10 Сәуір, 2019 Саясат

Президенттік сайлау: Ұлтшылдар билікке қарап есінейді

Мүйізі қарағайдай саясаткерлер де жөнді болжам жасауға қиналыңқырап отыр.

Күні кеше жасалған Тоқаев үндеуінен соң ел арасында сайлауға кім түсетіні туралы дүдәмал пікірлер жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кетті. Шынтуайтында, сайлауға түсетін үміткерлер арасынан ұтымды бағдарлама жасап, тұтқа ұстауға ұмтылатын біреу табылар ма екен?

Мүйізі қарағайдай саясаткерлер де жөнді болжам жасауға қиналыңқырап отыр. Бірақ кешегі айтулы күнде бірқатары пікір білдірді. Сол «бірқатар» саясаткерлердің пікіріне назар салайық.

Марат Шибұтов алдағы кезектен тыс президент сайлауына төрт партия үміткерлері, анығын айтқанда, сол төрт партияның басшылары және бірлі-жарым қоғамдық қозғалыстардың үміткерлері түседі деп болжайды.

Ал Ербол Еділов биліктегі партиядан қазіргі президенттің кандидатурасы ұсынылатынына және Дариға Назарбаеваның бұл бәйгеге ат қоспайтынына сенімді.

Белгілі саясаткер Досым Сатпаев сайлау науқанының әділ өтуі турасында ашық айтты.  «Бұл сайлаудың сценарийі, кім сайланып, кім қатысатыны және науқанда кімдердің қандай қызмет атқаратыны алдын ала белгіленген. Оппозициялық топтардың ауызына құм құйылып отыр. Ал аймақтардағы әкімдер биліктен тек қана пәрмен күтуде. Сайлау туралы жариялау мен оның әділ өтуі – екі бөлек дүние. Біздегі мемлекеттік аппарат сайлау өткізудің бір ғана түрін біледі. Басқаша жасауға қауқарсыз», - деді ол.

Ал биліктегіден өзге партиялар халық көңілінен шығатын бағдарлама жасап, додаға бел шеше кірісіп кетуге құлықты ма?

Саясаткерлердің барлығы тілін безеп, үміткер шығарады деп отырған төрт партия: «Ақ Жол», «Қазақстан коммунистік халық партиясы», «Ауыл» партиясы және «Nur Otan» партиясы.

Биліктегі партия қатарынан шығатын үміткердің салмақты болары анық. Ол үміткер қазіргі президенттің өзі болуы да әбден мүмкін.

Кезектен тыс сайлау туралы жарияламас бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақ Жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевті, «ҚКХ» партиясының Орталық Комитетінің хатшысы Айқын Қоңыровты, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаевты қабылдағанын білеміз.

Бұл басқосуда не шешілді, президент кімге қандай нұсқау берді? Бұл жағы беймәлім.

Енді келесі дүниеге назар аударып көрелік. Соңғы сайлауларда өзін-өзі ұсынушы азаматтар қатары сиреп кетті. Өздері нан таппайтынын білді ме, әлде халықтың оларға пысқырып та қарамағаны көңілдеріне қаяу түсірді ме, әйтеуір бір бұлыңғыр дүние...

Сондықтан, алдағы сайлауда үміткерлер партия немесе қоғамдық қозғалыстар қатарынан шығатыны белгілі.
"Доданы қыздырады" деген азаматтардың қаржы мәселесін алға тартып, съезд шешімін сылтауратып тартыншақтауы күдік туғызады-ақ. Ал екі сөзінің бірі «халық» болып, атойлап тұрған ұлтшыл азаматтардың қаржылық әлеуеті мен маңызды бағдарламалары болмай діңкелеп отыр. Ел қамында сөйлеу мен нақты жобалар арқылы оны дәлелдеу екі бөлек нәрсе екеніне осы тұста көз жеткендей.

Ұтымды бағдарламалар, нақты жоспарлар, сан түрлі көзқарастағы халық, нақты дауыс саны, бұлар – әділ сайлаудың бейнесі.

Тоқаев уәде еткендей, сайлау науқаны да, сайлау қорытындысы да ерекше әділ болса, мемлекеттік басқару жүйесінің тұтқасы өзге уысқа көшкеніне дәлел.

Ал ұлтшылдар билікті тек түсінде көріп жүр. Оянғанда сол жаққа қарап бір есінейді де, қалыпты соқпағымен тарта береді. Оларды халық қолдағанымен, билік оларды қалай ма?!.

Әділет Мәдениет

Gulim Zhaqan

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универистиетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірдім. 2017 жылдан бері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімін. 2016 жылы оқуды бітіргенімде ұстаздық ету немесе журналист болу деген екі түрлі таңдау тұрды алдымда. Біріншісін көрейін деп алғашында кішігірім курстарда сабақ беруден бастадым. Кішігірім курстардың өзінен шабыт ала алмаған мен өзгеден бұрын өзіңе үйретерің көп болуы тиіс білім бұлағы мектепке барудан тартындым. Сөйтіп шабыттардың, шығармашылықтардың мекені - журналистикадан бірақ шықтым. Жаздым, жазып жүрмін, жаза беремін - бұл менің өмірім! Болашақта өзге басылымдарға ауыссам да, қамшы қолымнан ешқашан түспейді. Осыны түсіндім.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір