• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 20:06:45
+35°

30 Сәуір, 2019 Сұхбат

Нұрғали Қанатұлы: Біз қазаққа кайдзеннің жат емес екенін дәлелдедік

Toyota компаниясының қызметкерлері келіп, өте жоғары баға берген. Көрсеткіш пе? Көрсеткіш!

Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматыдағы kaizen орталығының жұмысы жайлы көп сериялы мақалалар беруді қолға алды. Аталмыш орталықтың басты миссиясы – кайдзен түсінігінің кеңірек таралып, қолданысқа енуіне септік ету.

Жапондық жүйені оң жамбасына ыңғайлап, еңбек өнімділігін арттыруға пайдаланып отырған қазақстандық мекемелер аз емес. Кайдзен орталығымен байланыс арқылы аталмыш жүйе сәт санап тереңге тамыр жіберуде. Сондай қазақстандық ірі өндіріс ошақтарының бірі – Алматы желдеткіш зауыты. Зауыт басшысы Нұрғали Қанатұлымен кайдзен жүйесі мен зауыттағы жұмыс үдерісі туралы әңгіме өрбіттік.

- Біз білетін кайдзен жүйесі әрбір қызметкерге мүмкіндік береді, дамуын талап етеді, жұмыстан шығармайды, табысын әділ бағалайды. Жүйенің осындай қасаң қағидалары сіздерде қаншалықты жұмыс жасайды? Алматы желдеткіш зауыты кайдзен жүйесін толыққанды енгізген бе?

- Толыққанды емес. Себебі, кайдзенде шек жоқ. Біз қазір "толықтай" деп айтсақ, оған шек қоямыз. "Кайдзен" сөзінің аудармасы қандай? Жалпы аудармасы мекеменің шексіз дамуы деген мағынаға саяды. Яғни, дамудың шегі жоқ. Сол себепті әрдайым енгізіп жатырмыз немесе енгіздік және одан әрі дамытудамыз дегеніміз дұрысырақ.

Мысалы, үйден жұмысқа дейін 20-30 минутта немесе 1 сағатта жетуің мүмкін. Ал кайдзен не дейді? Кайдзен бойынша сен жұмысқа 0 секундта жетуің тиіс. Бұл мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Бірақ мақсат – 0 секундта жету. 1 секундта жеткен жағдайда да мақсат орындалмады. Егер осы нәрсені шындыққа айналдырсақ, сол кезде барып, мен кайдзеннің шыңына жеттім деуге рұқсат. Демек, аталмыш жүйені ішкерілендірген мекеменің барлығы сол бағытты дамушылар, яғни, дамытушылар, енгізушілер.

Кайдзенде шек жоқ және орташа деген мөлшер жоқ. Бұл жүйеде тек екі жауап бар: иә немесе жоқ.

Нақтылықтар турасында..

Кайдзен әрқашан мекемеден де, қызметкерден де нақтылық пен мұқияттылықты талап етеді. Мысалы, әр нәрсе өз орынында тұруы тиіс. Сіз парақтарды немесе қаламдарды алып, топтастырып жинап қойдыңыз. Үстел үсті жинақы әрі көрнекі болып тұр. Бірақ осы тиянақтылықты да кайдзен қабылдамайды. Өйткені, әр нәрсе орынында тұруы үшін оның шек сызықтары сызылып, атауы жазылған орыны болуы тиіс. Сонда барып, сіздің үстеліңіздің үсті кайдзен дағдыларына сай болып есептеледі.

Міне, осы – кайдзен. Барлығын стандарттау керек, барлығын жоспарлап, белгілеу керек.

Кайдзендегі әділ бағалау қағидасы туралы...

- Кайдзенде мәселе бонуста емес, бонустың ақшасында немесе жүйесінде емес, әділ бағалауда. Кайдзендегі ең басты ерекшелік – әділ баға.

Біз жұмысшы жоспарды орындаса 5 пайыз, 5С қағидаларын енгізсе 15 пайыз бонус алсын деген сияқты жүйелерді, ол мейлі кайдзен болсын не болмасын, ойлап табуға ұстамыз. Енді санасы түзу адамның ойында келесі сұрақ туындайды. Оны кім бағалайды? Оны кім есептейді?

Кейбіреулер "кайдзенді отырғыздым, көмектеспейтін жүйе екен" дегендей қауесеттерді таратып жүреді. Ол адамдар көрсеткіштерді қояды. Барлығын дұрыс бастайды. Бірақ неге нәтиже бермейді? Өйткені, ол бағалау әдістерін жолға қоймаған.

Осы нәрселерді ескере отырып, мекемесіне кайдзен жүйесін ішкерілендірмек болған азаматтар көрсеткіштерді орнатпай тұрып, ол көрсеткіштердің нәтижесін қалай бағалаймын деген сұраққа жауап іздеу керек. Әйтпесе, кез-келген жүйе нәтиже бермейді.

Қызметкерді асыра бағаласаң да, төмендете бағаласаң да нәтиже шықпайды. Өйткені, соған қызметкер дағды алып қалады. Қашан әділ бағалау болады, сол кезде көрсеткіш те нәтиже бере бастайды.

Мектеп мысалы...

Мен әрдайым бағалау тәсілінде мектептегі жүйені мысалға аламын. Неге? Өйткені, адамға мектептен өзге ешқандай жер әділ баға беріп, бағаға сәйкес жұмыс жасата алмаған.

Саған ең жақсы жалақыны берсе, бірақ дым жұмыс жасамаса... Бұл – кез-келген мекемеде жұмыс жасайтын жұмысшылардың арманы. Өйткені, олар міндетті жалақыны белсенді жұмыс жасаса да немесе ел қатарлы ілініп-салынып жүрсе де алатыны бір жалақы.

Ал мектепте қалай? Мектепте балаға бестік қоя берсе немесе бірыңғай екілік қоя берсе де ол оқуды доғарады. Ал белсенді түрде үй тапсырмасына дайындалып келсе, бестік қойып, оқымаса төмен бағаласа, бестіктің дәмін татқан оқушы талпыныс жасай түседі. Кайдзен де тура осылай. Қызметкердің жұмысы әділ бағаланып отырса, оның белсенділігі оянып, жұмысқа деген құлшынысы еріксіз артады.

Адамға тек бір категориядағы кісілер ғана қалағанын істеткен. Олар – мұғалімдер. Үй тапсырмасын береді. Орындасаң орындадың, орындамасаң амал жоқ. Бірақ өзіңе ішің толмайды. Өйткені, саған басқа ешкім баға қойған емес. Міне, осылай.

- Әділ бағалаудың артында қаражат айырмашылығы тұрады. Демек, бәсекелестікті арттырудың негізгі факторларының біріне стандартты емес жалақы да кіреді ғой?

- Әрине. Тағы да мектеп мысалына сүйенейік. Ақша деген ол әлгі бағаны журналға енгізу. Сабақ айтып болған оқушы да орынына беттеп бара жатып мұғалім қолындағы қаламның журналға қандай баға түрткенін аңғарғысы келеді. Мойынын созып, үзіле қарайтыны да сол.

Бағаның күші де осында. Оның журналға түртілуі арқылы оқушы күш алады. Кіл үштікке оқитын оқушы бір рет дайындалып келіп, оған мұғалім бес деген баға қойса, онда ол оқушы келесі жолы да шыққан биігінен түспеуге тырысады. Бұл – автоматты түрде қызметкердің (оқушының) еңбек өнімділігін арттыратын фактор.

Мотивация – ақша емес, мотивация – баға. Бұл екеуін ешқашан шатастыруға болмайды. Ақша деген әлгі алынған бағаның журналға қойылуы. Бастысы – бағаны алу, сол бағаға жету жолындағы еңбек.

Бағалаудың ашықтығы туралы...

- Бағалаудың ашық болуы – өте маңызды. Барлығы әділетті болуы тиіс. Мектеп мысалын қолдана берелік. Сіз бестік алуға талпынып жүрдіңіз делік. Бірақ мұғалім сіздің туысқаныңыз болып шығып, сіз оны білмесеңіз де, бұл – әділетті.

Бірақ кайдзен жүйесімен жұмыс жасайтын мекемелерде бағалаудың ашық болғаны маңызды. Бұл арқылы біз қызметкердің санасында ешқандай күдіктің болмауына қол жеткіземіз. Ал "бастық жейді", "бухгалтер ана туысына көптеу жазады" деген қасаң қағидалар – еңбек өнімділігін тежейтін бірден-бір фактор. Сондықтан, бағалаудың, әр қызметкер өзінің ай соңында қанша жалақы алатынын біліп отырғанының пайдасы зор. Міне, кайдзен жүйесі осыны қолдайды.

- Осы кайдзен жүйесін отандық мекемелердің ішкерілендіруі барысында "бұл жүйе қазақтарға жат", "қазақтар қатаң тәртіпте жұмыс жасай алмайды", "қазақтар тайм-менеджмент, принципті жұмыс дегенді білмейді" деген қаңқу сөздер жүр. Шындығында қазақ ұлты жапон жүйесін пайдасына жаратуы қиындық туғызады ма?

- Бос сөз. Қаңқу сөз. Адам деген бірдей. Жұмысқа келгенде, таптық бөлініске келгенде ұлтқа, тілге, нәсілге бөлу қисынсыз. Мынадай бір мысал айтып берейін.

Ғалымдар тобы сараптамалық сынақ жүргізіпті. Нәтижесінде, мемлекеттің 20 пайызы ұрлықты тұрақты түрде жасайды, 20 пайызы мүлде жасамайды, ал 60 пайызы мүмкіндік болса жасайды. Мүмкіндік болса жасайды дегеніміз, жүйе қатал болса, басын сұқпайды. Ал зиян шекпейтінін біліп тұрса, ұрлықтан тартынып қалмайды.

Бұл қай мемлекет? Бұл – барлық мемлекет. Адамзаттың бәрі осындай. Демек, кез-келген жүйені орнықтырар кезде ұлттың, елдің жағдайы қатты әсер етеді деп ойламаймын.

Түптеп келгенде, мына біз де – қазақтармыз. Жасадық қой. Қанша адам куә. Қазақтардың ішкерілендірген жүйесіне аталмыш жүйені ойлап тапқан Toyota компаниясының қызметкерлері келіп, өте жоғары баға берген. Көрсеткіш пе? Көрсеткіш!

Кайдзенді ішкерілендіру барысындағы тәрбие мен адами құндылықтар жайлы...

- Кез-келген мемлекетті мысалға алып қарасаң, сыбайлас жемқорлық та, қылмыс та баршылық. Ал ойлап қарасаң, адамзат тарихында баласын осындай бол деп тәрбиелеген ата-ана жоқ. Абсолютті факт!

Бірақ бәрібір кез-келген қоғамда жемқор да, қылмыскер де бар. Бұл – адамдардың өздерін қалыптастыруы барысында таңдайтын жолы.

Демек, кайдзенді отырғызу барысында ешқандай ұлттық, нәсілдік, тілдік ерекшеліктер рөл ойнай қоймайды. Барлығы адамға, яғни, қызметкерге байланысты.

- Енді мынадай сұрақ. Кайдзен жүйесін енгізуге қадам жасау арқылы жемқорлықты, туған-туысты жұмысқа тарту институтын біржола жоя аламыз ба?

- Жемқорлықты ойлаудың да қажеті шамалы. Бұл жерде бағанағы әділ бағалау, стандартты көрсеткіштер деген секілді дүниелер барлығын өздігінен автоматты түрде шешіп отырады.

Екінші мәселе – туған-туысты жұмысқа тарту. Мен қайта кайдзен жүйесінде туысқанымды жұмысқа ала аламын. Егер кайдзен болмаса, мен оны жұмысқа алсам, ол маған арқа сүйеп жұмыс жасамайды ғой.

Кайдзенде бәрі басқаша. Мен оған көмектескім келіп, бүйрегім бұрса да, қолымнан түк келмейді. Өйткені, оның қызметін бағалайтын жүйе бар, стандарт бар, көрсеткіш бар. Ол соған бағынады. Егер туысыма көмек жасайтын болсам, мек бүкіл мекемедегі жұмыс үдерісін тас-талқан етемін. Бұл маған керек пе?

Туысқанымды жұмысқа алсам, ол бұрынғы қызметкердің ісін жалғастырады. Оның көрсеткіштерін, оның алған бонустарын ол дәлме-дәл қайталап, тіпті, одан әрі қарай дамыта түсуі тиіс.

Мен оған баға бере алмаймын. Мысалы, жабдықтаушыға бағаны қойма меңгерушісі береді. Оған бағаны өндіріс басшысы береді. Ал өндіріс басшысының еңбегін сату бөлімінің менеджері бағалайды. Демек, бәрі бір-біріне бағынышты. Жаны ашып, қабылдаушы тарап артық баға қойса, өзі сөз естіп, еңбек өнімділігінің көрсеткішіне залал келтіреді. Бұл оған керек пе? Міне, басқару және бағалау үдерісі осылай өрбиді.

Мен сонда ешкімге баға қоймаймын. Тек бағалардың әділ қойылуын қадағалаймын.

- Жүйе турасында біршама ой бөлістіңіз. Енді сұрақ бағытын Алматы желдеткіш зауытының өнімдеріне қарай бұрсақ. Зауыт өнімі еліміздің әр қаласындағы ірі-ірі қоғамдық орындарды (вокзал, ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, әуежай) қамтиды. Бұдан бөлек, алыс-жақын шетелдерге өнім шығарасыздар ма?

- Әрине, Алматы желдеткіш зауытының өнімдері экспортталады. Ресей, Қырғызстан, LG компаниясының брендімен Өзбекстан нарығына жіберіледі. Аталған елдердегі ірі құрылыстардың иелері тапсырыс жасайды, тапсырыс бойынша біз желдеткішті өндіріп шығарамыз.

- Шикізат өзімізден бе, әлде оны да аттай қалап алдырасыздар ма көрші елдерден?

- Басым көпшілігі өзіміздің шикізат. Біздегі шикізат қорының бай екенін есепке алсақ, бұл сөзіме сенуге болады. Дегенмен, барлығын Қазақстаннан алу – ақылға сыйымсыз дүние.

Егер кімде-кім менің өнімімнің 70 пайыз шикізаты өзімізден шыққан десе, сенуге әсте болмайды. Бұл – өтірік. Егер өнімнің 40 пайыз шикізаты отандық болса, онда ол өнім мықты деген сөз.

Бізде ешкім шынайы деңгейді көрсетпейді. Содан келіп, өтірік стандарттау алға шығады. Барлығы таза пайызын көрсетер болса, таңдау жасау да, бәсекелестікті дұрыс жолға қою да шиеленіспес еді.

Әңгімеңізге рахмет!

Кайдзен жүесі туралы Qamshy.kz сайтында жарық көрген өзге де материалдарды оқи отырыңыз:

1. Желдеткіш зауытындағы кайдзен жүйесі: бонус беретін берекелі бизнес

2. Оразаға кайдзен әдісімен дайындалу

3. Кайдзен орталығына кірдің – ғажайыпқа сапар шектің (фоторепортаж)

4. Кайдзеннің 6 қағидасы. Жапондар өмірін қалай жеңілдетті?

Сұхбаттасқан: Әділет Мәдениет

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір