• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 12:39:29
Алматы
+35°

08 Сәуір, 2019 Әлем

Алмазбек Атамбаев: Үнімді өшірудің жалғыз жолы – мені өлтіру (видео)

Түрмеде де үнсіз жатпаспын. Құдай мен халық алдында ақпын. Ешқайда қашпаймын, бұл – менің елім, Отаным.

7 сәуір күні Бішкекте 2010 жылғы сәуір оқиғасында қаза тапқандарды еске алуға арналған митинг-реквием өтті. Шараны Қырғызстанның әлеуметтік-демократиялық партиясы ұйымдастырды. Митинг спикерінің бірі елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаев болды.

Спикер ретінде қолына микрофон алған Атамбаев қазіргі президенттің кей әрекетін сынға алды. Сонымен қатар ІІМ мен ҰҚК басшыларына заңды бұзбауын талап етті.

«Биыл 63-ке толдым. Әулие емеспін, жаңылыстым, халық алдында кінәлі болдым. Нағыз мұсылман ретінде кінәмді мойындаймын. Шын сөзім – осы. Мойныңа ауыр кінә артылса, оны ашық айта білуің керек. Халықтан емес, құдайдан қорқамын», - деп монологын бастады Атамбаев.

«30 жыл бұрын құдай маған үйіп-төгіп байлық берді. Қаланың дәл орталығынан мешіт салуға жер таптым. Қала сыртындағы зауыттарды сатып алдым, басшылармен келісімге келдім. Бар қиындықты өткердім. Ал қазір байлықтың да, биліктің де керегі жоқ. Қырғызстанда таза, әділ билік орнаса деймін. Жастар бекер қан төкпесе екен. Бұрындары 2005 жылғы наурыз революциясын ұрлаған Бәкиев деп айтушы еді, қазір Жээнбековтың билігі сәуір революциясына қол сұғып жатыр. Мен соған алаңдаймын», - деді Атамбаев.

Экс-президенттің сөзінше, қазіргі билік кінәсіз адамдарды торға қамап отыр. «Мені де түрмеге жаппақ. Одан да өлтіре салыңдар, халқым дін-аман болуы үшін өзімді құрбан етуге дайынмын. Мен алдандым. Айналамда бәрі «Сооронбай – сенің досың» дейді, қалайша алданбайсың? Конституция бойынша президент азаматтардың еркіндігін, құқығын шектемеу керек. Бірақ Жээнбеков Конституцияға қарсы шығып жатыр», - деді тағы.

«Ең бастысы елімізде тыныштық болса екен. Алайда билік халыққа қарсы күш қолданса, іс насырға шабады. Халықтың қаһары күшті, оны тоқтату мүмкін емес. Сол үшін «тоқтаңдар!» дегім келеді. Мұны мен айтпағанда кім айтады? Мен шықпағанда кім шығады? Қажет болса, жалғыз өзім «Ақ үйге» барамын.

Халық тағы көтеріле ме деп қорқамын. «Жээнбековті Атамбаев әкелді» деп айта ма деп алаңдаймын. Халық мені қашып кетеді деп ойлайды, бірақ менің үнімді өшірудің жалғыз жолы – өлім. Түрмеде де үнсіз жатпаспын. Құдай мен халық алдында ақпын. Ешқайда қашпаймын, бұл – менің елім, Отаным!» - деп сөзін қорытындылады Атамбаев митингіде.

Айта кетейік, өткен аптада Жоғарғы Кеңес экс-президенттерге қол тигізбеу құқығынан ажырату жөнінде заң жобасын үшінші оқылымда бір дауыстан қабылдады.

Бұған дейін Конституциялық палата «экс-президентке қол тигізбеу құқығын алып тастау соңғы президентке импичмент жариялау процедураларынан жеңіл болмауы керек» деген пікірін білдірген.

«Президенттің кепілдіктері жөніндегі» заңға өзгерту енгізу бойынша Жоғарғы Кеңестегі «Өнүгүү-Прогресс» фракциясынан Исхак Масалиев пен «Республика – Ата ұурттан» Курманкул Зулушев ұсыныс білдірген. Парламент бұл заң жобасын былтыр желтоқсан айында бірінші оқылымда көпшілік дауыспен мақұлдаған.

Экс-президентке қол сұғылмауды алып тастау жөнінде алғаш рет 2018 жылы Бішкек Жылу электр орталығындағы апаттан кейін көтерілді. Депутат Масалиев бұған тікелей президент Алмазбек Атамбаевтың қатысы барын айтқан.

Ұсынған: Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір