• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 13:28:54
Алматы
+35°

19 Шілде, 2019 Аймақтар

Алматыда Денис Тенді еске алу шарасы өтті

Денис Тенді еске алуға қала тұрғындары, қоғам қайраткерлері, спорт шеберлері қатысты.

Бүгін Алматы қаласында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының белгілі еңбек сіңірген  спорт шебері Денис Тенді еске алу шарасы болды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Еске алу жиыны осыдан бір жыл бұрын Денис Тен қайтыс болған Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болды. Дәл осы жерде спорт шеберіне арналған ескерткіш орнатылған болатын. 

Денис Тен

"Құрметті қауым, бүгін біз еліміздің белгілі азаматы Денис Тенді еске алу рәсіміне жиналдық. Денис қамшының сабындай қысқа ғұмырында өшпес із қалдырып, өз есімін спорт тарихында алтын әріппен жазып кетті", - деді жиынға қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.

Қала әкімінің орынбасары Бабақұмаров

Денис Тенді еске алуға қала тұрғындары, қоғам қайраткерлері, спорт шеберлері қатысты.

"Денистің қандай адам болғанын айтып түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Өйткені Денистің қандай адам болғанын барлығы біледі. Егер оның қандай екенін ешкім білмесе, бір жыл бұрын Дениспен қоштасуға халық түгел келмес еді. Бұл оның қандай адам болғанының көрсеткіші. Мен үшін мәнерлеп сырғанау Денистің образымен сипатталады. Ол біздің адамымыз болды. Ол өнердің адамы болды. Мәнерлеп сырғанаудан өзге музыкамен, киномен әуестенді. Өзін жан-жақты қалыптастырды. Сондықтан, мен оған барлығы үшін алғыс айтқым келеді. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз. Ол біздің мәңгі жүрегімізде", - деді әнші Әли Оқапов.  

Денис тен

Еске алу жиынының соңында Денис Теннің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. 

"Өмірді шын сүйемін. Ата-анамды жақсы көремін. Адамдарды жақсы көремін. Сүйгенді жақсы көремін. Сонымен бөліскім келеді. Яғни, өзім емес, сомдаған кейіпкерім арқылы бөліссем деймін. Жиырма бес жаста әлемге басқаша қарайды екенсің", – деп жазған еді Денис Тен 2018 жылдың 13 маусымдағы соңғы туған күнінде.

Әлемге өзгеше көзқараспен қараған спорт шеберінің шынайы махаббаты халқының жүрегінде мәңгілік сақталмақ.

 

Marzhan Sabet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір