10 Сәуір, 2019 Әлеумет

Белдемше киген еркектер тарихы

Шотландиялық мәдениетте килт кию ер адамдардың азаттығын, сабырлылығын, өр мінезін аңғартады екен-мыс.

Шотландиялық мәдениет. Бұл ел азаматтарының белдемшеге құмарлығының сыры неде?

Шотландиялық мәдениетпен аз-кем таныстығыңыз болса, бұл елдегі ер адамдардың «килт» деп аталатын әйелдер белдемшесіне ұқсас киімге әуес екенінен хабардарсыз.

Килт тарихына көз жіберсек, ол алғашында дәл бүгінгідей қалыпта болмаған. Тіпті, оның ұзындығы 8 метрге дейін жетіп, түрлі қызметтерді атқарған. Мәселен, килтті жауын жауса, плащ етіп киюге, салқында жамылғы етуге болады екен. Бірақ мұның барлығы өткеннің еншісінде болған. Қазір тек белдемше қызметі килттің құзырында.

Шотландиялық мәдениетте килт кию ер адамдардың азаттығын, сабырлылығын, өр мінезін аңғартады екен-мыс. Алғашында «фламор» аталған киім түрі кейіннен «килт» атауына өзгерген. Атаудың өзгеруіне киімнің атқаратын қызметі мен қалпының өзгеріске ұшырауы себеп болған шығар, бәлкім.

Дәстүрлі килт тігісіндегі сызықшалар мен торлар «тартан» деп аталады. Килт туралы деректер 1594 жылғы жазбалардан бастап кездеседі. Сол кездегі деректерге сүйенсек, тігіс пен торлардың орналасу тәртібі киім егесінің қандай топқа жататынын анықтап береді екен.

Аңызға арқа сүйесек, килт тұрмыстық қолданысқа 1725 жылдардан бастап енді. Ағылшындық Роуленсон Шотландияда кен балқытатын зауыт салып, жергілікті азаматтарды жұмысқа алады. Зауытта от үзілмейтіндіктен, оның іші соншалықты ыстық болуы шартты дүние. Сол кезде жұмысшылар жоғарыда айтылған фламордың үстін кесіп тастап жүрген. Міне, осыдан кейін фламор белдемше кескіндес килтке айналып шыға келді.

Танымалдылық құпиясы

16 ғасырда шотландиялықтар килтті дәстүрлі түрде кие бастады. Өйткені, бұл елдің климаты өте дымқыл және көп мөлшерде жауын-шашын түсетін. Ал жүннен тығыз тоқылған килт су тартпайтын және тез кебетін қасиеттерге ие.

1746 жылы жазылған жазбада: «Бұл киім ер адамдарға белгілі бір деңгейде қолайлылық туғызады. Сондықтан, оған үйренгендердің оны тастауы екіталай. Килт арқылы жылдам жүріс жасауға, жүгіруге көп мүмкіндік бар. Сондай-ақ, килт орманда да, тауда да, үйде де тұрмыстық шаруаларды атқару барысында өте қолайлы», - делінеді.

Шалбарға қарағанда қолайлырақ...

Шалбар – көшпенділер мен егіншілерден шыққан дүние. Ол қолайсыз ауар айында тез дымқылданады және қимылдауға кедергі жасайды. Ал ұзақ жүріс кезінде шалбар адамның аяғын қажап тастауы да ғажап еес. Соғыс кезіндегі әскерлердің көпшілігі бұл мәселеге шалдыққан. Демек, килт күнделікті шаруа барысында ең оңтайлы дүниелер қатарына жатады.

Бұдан бөлек, дымқыл климаты бар жерлерде килттің ауа кіріп тұратын торлары мен тігістері вентилация рөлін атқарады. Сондықтан, әлемнің көптеген елдерінде кеңселік стильге томпақ келсе де, белдемше немесе килт киюге рұқсат береді.

Әділет Мәдениет

Gulim Zhaqan

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универистиетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірдім. 2017 жылдан бері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімін. 2016 жылы оқуды бітіргенімде ұстаздық ету немесе журналист болу деген екі түрлі таңдау тұрды алдымда. Біріншісін көрейін деп алғашында кішігірім курстарда сабақ беруден бастадым. Кішігірім курстардың өзінен шабыт ала алмаған мен өзгеден бұрын өзіңе үйретерің көп болуы тиіс білім бұлағы мектепке барудан тартындым. Сөйтіп шабыттардың, шығармашылықтардың мекені - журналистикадан бірақ шықтым. Жаздым, жазып жүрмін, жаза беремін - бұл менің өмірім! Болашақта өзге басылымдарға ауыссам да, қамшы қолымнан ешқашан түспейді. Осыны түсіндім.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір