• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 22:46:16
Алматы
+35°

30 Наурыз, 2019 Саясат

Әкімдер Үкіметке неге қызықты механизмдер ұсына алмайды?!

Әкімдер «Президеттің айтқанын орындадық» деп мәз.

Президенттің «әлеуметтік желіден қашпаңдар» дегені сол екен, елдегі әкім атаулы қазір әлеуметтік желілерге қосылып, жеке парақшаларын ашып жатыр.  Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтан бастап әкім атаулы твиттер мен фейсбукке тіркеле бастады. Желі қоллданушылары енді әкімдерге мұңымызды айта аламыз деп мәз, ал әкімдер «Президеттің айтқанын орындадық» деп мәз. Ал біздегі ой «осы біздің әкімдер Үкіметке неге қызықты механизмдер ұсына алмайды» деп қынжыламыз.

Мысалы, ауылды-аймақтардағы мәселелерді тарқатсақ, елімізде 282 млн гектардан астам жайылымдық жер бар. Қынжыларлығы, сол көлемді жайылымдық жердің 30 пайызын ғана ұқсатып отырмыз. Ал қалғаны пайдаланылмай отыр. Келешекте біз жеріміздің құнарлылығын көтеріп, өндірістік, өнімділік қабілетін арттырамыз десек, жаңашылдыққа бет бұрып, бұрын астық егілген, қазірде бос жатқан жерлерге көпжылдық шөптер егу мәселесін қолға алуымыз керек емес пе?!

 «Бірақ  бұл мәселеге аудан-ауыл көлеміндегі әкімдердің бұл мәселеген бас ауыртқанын көрмедік» дейді мамандар. Екінші бір мәселе,  елімізде барлығы 175 аудан болса, соның ішінде 72 аудан дамуы жағынан кенжелеп қалған. Міне, осы дамуы кенжелеп қалған ауыл аймақтардың мәселесі де бүгінде жабулы күйінде қалып барады. Сала мамандарының пайымдауынша, біздегі әкімдіктерде мәселелерді шешуге деген белсенділік жоқ.

Бұған қатысты экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов, әкімдерге қаржыны ұстаттырып үйрету керек екенінін алға тартты.   

«Бізде ауыл шаруашылығы мәселесімен тек қана ауыл шаруашылығы министрлігі айналысып жүр. Меніңше, ауыл-аймақты дамытуды тек қана бір министрліктің арқасына артып қою дұрыс емес. Бұл істе жергілікті әкімшіліктерге де өзіндік міндеттеме жүктеу керек. Жергілікті әкімдер өз ауыл-аймағының жай-жапсарын жақсы білетіндіктен әрбір реформаны әкімшіліктер арқылы жүргізсек жөн болар еді. Бұл үрдіс ауылға бөлінген қаржының діттеген жеріне дәл жетуіне ықпал етер еді. Себебі қазір ауылға бағытталған қаржыны орта жолдан қағып алатын делдал холдингтер, акционерлік қоғамдар жетіп-артылады. Осыдан барып ауылға бөлінген қаржы ақыр шенінде талан-таражға түсіп кететіні де рас. Сондықтан бұл жерде әкімдердің қауқарын арттырған абзал. Бөлінген қаржы діттеген жеріне жетсе ғана ол сала оңтайланады емес пе?! Ендеше бізге жергілікті әкімдердің белсенділігін арттыратын кезең әлдеқашан жетті. Бұл біз үшін өзекті мәселе» дейді Атамұрат Шәменов.

Маманның байыптауынша, дамыған және дамушы елдерде бұл мәселе оңтайлы шешілген. Тіпті көрші Ресейде, Әзірбайжанда, Арменияда жергілікті әкімдердің экономикалық өзгерістерге сай өзіндік шешім қабылдауы, қызықты механизмдер ұсынуы жап-жақсы реттелген екен.

«Өзге елдердің әкімдері ауқаттыларды ауылдарына инвестор болуға шақырып, оларға белгілі бір қызықты ұсыныстар айтып халыққа тиімді жолдарын ұсынады. Ал біздегі әкімдерге үкімет бір ғана баға саясатын адағалауды тапсырып еді. Соның өзінде кейбір әкімдер базардағы бағаға ие бола алмай, саудагерлерге  «бағаны өсірсеңдер басың кетеді» деп сес көрсетуден әрі аса алмай қалды. Бұл ретте жергілікті әкімдер неге нарыққа қатысты қызықты ұсыныстар ұсынбайды?! Мәселен, әр әкім өз ауданында әлеуметтік жеңілдікпен тауар сататын кішігірім дүкендер желісін құруға неге қаражат қарастырмайды?! Өнім өндірушілердің тікелей өзімен кездесіп, сол дүкендерге арзан тауарларды делдалдарсыз  тікелей зауыттан арзан бағаға әкеліп самсатып қойса өнім арзан болмағанда қайтеді?! Міне, біздің әкімқараларда осындай қызықты бағытта жұмыс істеу жағы кемшін»,- деді экономист-ғалым Атамұрат Шәменов.  

Ғалымның бұл пікірін экономист сарапшылар да қуаттап отыр «Қазіргі ақпараттық даму заманында тек қана Үкіметтен көмек күтіп отыру дұрыс емес» дейді ғалымдар.

«Қазіргі технологиялардың даму ғасырында әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр. Көптеген елдер күн және жел энергиясына назар аударуда.  Көрші Ресей  болашақта 65 пайыз энергияны күн мен желден алуға баса назар аударуда. Өзбекстан да осыған қатты назар аудара бастады. Көптеген елдер жоқтан бар жасап отыр. Нанотехнология, биотехнологияның арқасында үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізетін заман туды.
Келешекте мұнайға сұраныс азаяды да, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артады. Сондықтан біз ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырғанымыз абзал. Осы орайда ауылдық аймақтарды басқаруға білікті, білімді азаматтар тартылуы қажет. Себебі қазір аудан-ауыл көлемінде «өкімет өлтірмейді» деген беймарал түсінікпен күн кешуге болмайды. Бір қиыншылық болса Үкіметке иек артып отыратын әкімқаралар бар. Керісінше, әкімдер Үкіметке қызықты ұсыныстар айтып, жаңа механизмдер ұсынып жаңашылдыққа ұмтылуы керек. Осыған орай  жергілікті әкімдіктердің өзін-өзін басқару жүйесіне нақты қадалағау енгізу қажет. Әкімдердің өзін өзі жетілдіріп, жергілікті жүйені нарыққа сай сауатты басқаруына мүмкіндіктер берілуі тиіс. Керек болса олардың білімін де жетілдіріп отырған жөн»,- дейді экономист-сарапшы Марал Төртенова.

Міне, мамандардың пайымдауынша, әкімдер әлеуметтік желіде емес, әлеуметпен байланыста белсенді болуы керек. «Халықтың жайын тек мінбеде ғана айтып, мінбеден түсе бере баяндамасы жайлы ұмытып кететін де әкімдер барын алға тартқан мамандар «әкім елдің жайын ойлайтын азамат болса, оны фейсбук пен твиттерге тіркелмей-ақ халық білер еді, құрметтер еді» дейді.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір