• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 19:31:51
Алматы
+35°

08 Мамыр, 2019 Тәлім мен тәрбие

Кайдзен әдісі: бала тәрбиесіндегі жетістікке жетелейтін жетілік

Баладан бірнәрсені талап етпес бұрын, соны алдымен өзіміз жасайық, яғни, алдымен, өзімізден бастайық.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматыдағы kaizen орталығының жұмысы жайлы көп сериялы мақалалар беруді қолға алды. Аталмыш орталықтың басты миссиясы – кайдзен түсінігінің кеңірек таралып, қолданысқа енуіне септік ету.

Жалпы бұл жүйе туралы азды-көпті мәліметтерді парақтай отыра, мынаны ұқтым: кайдзен әдісін тек кәсіп жүргізуде, жұмыс орнында ғана емес, күнделікті өмірде, отбасындағы, жалпы адамдармен қарым-қатынаста да пайдалануға болады екен. Тіпті пайдаланып та жүрміз. Тек оның жапонның кайдзен түсінігімен астасып жатқанын енді біліп жатырмыз. 

Өзгенің білімді, ақылды, өнерлі баласын көргенде тамсанатынымыз рас. Алайда әр баланың болашақта қандай адам болып қалыптасатыны тікелей бізге байланысты екенін жете ұға бермейміз. «Бала қалағаныңдай емес, қарағаныңдай» болады дейді. Өзгенің баласына таңдай қаққанша, өз баламыздың да өзгеден кем еместігін балаға да, өзімізге дәлелдей білсек болғаны.

Баладан бірнәрсені талап етпес бұрын, соны алдымен өзіміз жасайық, яғни, алдымен, өзімізден бастайық.

  1. Баланың әр сұрағына жауап беріп, тығыз байланыстың фундаментін қалайық

Мына жарық әлемнің есігін енді ашқан балаға бәрі қызық. Олар біліп тумайды. Бәрін білгісі келеді. Сол себепті, тілі шыққаннан бастап «анау не, мынау не, ол неге өйтеді, бұл неге бүйтеді» деген орынды-орынсыз сұрақтары көп болады. Бір сұрақты бірнеше мәрте қайталауы ғажап емес. Сондықтан сауалдарының әрбіріне уақыт тауып, ерінбей жауап беру керек. Сонда ол болашақта кез келген мәселенің жауабын сырттан, өзгеден сұрап, іздемей, тікелей сізден сұрайтын болады. Бала мен ата-ана арасындағы тығыз байланысты бесіктен бастап қалыптастыра берейік.

  1. Баламен бірге ойнап, сеніміне кіруге тырысайық

Өз шаруаңызбен айналысып отырғанда немесе қарбалас болып жатқанда балаңыз ойыншығын ұстап, жаныңызға келіп, «ойнайықшы» деуі мүмкін. Бірден «барып, өзің ойнай берші, уақытым жоқ» дейміз. Керісінше, соның орнына, алтындай бір-екі минутымызды алтыннан қымбат баламызға қиып, баламен бірге ойнасақ, оның көңілі де түспейді, керісінше, бізге деген сенімі арта түседі. Ал бас тартсақ, бірнеше мәрте келген соң, баланың көңілі қалып қалуы ықтимал. Уақытымыз болып, «кел, ойнайық» дегенде ол шартты түрде бас тартуы мүмкін. Себебі, баланың бізге деген сенімі жоқ. Ата-анасының өзімен бірге ойнауы мүмкін еместей көрінеді. Кейін есейгенде де ешбір мәселесіне бізді араластырмай өз бетінше шешуге тырысып, ақыры өкінішпен аяқталуы мүмкін. Бірге ойнау арқылы баланың сеніміне кіруге үлкен мүмкіндігіміз бар.

  1. Баланың көзінше гаджеттер пайдаланбай, баланы өтірік айтудан алыстатайық

Планшет, телефон, теледидар көп қараса, балаға ұрыса жөнелеміз. Сосын ол ашуланады. Тіл алмаған соң, ұрамыз кейде. Бұл жағдайды болдырмаудың бір ғана жолы бар. Баланың көзінше өзіміз, яғни ата-аналар, телефон, компьютерді жиі пайдаланбайық. Тек кейде баламен бірге теледидардан мультфильм көріп, телефонға бірге сурет түсіп, кейін орнына қойып қоюды әдетке айналдырайық. «Маған ұстатпайды, болмайды дейді, өздерінің қолдарынан түспейді» деп баланың ойында ата-анам «өтірікші» деген пікір қалыптасуы мүмкін.  Сол себепті, әуелі өзімізді тәрбиелейік. Бала сабақта, балабақшада болғанда, ұйықтап жатқанда ғана пайдаланып, бала ояу жүргенде біз де техникадан бірер сәт өзімізді алыстатайық.  Сөйтіп, баланы біз туралы «өтірікші» деген пікірден ада қылайық, өзінің де өтірік айтпайтын адам болуын қадағалайық.

  1. Баламен бірге кітап оқу арқылы, білімін арттырайық

Балаға түрлі-түсті, сан алуан кітап алып беріп, «міне, оқы, суретін көр» деп қолына ұстата салу аздық етеді. Әрі сен кітап қара, мен компьютермен жұмыс жасайын десек, баланың миы мұны дұрыс түсінбей, «неге?» деген сұрақ туындайды. Сондықтан, көп кітап ала бергенше, бірнешеуін ғана алып, соның өзін баламен бірге оқып, бірге суретін көріп, талқылаған абзал. Тіпті баланың көзінше кітап оқып отырсаңыз, оның да санасында «үлкендер кітап оқып отыр, мен де оқиын» деген ой қалыптасады. Баламен бірге бір бет оқысақ та, қызықты етіп оқысақ, кітапқа деген қызығушылығы артып, білімге құмартатын болады.

  1. Баланың «көмегіне» жүгіну арқылы, еңбекқорлыққа, мейірімділікке, жанашырлыққа тәрбиелейік

Баланың аты – бала. Төгеді, шашады, сындырады. Себебі, ол әлі кішкентай. Ненің не екенін, қалай қолдану керектігін де, ебін де білмейді. Үй тазалап жатқанда «ары тұр, бері тұр, тиіспе, өзім тазалаймын, сүрте алмайсың, сыпыра алмайсың» дегенше, «иә, келші, міне, былай сүртесің, былай сыпырасың» деп көрсетіп, тіпті жеп-жеңіл нәрсенің бір шетін ұстатып «ауыр екен, сен болмасаң, қалай көтерер едім», «мына қамырда жая бер» деп алақандай қамыр беріп қойып қандай да бір іске көмектесуге шақыру керек. Сол арқылы баланың бойындағы мейірімділік, еңбекқор, жанашырлық секілді қасиеттерді оятамыз.

  1. Баламен «ақылдасу» арқылы, өзінің керек екенін сездіндірейік

«Бала ғой» дей бермей сәл есейген кезде кез келген жеңіл-желпі іске баланы араластыра берген дұрыс. Базарға бірге барса, «қай сыпырғыш жақсы, мынау әкеңе сияды деп ойлайсың ба, мынау маған жараса ма, қай қызанақты алайық» дегендей сұрақтар қойып, пікірін біліп, реті келсе, баланың таңдағанын алуға тырысу керек немесе өз таңдауыңызды баланың таңдауы секілді жасауға болады. «Бүгін не тамақ жасайық, мына отында қайда жинайық, қоршауды қалай шегелейік, бөлмені қандай түспен әктейік» деген сынды былай қарағанда ұсақ-түйек тіркестерден баланың қалай марқайып, «мен де керек екенмін ғой, менімен де ақылдасады екен» деген мақтаныш сезімі пайда болады. Сөйтіп, ата-анасынан тартынбай өз шаруаларында да ақыл-кеңес сұрап, пікіріне құлақ түретін ұрпақ болып өседі.

  1. Жиі сыйлық жасап, мақтап, жетістігіне бірге қуану арқылы арқылы баланы қуантып, жігерлендіріп, білімге, өмірге деген құлшынысын арттырайық

«Бүгін бестік алдым» деген баланың қуанышына мән бермей қойсаңыз, бір күні айтпайтын да болады. Себебі, Сіз мән берген жоқсыз. Бала баға үшін оқымайды. Ал, екі алып қалса, жерден алып, жерге саламыз. Олай болмайды. Қателігін ескертіп, түзетіп «енді қайталамауға тырыс, былай жасасаң дұрыс» деп бағыт-бағдар көрсетіңіз. «Жарайсың! Менің балам ақылды! Менің балам болашақ ғалым! Менің қызым болашақ дәрігер!» дегендей мақтау сөздер балаға еш артық етпейді. Кейде тіпті әлдебір байқаулардан орын алып жатса, орын алмай, тек қатысса да мақтап, арқасынан қағып, реті келсе әлдебір сыйлық сыйласаңыз баланың құлшынысы артпаса, кемімейді. «Сен бұдан да үлкен жетістікке жетесің! Сенің қолыңнан келеді! Сен білімдісің! Сен мықтысың! Сен кереметсің! Саған сенемін!» Иә, дәл осы сынды сөздерді балаға жиі айтып тұрсаңыз, гүлге құйған судай болатыны айдан анық. Уақытылы су ішіп, күн көзін көріп, мақтау сөзді естіп, топырағын қопсытқан гүл де жұпар иісімен, түрімен айналасына әдемілік сыйлайтыны анық.

 

Қайдзен жүйесі туралы Qamshy.kz жазған өзге де материалдарды оқи отырыңыз:

1. Нұрғали Қанатұлы: Біз қазаққа кайдзеннің жат емес екенін дәлелдедік

2. Оразаға кайдзен әдісімен дайындалу

3. Желдеткіш зауытындағы кайдзен жүйесі: бонус беретін берекелі бизнес

4. Кайдзен орталығына кірдің – ғажайыпқа сапар шектің (фоторепортаж)

5. Кайдзеннің 6 қағидасы. Жапондар өмірін қалай жеңілдетті?

6. "Обея бөлмесі"— бизнесте уақытты тиімді пайдаланудың жолы

7. Қазақстандық кәсіпкерлерді жетістікке жетелеген ерекше әдіс

8. Қызметкерін жұмыстан қумайтын жапондық жүйе — кайдзен

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір