• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:19:14
Алматы
+35°

09 Сәуір, 2019 Саясат

Мемлекет басшысының өкімімен Бауыржан Жұмаханұлы Омаров Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл журналистер қауымы үшін өте жағымды жаңалық.  Ең басты айтпағымыз –Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңайына қазақтілді, ұлтжанды, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, азат ойлы азаматтар жинала бастады.

Қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік орны бар Бауыржан Жұмаханұлын жалпы қауымға таныстырып жатудың өзі  артық. Жалынды жастық шағында журналистиканың бастауын «Жас Алаштан» бастаған ол қалай жазуды, қайтіп жазуды, неге жазуды жас  тілшілерге үйретті. Журналистикада Бауыржан Омаровтың өзіндік жазу мектебі қалыптасты. Оның қолтаңбасы қаламгер қауымға жақсы таныс. Ол шебер журналист, мықты қаламгер, парасатты ұстаз, терең білімді әдебиетші ғалым және мемлекетшіл азамат.

Омаров – жады мықты журналист. Қырық жылғы деректер мен оқиғаларды құлпырта баяндап, шынайы жазудың асқан шебері. Ол – мықты Бас редактор.

Бауыржан Жұмаханұлының Бас редакторлығы «Айқын» газетін  басқарған уақытта айрықша көрінді. Газеттің екінші тынысы ашылды. Басылымда бұрын-соңды болмаған тақырыптар көтерілді. Мақалалар өзектілігімен ерекшеленді.

 «Айқын» газетінде маған Баукеңнің орынбасары болу бақыты бұйырды. Баукеңмен бірге жұмыс істеу оңай әрі қиын. Оңайлығы – оның тиянақты әрі  тынымсыз, тоқтаусыз жұмыс істейтінінде. Өйткені өзің де үнемі Баукеңе ұқсап, серпінді кейіпте жүресің. Қиындығы – оның үнемі жауапкершілікті сезініп жүретіндігі. Ал басшың тиянақты болса, сенің тиянақсыз болуың мүмкін емес.

Журналистикада, жалпы әдеби  ортада  «Бауыржан Омаровтың афоризмдері» деген жалпақ ұғымға айналып кеткен сөз тіркесі бар. Оның өзін жинақ етіп шығарса,  бір томға жүк етуге болады.

Ол бәріне үлгереді. Жедел әрі ұқыпты жұмыс істейді. Өте сауатты. Ең көкейге қонатыны –таза адам. Жұмыста қатал, бірақ әділетті. Сол үшін оны айналасындағылар сыйлайды. Басқа қызметке кетіп, жұмыс ауыстырып жатса да, ол туралы жағымды жылы әңгімелер тізбегі жалғаса береді.

Баукеңді білгің келсе,  танығың келсе, оның «Қаратерең вальсі»,  «11 –ші қаламұш» еңбегін оқыңыз.

Сонымен бүгін Бауыржан Жұмаханұлы Омаров Президент кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл белестегі қиын жұмысты Омаров ойдағыдай адал атқаратынына  бек сенімдеміз.

...Баукең туралы  әңгіме мұнымен бітпек емес.

***

Президент кеңесшісі туралы керек дерек

Бауыржан Жұмаханұлы Омаров 1962 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы Арал ауданы Қаратерең ауылында дүниеге келген. Филология ғылымдарының докторы (2001), профессор (2002), Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2013).
1986 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін (қазіргі ҚазҰУ), 1998 жылы Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін, 2006 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған.
1986-1994 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің тілшісі, аға тілшісі, аудармашысы, бөлім меңгерушісі, 1994-1996 жылдары ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, 1998–2000 жылдары аға ғылыми қызметкері (докторант), 2002-2003 жылдары профессоры, 1996-1997 жылдары Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры, 1997-1998 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары – Қызылорда арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары, 2000-2003 жылдары Қазақстан БҒМ М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, 2001-2002 жылдары «Қайнар» университетінің профессоры, 2003-2006 жылдары ҚР Мәдениет министрлігінің Тілдерді дамыту департаментінің директоры, ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, 2006-2009 жылдары "Литер-Media" ЖШС атқарушы директоры, «Астана хабары» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, 2009-2013 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы. ҚР Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2013 жылдан бастап – ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары. 
Ғылыми-зерттеу саласы - әдебиеттану. 1993 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университетінде "Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы" атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2001 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы (генезис, типология, поэтика)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын, қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымын, ежелгі әдебиет мәселелерін зерттеді.
100-ден астам ғылыми жарияланым мен 10 ғылыми және публицистикалық кітаптардың авторы.

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір