• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:21:05
Алматы
+35°

9 мамыр президенттік сайлау күні жақындаған сайын саяси дода қыза түсуде. Кім алда, кім бәсекенің соңында қалады? Саяси жауырыншылар барған сайын көсіліп сараптама жасауда. Олардың айтқанына сенсек, өзге жеті кандаидаттан гөрі «Nur Otan» партиясы ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Ұлт тағдыры» атынан сынға түсіп жатқан Әміржан Қосановтың арасында қызу бәсеке болуы мүмкін. Әрине, «бұл өзге кандидаттар жұмыс істемей жатыр, үгіт-насихатты нашар жүргізуде» деген сөз емес. 20 жылдан бері өзін «оппозициядамын» деп айтып жүрген Қосановты оппозициядағылардың өзі қолдай ма? Күмәнді нәрсе. Өйткені оның айналасында қазіргі уақытта соншалықты ұйымдасқан команда жоқ. Өйткені оппозицияның өзі ыдыраңқы. «Байкот» деп байбалам салып жүргендер бар. Оларды қолдау қиын. Бұған дейін де 1 мамыр, 9 мамыр күні айналасына көңілі толмай жүретіндердің бір-екі наразылығы өткен. Олардікі дұрыс емес. Бұл рұқсат етілмеген митинг. Олар бір нәрсені түсінуі тиіс: заңның аясында ғана әрекет етуі тиіс. Ел тағдыры шешілер алдында бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтқандай, «компромистік диалогқа» дайын болуы керек. Бұған билік дайын болғанмен, қоғам дайын ба? Мәселе сонда.

Қалай айтқанда да, алдағы сайлау бұрынғылардан өзгерек болады. Неге? Біріншіден, 9 маусым күнгі президенттік сайлауда бұрынғыдай 97,75 пайызды ешкім де ала алмайды. Өйткені бұл 2015 жылғы президенттік сайлау емес.

Ал бұл жолы президенттікке үміткер ретінде әртүрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдардан ұсынылып жатқан Дания Еспаева, Жамбыл Ахметбеков, Сәдібек Түгел, Төлеутай Рахымбековтер  халықтың сеніміне кіріп, қаншалықты толыққанды дауыс жинай алады? Күмән көп. Бір ғана мысал, «Ақжол» партиясы съезінің өзінде «президент болғысы» келгендер көп болды. Ақырында бәрі жабылып, кандидат ретінде әйел адамды ұсынды. Демек, бұдан шығатын қорытынды не? «Ақжолдың» әйелі көп дауыс ала алмайды. «Ақжолдың» өзінде Еспаеваға қарсылар жоқ емес, бар. Соңғы кезеңге дейін «ақжолдықтар» 3-4 адамын ұсынды. Демек, партияның өзінде көзқарастар әртүрлі деген сөз.

Ал дәурені өтіп, күні өтіп бара жатқан Қазақстан халықтық коммунистік партиясының кандидатына халық толыққанды сенім артады деп айту қиын. Өйткені оның бірқатар себебі бар. Өйткені коммунистік қоғамның уақыты өткен. Мұны халық толық сезінеді және түсінеді.  Сондықтан Жамбыл Ахметбековке президенттік креслодан дәмеленбей-ақ қоюына болады. Ал Ақ ордаға кіріп шыққысы келген Әлиев екілік баға алды.  Амангелді Таспихов пен Сәдібек Түгел, Төлеутай Рахымбековтер айды аспанға шығарады деу қате. Демек,Тоқаевтан өзге кандидаттар 9 маусым күні ары кетсе, 50 мың мен 300   мыңның аралығында ғана дауыс алуы мүмкін. Кейбіреуіне мейлі 1 миллион адам дауыс берер.  Тіпті одан төмен болуы да ықтимал. Өйткені олардың сайлауалды бағдарламасынан халық хабарсыз. Хабардар болғанның өзінде аталған партиялар ұсынып жатқан кандидаттарды халық танымайды. Мұндай жағдайда олар «Nur Otan» ұсынған, Елбасы Назарбаев қалаған үміткер Тоқаевпен бәсекелес бола алады деп айту қиын. Демек, осы жерде халық айтып отырған болжамдар ақиқатқа айналуы мүмкін. Неге?  Өйткені...

1. Тоқаевты мемлекет қолдап отыр. Оның артында қуатты күш бар.

Сондықтан сайлаушылар қалай айтқанда да, Қасым-Жомартты қолдап дауыс беруге мүдделі.

2. Оның кандидатурасын еліміздегі жетекші партия Назарбаев төрағалық ететін «Nur Otan» ұсынды.

3. Тоқаев –таза адам. Оны жоққа шығаруға болмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлының ешқандай қаржылық-өндірістік топтарға қатысы жоқ.

4. Тоқаевтың есімі жер жаһанға белгілі.

5. Ол ұзақ уақыт бойы еліміздің сыртқы саясатына басшылық етті, халықаралық саясатты терең меңгерген.

6. Ол еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың нұрлы жолын жалғастырушы.

Аталған критерийлер президенттікке кандидат ретінде ұсынылып отырған Тоқаевтың басқа қарсыластарына қарағанда басымдылығын айқын көрсететіні рас.

"Қосановтың әлеуеті зор,  халықты соңынан ертеді, оған сайлаушылардың басым көпшілігі дауыс береді» деп айту қиын. Өйткені оппозициядағы үміткердің бағдарламасы біржақты және оны жүзеге асыратын тетігі де түсініксіз. Мұндай жағдайда оған сенім артуға болмайды. Сондықтан халық мәселенің ара-жігін ажыратады, кімге басым дауыс беретінін қазірден  таразыға салып бағамдап отыр деуге болады. .Ал өзге үміткерлер ше?

Ал президенттікке ұсынылып отырған басқа кандидаттардың есімін халық ертең-ақ ұмытады деп ойлаймын. Өйткені олар сайлауға дейін саяси тұрғыдан белсенді болған жоқ. Сайлаудан кейін де олар бұрынғы бұйығы өміріне, қалыпты тұрмыс-тіршілігіне көшеді.

Әрине, біз  9 маусым күні өтетін президенттік сайлауда президенттікке басты үміткерді атадық. Расында еліміздегі жетекші партия   «Nur Otan» партиясының атынан ұсынылып отырған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың мүмкіндігі өте жоғары. Ол әлем мойындаған саяси қайраткер, БҰҰ бас хатшысының орынбасары болған саясаткер. Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатында Елбасы Назарбаевтың  жолын жалғастырушы тұлғаның бұл сайлауда шоқтығы биік болатынына еш  күмән жоқ. Бұл бір. Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды дайындығы басқаларға қарағанда «Nur Otan» партиясының жетекшілігімен өте күшті, қуатты қарқын алды.

 «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен Тоқаевтың сайлауалды штабына Қазақстанның танымал, белгілі қайраткерлері  кірді. 200-ге жуық адам. Қасым-Жомарттың артында  халық пен «Nur Otan» партиясы тұр. Тоқаев twitter-ді  өте  тиімді пайдалануда. Ендеше, бұл сайлауда  саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың бәсі жоғары болатынына еш күмән жоқ.

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір