• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 08:31:21
Алматы
+35°

23 Мамыр, 2019 Сұхбат

Жасампаз жапондық жүйе жайында біршама уақыттан бері түрлі форматтағы материалдар жариялап келеді. Үрдістен бұра тартпаймыз. Бүгін Алматы шаһарындағы kaizencenter-дің білікті тренері, кайдзен жүйесі Қазақстанға алғаш келгеннен бері басы-қасында жүрген азаматтардың бірі Құмар Мұсаевпен әңгіме-дүкен құрған едік. Жетпісті желкелеген атасынан кішкентай балаларына дейін үй ішінде де осы жүйені қолданатын азаматтың әңгімесін әрі қарай оқыңыздар.

- Әңгімені әріден бастайық. Кайдзен Қазақстанға қалай және қашан келді. Бұл жүйенің тиімділігі кімнің қырағы назарына іліккен. Kaizencenter-дің құрылу тарихынан бір үзік сыр айтсаңыз?

- Бұл жүйенің Қазақстанға келуі де, осы орталықтың ашылуы да Марғұлан Сейсембайдың атымен байланысты. Ол Жапонияға барып, осы жүйенің қалай жұмыс жасайтынын, қай салада еңбек өнімділігін арттыруға айтарлықтай сеп болатынын арнайы біліп қайтқан.

Өзінің айтуынша, осы орталықтың іргетасын қалағаннан кейін оны басқаратын адам іздеп біраз сандалыпты. Маған дейін қанша үміткермен келіссөз жүргізгенін білмеймін. Бірақ екеуміз сөйлескенде ол кесімді сөзін айтты. Сонымен, 2017 жылдың маусым айында жұмысты бастап кеттік. Мақсатымыз қарапайым әрі айқын еді. Қоғамның кайдзен жүйесі бойынша білім сұранысын, тәжірибе сқұранысын қанағаттандыру. "Кайдзен" сөзі мен біздің миссиямыз егіз ұғым сияқты болып кеткен еді. Қоғам сұранысын қанағаттандыруға жан-тәнімізбен кірістік. Сол уақыттарда "кайдзен" деген ұғымды толық білу былай тұрсын, осы сөзді естіген адамның қарасы да аз еді.

- Орталық ашылғаннан бері екі жылдай уақыт өтіпті. Осы мезгіл аралығында kaizencenter қанша шәкірт тәрбиелеп шықты?

 - Ең алғаш өзімізге мақсат қойғанда 650 адамды оқытамыз дегенбіз. Біз қарқынды еңбек еттік пе, әлде қоғам сұранысы соншалықты "аш" болды ма, әйтеуір біз осы уақытқа дейін мыңнан астам шәкірттің санасына кайдзен жүйесі туралы толыққанды білім құйдық. Оған осы аралықтағы шәкірттер арасынан шыққан кәсіби 15 кайдзен-тренерді қосыңыз. Меніңше, бұл – айтарлықтай нәтиже.

Әрине, әлгінде айтқан 15 тренердің барлығы осы салада шәкірт тәрбиелеп жүр деп айта алмаймын. Өйткені, жүйенің барлық қыр-сырын үйрету оңай шаруа емес. Дегенмен, басым бөлігі қазығынан ажыраған жоқ. Екі жылдың ішінде тренерлерді дайындау бойынша үшінші лек білім алуда. Тренерлерді оқытудағы басты мақсат – шәкірт тәрбиелеу ауқымын кеңейту және кез-келген кәсіпті осы жүйе бойынша аяққа тұрғызып бере алатын кәсіби маман жасау.

Кайдзен негізгі үш мәселені шешуді өзіне мақсат етіп қояды. Олар: сапа бойынша сұрақтар, әрдайым бірдеңемен жүйелі түрде айналысу және мерзім, уақыт бойынша сұрақтар. Біздің қоғамда әсіресе, кәсіп саласында уақыт, тайм-менеджмент деген дүниелердің көрінісі де жоқ. Тұтынушы бір өнімге тапсырыс берсе, компания оны міндетті түрде өз уақытынан кешігіп даярлайды. Құрылысты тоғыз айға бітіру жоспарланса, ол жылға созылатыны анық дегендей. Ауруханаға, кафеге, дүкенге барсаң да, күту – біздегі ет үйреніп кеткен жағымсыз дүние. Өз уақытымызды да, өзгенің уақытын да құрметтей алмаймыз.

- Сапа туралы сұраққа да жауап береді деп қалдыңыз. Толығырақ тарқатсақ?

- Өзіңіз білесіз, Қазақстанда өндірілетін тауарларды суперсапалы деп айта алмаймыз. Дәл осы кайдзеннің отаны Жапония да Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін осындай ауқымды мәселеге тап болған. Тауарларына кері көзқарас қалыптасқан. Оның үстіне ішкі нарықтағы америкалық тауарлармен бәсекеге түсе алмай қиналды. Олар осы мәселеге қалай нүкте қойды деп ойлайсыз?

1956 жылдан бастап Жапония өз өнімдерін әлемдегі ең сапалы дүние етуге бар күшін салды. Осы талпыныстың, дұрыс таңдалған жолдың, стартегияның, жүйенің нәтижесінде ешқандай қазба байлығы, шикізат ресурсы жоқ Жапония әлемдегі екінші экономикалық державаға айналды. Ең маңыздысы – осы экономикалық дәуірлеу кезеңінде жетістікке жеткен алпауыт компаниялардың басым бөлігі кайдзен жүйесін қолданған. Жүйені қолдандық деп жаһанға жар салмаса да, күнделікті өндіріс алаңында аталмыш жүйенің құралдарын қажетіне жаратты.

Осындай нәтижелерді көре тұрып, біз де еліміздегі компаниялардың көпшілігі осы жүйені ішкерілендірсін деген ізгі оймен орталық аштық. Екі жылдық есебімізде көптеген кәсіпкерлер білім алып, бизнестерінің басын оң бағытқа бұрды. Еңбек өніміділігінің көлемі бірінде төрт есеге, кейбіреуінде екі есеге артты. Әйтеуір, кайдзенді ішкерілендіріп, кері кеттік деген кәсіпкер көрген жоқпын.

- Орталық тренерлерінің алдына түрлі саладағы, түрлі жағдайдағы шәкірттер келеді. Білім берудегі басымдық қай бағытқа беріледі?

- Рас айтасыз, білім алуға келген шәкірттердің жағдайлары, қаржылық әлеуеті, жас мөлшері бір-бірімен мүлде сәйкес келмейді. Түрлі ірі компаниялардың жетекшілері, жаңадан бизнес ашқан кәсіпкерлер, медицина саласының мамандары, тігіншілер, тіпті, үй шаруасындағы әйел адамдар да білім алды. Бұл сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Айтқым келетіні – келген шәкірттердің барлығының түпкі ойы жалғыз. Ол – жұмысты жеңілдетіп, еңбек өнімділігін арттыру, белгілі бір деңгейде өздеріне пайда түсіру.

- Сіздерден білім алған тренерлер қандай жетекші компанияларға кайдзен жүйесін ішкерілендіріп бергені туралы айтып берсеңіз.

- Бұл да өте ауқымды сұрақ. Ірі өнеркәсіптен жеңіл өнеркәсіпке дейін, тігін цехтарына, кондитерлік компанияларға дейін осы жүйені ішкерілендіруге себепкер болдық. Түрлі салаларда қызығушылық танытқан ешқандай мекеменің бетін қайтарып көрмедік.

Біз, тіпті, мемлекеттік шенеуніктерді де осы жүйеге оқытқанбыз. Президент ісін басқаратын ірі тұлғалар да осы орталықтан білім алған.

Осы тұста айта кеткен жөн. Осындай жүйенің әлемде бар екенін біздің қоғам 2012 жылдан бастап білді. Не түрткі болғанын білмеймін. Бірақ сол жылдан бастап бұл жүйеге деген қызығушылық қарқынды түрде арта бастады. Осыған орай біз орталық аштық. Орталыққа келіп оқыған шәкірттер өз қауқарын біліп, өздерінің еңбек өніміділік дәрежесін анықтағаннан кейін өмірлерінде үлкен өзгеріс әкелгенін жарыса айтты.

- "Мемлекеттік шенеуніктерді оқыттық" деп қалдыңыз. "Сол шенеуніктер кайдзенді жеке басына қолдану үшін оқыды ма, әлде қызмет барысында қолдану үшін бе?"деген сұрақты қойғым келіп отыр.

- "Рухани жаңғыру" деген қызықты бағдарламалық мақаласын білесіз Елбасының. Ол туралы теріс пікір айтқандар да табылды. Бірақ дәл осы бағдарламалық мақала ішінде "прагматизм" деп аталатын бағыт бар. Қарап отырсақ, бұл – кайдзеннің құралы.

Осы мақала жарық көргеннен кейін Президент аппараты мемлекеттік шенеуніктерге осы бағытты игеру туралы тапсырма береді. Содан кейін барып, біздің орталыққа Президент ісін басқаратын қызметкерлер келді. Шынын айту керек, олар ең алғаш келгенде ешқандай қызығушылық танытпаған-ды. Олардың амалсыздан оқуға келгенін байқау қиын емес еді. Біліктілікті арттыруға бөлінген қаражат игерілу керек қой. Алғашқы сабақтардан кейін-ақ шенеуніктердің көпшілігі бұл жүйе туралы ойларын өзгертті. Олар өз кезегінде ұсыныстарын білдіріп дегендей.

Содан соң біз Президенттің бұрынғы резиденциясында жұмыс жасайтын қызметкерлерге жапондық жүйе туралы білім бердік.

Меніңше, мемлекеттік басқару әкімшіліктерінде жұмыс жасайтын барлық қызметкерлерді осы жүйеге икемдеу керек. Жұмыс та өнімді болады, сапа да болады.

- Кайдзен тек коммерциялық компаниялардың, мекемелердің оң жамбасына келетін дүние ме, әлде бұл жүйені әкімшілік-аймақтық басқару ісіне араластыруға болады ма? Қаншалықты тиімді?

- Мемлекеттік жұмыс жасайтын азаматтар, өзіңіз білесіз, таңнан кешке дейін кеңседе отырып-отырып қайтады. Ал саяси немесе экономикалық науқандар жарияланған кезде олар күндіз-түні жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтқанда, қызметте тұрақтылық пен тұрақты еңбек өнімділігі жоқтың қасы.

Сондай-ақ, олар да өзінше дамып, әрдайым қолы босамай жүргісі келеді. Ал мемлекет меншігіндегі қызметке де, мүлікке де біздің қоғамда ешкімнің жаны ашымайды.

Кайдзен жүйесі осы кедергілердің бәрін жүйелі түрде шешіп береді.

- Kaizencenter тренер болғысы келетін шәкірттерге қандай талап қояды?

- Кайдзен ешкімге қатты талап қоймайды. Талап қатаң болған жерде махаббаттың бола қоюы екіталай. Рас, енді кішігірім талаптарымыз бар. Ол да шәкірттің өз пайдасына жұмыс істейтін талаптар.

Алғашқысы – тренер болуды күреп ақша табу үшін емес, халыққа, елге, кәсіп жасап жүрген азаматтарға пайда тигізсем деген асыл ниеттің болуы.

Екіншісі – тренер болғысы келген шәкірттің өз кәсібінің болуы немесе бұрынырақ белгілі бір кәсіппен айналысқаны. Өйткені, кәсіп саласына бас сұғып көрген адам ғана осы саланың барлық ауру-сырқауын, кем-кетігін біледі. Сол арқылы дәріс берген кезде өз проблемасын шешкен адамша тура жол сілтейді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Әділет Мәдениет

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір