09 Сәуір, 2019 Әлеумет

47 жылдан бері Айға адам ұшпады. Неге?

Жат планеталықтардың жолаушыларды жақтырмауы – ғарыш сапарларының тоқтап қалуының басты себебі ретінде көрінеді.

Жер ғаламшарының серігі – Айға адамзат тарихында небәрі 12 ғарышкер ғана ұшыпты. Түрлі миссияларды атқару мақсатында ұйымдастырылған «ғарыш жорықтарының» небәрі үш жылға (1969-1972) созылуының себебі неде?

Ашық ғарыш кеңістігіне сапар шегіп, Айға алғаш табан тіреген астронавт – америкалық әйгілі Нил Армстронг. Дегенмен, америкалықтың сапар барысынан түсірген фотолары мен көлеңкелер траекторияларын зерттеген мамандар оның жер серігінің бетіне АҚШ туын қадап қайтқанына күмән келтіреді. Тіпті, кейбіреулер бұл фотосуреттерді Голливуд павильондарының бірінде арнайы жабдықталып, миллиондаған қаражат бөліп түсіргеніне бек сенімді.

Бізге керегі – айды аспанға шығаруға асығып жүретін америкалықтардың немесе күллі адамзат баласының 47 жыл бойы жер серігінің бетіне ат ізін салмауының себебі.

«NASA» әуе-космос агенттігі арнайы жасақтаған «Аполлон-8», «Аполлон-13» кемелерімен ұшқан Джим Ловелл мен «Аполлон-11» кемесінің тізгінін ұстаған Базз Олдриннің айтуынша, Айға ұшу мен ондағы жағдайды зерттеу халықаралық һәм мемлекеттік саясаттың дегеніне бағынышты. Бұл бағыттағы шиеленістер мен кедергілерді, не мақсатта бюджеттен қыруар қаражаттың бұл жолға шығындалатынын қарапайым адамдар түсіне бермейді-мыс.

Ал  NASA-ның кәнігі астронавттарының бірі Джеффри Хоффманның мәліметіне сүйенсек, жұмыртқадан жүн қырыққан бүгінгі буынның миллиардерлері Айдан да ақша табуға ұмтылады. Демек, жер серігінің бетінде адамзат баласының ізі көбейетін күн жақын.

Айға табан тіреген астронавттардың сұхбаттары мен олар түсірген суреттер ғалам жұртына жат планеталықтардың жолаушыларды жақтырмауы – ғарыш сапарларының тоқтап қалуының басты себебі ретінде көрінеді.

Айға ұшу

Алып қорған іспетті нысандар, жылжитын өте жарық денелер мен зымыран тектес дүниелердің камераға түсіп қалуы – «Ай бетінде адам жолықпаған тіршілік бар ма?» деген бұлыңғыр сұрақтың туындауына себепкер. Десек  те, тылсым тіршіліктен қорқыныш – аталмыш сапардың 47 жылға тежелуіндегі негізгі себеп емес.

Негізгі себеп – жер серігіне бару ақысының тым қымбаттығы. Ресми мәлімдемелерге сүйенсек, бұл жолдың құны 120-133 миллиард доллар тұрады екен.

Ең қызығы – осы уақытқа дейін бюджеттен қарастырылмай келген қаражатты өткен жылы АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың бөлуі. Ол осы бағытты өркендетуге 2017 жылғы Ай айналасын барлау жорығына жұмсалған ақшадан әлдеқайда жоғары соманы шығындамақ. Жоба 2023 жылға қарай жүзеге асуы тиіс деп жоспарланған.

Бірақ... осы жерде тағы да бір бұралаң жол байқалады. Егер Дональд Трамп сайлауда екінші рет жеңіске жетпесе, бұл жоба тағы да ондаған жылдарға кейіндеп қалғалы тұр.

Қалай десек те, Айдың бетінде станциялар салып, ғарышқа тереңірек ену үшін зымыранға арналған арнайы бекеттер тұрғызылса, ғылымға жаңа ашылулар енері сөзсіз. Бұл – жер серігінің бетін зерттеу әлем ғалымдары үшін күн тәртібіндегі мәселе деген сөз.

Әділет Мәдениет

Gulim Zhaqan

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универистиетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірдім. 2017 жылдан бері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімін. 2016 жылы оқуды бітіргенімде ұстаздық ету немесе журналист болу деген екі түрлі таңдау тұрды алдымда. Біріншісін көрейін деп алғашында кішігірім курстарда сабақ беруден бастадым. Кішігірім курстардың өзінен шабыт ала алмаған мен өзгеден бұрын өзіңе үйретерің көп болуы тиіс білім бұлағы мектепке барудан тартындым. Сөйтіп шабыттардың, шығармашылықтардың мекені - журналистикадан бірақ шықтым. Жаздым, жазып жүрмін, жаза беремін - бұл менің өмірім! Болашақта өзге басылымдарға ауыссам да, қамшы қолымнан ешқашан түспейді. Осыны түсіндім.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір