09 Сәуір, 2019 Оқиғалар

Аты аңызға айналған "Бутырка" түрмесінен қашып шыққан кімдер?

Қаптаған темір торлар мен қырағы күзетшілерді қапы қалдырған «ептілер» туралы не білеміз?

Қаптаған темір торлар мен қырағы күзетшілерді қапы қалдырған «ептілер» туралы не білеміз?

«Бутырка» – Мәскеуде орналасқан, аты аңызға айналған тергеу изоляторы. ТМД елдерінің көпшілігіне бұл түрме «17 мгновений весны» фильмі арқылы танымал. Кинодағы түрме картиналары, ұзын дәліздер, қырағы күзетшілер, бірнеше қабаттан тұратын темір торлар бұл жерден ешкімнің қашып шыға алмайтынына көрерменін толық сендірді. Ал анығында, «Бутырка» түрмесінде бірнеше рет қашу операциялары жоспарланып, бірқатары жүзеге асқан.

Бутырка түрмесі

Бутырка түрмесі

Айтулы 90 жылдар...

«Бутырка» түрмесінен қашу операцияларының сәтті жасалғаны және алғаш рет жүзеге асқаны 1992 жылы еді. Бұл операцияны изолятор шатырында орналасқан серуендеу алаңынан сытылып шығып, құрылыс алаңы арқылы көшеге шығып кеткен екі тұтқын орындады. Ең қызығы, тұтқын киімін киген екеудің көшеге негізгі есік арқылы емін-еркін шығып кетуі.

Соған қарағанда, Кеңес үкіметінің ыдырау кезеңіндегі былықтар мен тәртіптің әлсіреуі аты аңызға айналған айбынды түрмені де айналып өтпегенге ұқсайды. Дегенмен, таң қалдыратын қашу операциясын орындаған екі тұтқын бостандық қызығын көп сезіне алмады. Араға екі күн салып тәртіп сақшылары оларды қолға түсірген.

Келесі сәтті орындалған операциялардың бірі 1996 жылдың маусым айында орын алған. Саратов облысының 26 жастағы тұрғыны Наталья Сухожердева заңсыз валюта саудасымен айналысқаны үшін және заңсыз қару сақтағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылады. Жаза мерзімін өтеу орыны «Бутырка» түрмесі екенін білгенде Наталья айла-шарғыларын ойластыра бастайды. Өйткені, апелляциядан үміт күтудің өзі ақымақтық секілді көрінді.

Камерадағы тағдырласы – Натальяның айласын жүзеге асыруға көмектесетін жалғыз құрал еді. Себебі, ол бір күннен соң жаза мерзімі түгесіліп, бостандыққа шықпақшы. Оның басын айналдырған Наталья камералас қызды іште қалуға, ал өзі оның орынына шығуға көндіреді. Екінші тұтқынның бұл ұсынысты қабылдауына Натальяның сыртқа шыққасын бұны неге босатпай отырғаны туралы дау көтеруге берген уәдесі мен өзге сый-сияпаттары себеп болған.

Камералас қыздың өмірбаянымен толық танысқан Наталья шығар уақытта ешқандай күдік тудырмай, айбынды түрменің ауыр есіктерінен оп-оңай шығып кеткен-ді. Бірақ артынша бостандыққа шығуы тиіс болған қыздың әлі абақтыда отырғаны туралы дау көтеріле бастағанда ғана құқық қорғау қызметкерлеріне барлық мәселе түсінікті болды.

Жаппай із кескен тәртіп сақшылары оны бірнеше күннен кейін жергілікті базарлардың бірінде қолға түсіреді. Өз мүмкіндігін оңтайлы пайдалана алмаған жас қызға ендігі уақытта мерзімді толық өтеуден өзге айла жоқ еді...

«Нөлдіктер» межесінде...

Осындай жағдайда 2000 жылы түрлі қылмыстары арқылы тұтқындалған грузин азаматы  операцияны сәтті орындаған. Ол тергеу актілері аяқталуын күтіп отырған камералас азаматпен келісе отырып, оның орынына сот залына барады.

Сол жерде оның қолындағы кісен шешіліп, бостандыққа шыққан. Қылмыскер асықпай ғана атышулы абақтыны артқа тастап кете барған. Бірақ оның қуанышы ұзаққа созылмады. Азаматтан күдіктенген құқық қорғау органының қызметкерлері оны көп уақыт өтпей қайта қолға түсірді.

Абақты тарихындағы ірі қашу операцияларының бірі 2011 жылы тіркелді. Үш қылмыскер қасықты пайдалану арқылы цементті еденді тесіп, кәріз жүйесі жүргізілген жолға жетеді. Сол жол арқылы олар емін-еркін камераны артқа тастаған. Қашып кеткен үш қылмыскердің екеуі тез арада құрықталса, біреуін қолға түсіруге бір жарым жыл уақыт қажет болды.

«Өрмекші адам»

Атақты абақтыдан ерекше қашып шыққан қылмыскерлердің бірі – Беларусь азаматы Виталий Островский. 2010 жылдың 22 наурызында Островский камералас қылмыскермен бірге жуынуға жөнелтіледі. Сол кезде Виталий күзетші мен санитарлық қызметкерді итеріп, жан-тәнімен кірпіштен соғылған дуалға қарай жүгіреді.

Күзетші оның артынан жүгіруге бата алмады. Себебі, артынан жүгірсе, жуынуға келген екінші қылмыскерді қараусыз қалдыратын еді. Ал Островский аса үлкен жылдамдықпен келіп, биік дуалға өрмелеп шығып, ары қарай асып түседі. Ең қызығы, оның бұл әрекетін бақылаушы қызметкерлердің ешбірі байқамаған.

Островский биік дуалдан асып түсе салысымен, беті ауған жаққа жүгіре жөнеледі. Кейін белгілі болғанындай, Островский түрлі тәсілде секіруден Белоруссия чемпионы екен.

Қылмыскерді араға екі жыл салып Финляндияда қолға түсіреді.

Әділет Мәдениет

Gulim Zhaqan

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универистиетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірдім. 2017 жылдан бері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімін. 2016 жылы оқуды бітіргенімде ұстаздық ету немесе журналист болу деген екі түрлі таңдау тұрды алдымда. Біріншісін көрейін деп алғашында кішігірім курстарда сабақ беруден бастадым. Кішігірім курстардың өзінен шабыт ала алмаған мен өзгеден бұрын өзіңе үйретерің көп болуы тиіс білім бұлағы мектепке барудан тартындым. Сөйтіп шабыттардың, шығармашылықтардың мекені - журналистикадан бірақ шықтым. Жаздым, жазып жүрмін, жаза беремін - бұл менің өмірім! Болашақта өзге басылымдарға ауыссам да, қамшы қолымнан ешқашан түспейді. Осыны түсіндім.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір