• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:31:17
Алматы
+35°

10 Шілде, 2019 Әдебиет

Алматы. Вокзал. Автобус.

Қазақ Ұлттық Университетіндегі студенттер үш ай демалысқа кеткен кездегі ғашық жігіттің сүйген қызына арнаған өлең жолдары

Алматы. Вокзал. Автобус.

ҚазҰУ-да бітіп сабақтар,
Барлығы қайтты ауылға.
Шеріңді өлең ал ақтар,
Жүрегі ғашық қауымға.

Кештерде салқын, саялы,
Кездесуші ек жасырын
Қайтудың күні таяды,
Саған да қалқам, асылым.

Жүгіңді буып, жинақтап,
Дайындық қылдың сапарға.
Қағаздың бетін шимақтап,
Хат жаздым саған жатарда.

Жазғаным шықпай көңілден,
Қалған ем саған ұсынбай.
Алматы алып өңірден,
Кетпексің жылдың құсындай.

Сайранға барып күн бұрын,
Өзім алғанмын билетті.
«Билет» деген бұл құрғырың,
Бүгін кеп жанды күйретті.

Кеш батты, уақыт жетті кеп,
Вокзалға келдім жүгіріп.
Жүрегімде жоқ көп тілек,
Кетпесе деген бір үміт.

Әпкең мен жездең жаныңа,
Еріп келген ед қалыспай.
Жақындай алмай маңыңа,
Кеудені жарып, жан ұшты-ай.

Кездестік сонда тығылып,
Жерлерде алыс, көз көрмес.
Сақтадым ойға ұғынып,
Бейнеңді ботам өзгермес.

Секундттар санап, кетерде
Қоштасу барын дөп түйдік.
Бір жазға, жаным, жетер ме?
Өзіңді құшқан төрт минут.

Автобус келіп орнына,
Жігерді мендік жасытты.
Білмеймін, бәлкім тоңды ма,
Сөмкелер сонда асықты.

Маңдайдан сүйіп бес рет,
Шығарып салдым өзіңді.
Байқадым, бірақ кешірек,
Жас жапқан екен көзіңді.

Ешқашан шықпас ойыңнан,
Күтіп тұр сені ақ қоныс.
Үш айға бізді айырған,
Алматы. Вокзал. Автобус.

Бек Байтас

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір