғарылығынан қоғамның өсімпұлдардың есептелу жүйесіне назар аударуына мүдделі емес. Сондықтан «ұрының арты қуыс» демекші, басы артық әңгімеден өздері әшкереленіп қалғысы келмейді.

Несиелік жүктемені жеңілдету бірнеше санаттан тұратын әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларды қамтитыны белгілі. Ал қай банк қанша алатыны әзірге бәймәлім. Не де болса, елдегі ірі банктердің иелері: Тимур Құлыбаев, Қайрат Сатыбалдыұлы, Вичеслав Ким, Болат Өтемұратов, Ғалымжан Есенов, Владислав Ли, Алиджан Ибрагимов сынды олигархтар мемлекеттің есебінен қалталарын бір қампитып алатыны анық.

Қамшыгер

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: кредитті кешіру

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір