• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 02:03:05
Алматы
+35°

07 Наурыз, 2019 Әлеумет

Әскери жолды таңдаған нәзік жанды ару: Әрбір сарбаз – балаларым

Аяжан Әділбекқызының жолдасы да әскери қызметкер, бүгінде олар екі баланы тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.

Кез келген адамның өмірінде таңдау жасау керек уақыт болады. Мұндай жағдайда біз бар құндылықтарымызды, бағалайтын, жақсы көретін, дұрыс деп білетін нәрселерімізді еске аламыз. Себебі таңдау жасауда біреудің емес, тек өзіміздің шешіміміз маңызды, бағалы болады. Тек өзіміздің шешіміміз шындықты айғақтайды.

Таңдау жасайтын кез – ең ауыр деп саналады. Себебі шешім қабылдаған соң артқа шегінерге жер табылмайды. Кейде шешімді тез арада, бір мезетте қабылдау керек болатын жағдайлар туындайды. Сонда сіз ішкі дауысыңызға сеніп, дұрыс шешім табуыңыз керек. Әйтпесе біреу сіздің орныңызға таңдау жасап, бүкіл өміріңізді өзгертіп жіберуі мүмкін. Сол себепті ешқашан таңдау жасаудан қорықпаңыз. Бұл – сіздің өміріңіз. Оны өз ойыңыздағыдай өткізуге талпыныңыз.

Аяжан Хамза

Өз мамандығын екінші таңдаудан тапқан Астана қаласындағы 6636 әскери бөлім психолог маманы аға лейтенант Аяжан Хамза туралы біз не білеміз? 2013 жылы Ұлттық ұлан қатарына келіп, 3660 әскери бөлімінде қызметші еңбек жолын бастаған. Араға бір жыл салып әскери погон тағып, 6636 әскери бөліміне психолог лауазымына тағайындалады. Содан бері оннан аса шақырылымның сарбаздарын қабылдап, әскери қызметке рухтандырып, шығарып салған. Екі мәрте Павлодардағы Қорғаныс істері жөніндегі департаменке барып, жас сарбаздарды арнайы психологиялық тексерістен өткізе отырып алып келген.

Аяжан Әділбекқызының жолдасы да әскери қызметкер, бүгінде олар екі баланы тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Алайда, «Менің балаларым – сарбаздар» дейді. Қызмет атқарып жүрген әскери бөлім басшылығы да психологтың жұмысына көңілдері толатынын, үйден гөрі жұмыста көбірек жүретіні, сарбаздардың жанынан әркез табылатынын тілге тиек етті. Психологтың айтуынша, сарбаздармен жұмыс жасау оңай емес. Ашылып, ішкі сырын айтып сөйлесетіндер бар, үндемейтін тұйық жауынгерлер де бар, оларды сөзге тарту қиынға соғады екен. Дегенмен, психология мамандығын тереңірек меңгергендігінің, сондай-ақ оқу-тәжірбие алмасудағы түйгенінің арқасында амалын тауып жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Аяжан Хамза

Сарбаздардың алуан түрі келетінін ескерсек, қазақ, я орыс тілдерін білмейтін немесе мүлдем әріп танымайтын сарбаздармен тіл табысу, оларға психологтың қызметі не үшін керек екенін түсіндіру қиынға түскен сәттерде ата-аналарды да көмекке тартады. Сол кісілердің белсенділігі арқылы да біраз сарбаздардың ең бірінші өзіне деген сенімділігі қалыптасады. Аға лейтенант Аяжан Хамзаның міндетіне сарбаздардан бөлек, келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен де психологиялық жұмыстар жүргізу кіреді. Олармен жұмыс жасау оңай деуге келмес. Көбінде отбасылық жағдайларға байланысты мәселелер жөнінде әңгімелесулер болады екен. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, мамандығын жақсы көретін кейіпкеріміз бар білімімен шектеліп қалмай, үнемі ізденіс үстінде, әрі қосымша курстарға барып білімін жетілдіріп жүреді. «Жұмыстың сәтті атқарылуына басшылықтың қолдауы да аса қажет және олардың үнемі қолдау көрсетіп отырғаны қуантады», – дейді қамтамасыз ету полкінің психологы. Олардың қолдауы сарбаздармен жұмыс жүргізу барысында көп септігін тигізеді. Өйткені, жоғары оқу орындары мен магистратура оқып келгендерге қарағанда, мектеп бітіре салысымен келген сарбаздармен тіл табысу жеңілірек. Көбінде жас болғандықтан ба мектептен кейін келген азаматтарды сөзге көндіру, дұрыс пен бұрысты түсіндіру әлдеқайда оңай. Бірақ та, олар бір-екеу ғана емес, қаншама болғандықтан рухани да ауырлық етеді. Осындай жауаптылық пен төзімділікті қажет ететін қызметтің қиындығын еңсеріп жүрген, кішкентай жүрегі қаншама жанға мейірім төгіп тұрған 6636 әскери бөлімдегі ең мықты, әрі ақкөңіл нәзік жандылардың бірегейі – аға лейтенант Аяжан Хамза екені ешбір мақтау сөздерсіз-ақ сарбаздардың жүзінен көрініп тұр.

Қатардағы

Есенбол Иманғазы

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір