16 Сәуір, 2019 Әлем

Наполеон таққа отырып, Жанна Д′арк ақталған Нотр-Дам туралы 7 қызықты дерек

Бұл ғибадатханада 1804 жылы желтоқсан айында Наполеон таққа отырып, басына император тәжін киген еді.

2019 жылдың 15 сәуірі француздар үшін қайғылы кейіпте тарихта қалды. Франция астанасы Париждегі ең ғаламат тарихи ескерткіштердің бірі - Нотр-Дам де Пари - Құдай Ана соборын өрт жалмады. Жалпы, тарихта мұндай әйгілі ғибадатханалардың өртенуі аз болмаған.

 Тарих қайталана ма?!

 нотр дам

Көне грек тарихында Герострат деген атақшыл адам туралы оқиға бар. Оның бiр ғана арманы - қалайда адамзаттың бәрiн таңқалдырып, тарихтың бетiнен мәңгiлiкке ойып орын алсам дейді. Оның бұл ұлы арманының орындалуына өңiрдiң атағын бүкiл Элладаға, Шын мен Мысырға дейiн әйгiлеген атақты Артемида ғибадатханасы себеп болады. Әйгілі атақшыл сол ғибадатхананы өртеп мәңгі тарихта қалды. Әрине, атақшыл, бүлдіруші ретінде. Бұл – бір.

1950 жылы будда iлiмiн үйренушi шәкiрттердiң бiрi жапонның көне астанасы Киотоның ең мәшһүр сәулет жәдiгерлерiнiң бiрi Кинкокудзи ғибадатханасын өртеп жiбереді. Бұл оқиға әлемге әйгілі жапон жазушысы Юкиа Мисиманың «Алтын ғибадатханасын» дүниеге әкелген еді. Бұл – екі.

нотр дам

Араға ғасырға жуық уақыт салып, 2017 жылы 10 желтоқсанда Сычуанда орналасқан 16 қабаттан тұратын ағаштан жасалған будда ғибадатханасын өрт шалды.  Азиядағы ең ірі будда ғибадатханасы да тілсіз жаудың құрбаны болды.  

Міне, күні кеше қаншама ғасырлық тарихы бар, туристердің  Еуропадағы ең көп бас сұғатын таңғажайып сәулет жәдігерлерінің бірі – Нотр Дам де Пари де бұрынғы ғибадатханалрдың кебін кешті. Қалың оқырманға бұл ғажайып, готикалық үлгідегі тарихи нысан туралы 7 қызықты деректі ұсынамыз.

нотр дам

  1. Ғибадатхана құрылысы 1163 жылы басталып, іс жүзінде 1330 жылға дейін екі ғасырға жуық уақыт созылды.
  2. 2013 жылы шіркеудің 850 жылдығы тойланды. Яғни, биыл 856 жылдығы болатын.
  3. Кешегі күнге дейін шіркеуге күн сайын 30 000-н 50 000-ға дейін, жылына 14 миллион турист келетін.
  4. Бұл ғибадатханада 1804 жылы желтоқсан айында Наполеон таққа отырып, басына император тәжін киген еді.
  5. Бұл ғимаратта ешқандай қабырға жоқ. Қабырға орынына аркаларға жалғасқан бағандар қойылған.
  6. Шіркеуде Иса пайғамбарға қатысты 3 жәдігер сақталған – Алқоры ағашының бұтақтарынан өрілген тәж, Иса пайғамбар керілген крестің фрагменті мен пайғамбардың денесіне қағылған шегенің бірі.
  7. Әйгілі жазушы Виктор Гюгоның осы тарихи нысан туралы (1802 - 1885) «Құдай ана соборы» романы нысанды тамашалушылардың санын күрт көбейтті.

Дайындаған: Наурызбек Сарша

Gulim Zhaqan

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универистиетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірдім. 2017 жылдан бері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімін. 2016 жылы оқуды бітіргенімде ұстаздық ету немесе журналист болу деген екі түрлі таңдау тұрды алдымда. Біріншісін көрейін деп алғашында кішігірім курстарда сабақ беруден бастадым. Кішігірім курстардың өзінен шабыт ала алмаған мен өзгеден бұрын өзіңе үйретерің көп болуы тиіс білім бұлағы мектепке барудан тартындым. Сөйтіп шабыттардың, шығармашылықтардың мекені - журналистикадан бірақ шықтым. Жаздым, жазып жүрмін, жаза беремін - бұл менің өмірім! Болашақта өзге басылымдарға ауыссам да, қамшы қолымнан ешқашан түспейді. Осыны түсіндім.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір