• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 08:35:59
Алматы
+35°

07 Наурыз, 2019 Саясат

Алматы саябағы: Қазақстандағы барлық қала Калининнен үлгі алсын!

орталық саябақта қазақ халқының мәдениетінен сыр шертетін бір мүсін болуы керек

Алматы қаласының атақты Орталық мәдениет және демалыс саябағында ежелгі түрік күнтізбесін көрсететін архитектуралық мүсіндер орнатылмақ. Бұл туралы саябақ директоры Владимир Калинин мәлім етті.

Елбасының «Болашаққа  бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы жариялағаннан  бері қазақ жерінің әр түкпірінде тарихтың таңбасын жарқыратқан жақсы қадамдар жасалуда. Соның бірі міне Алматының әсем саябағына қойылатын - ежелгі түркінің күнтізбесі. Оны екі жылға әртүрлі атау беріп, «мүшелмен» есептеу түгел түркінің салты десек, оның қазақ жерінде қайта жаңғыртылуы әбден құптарлық іс.

Басқасын айтпағанда, Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш Алматының төріне қойылғанда, әкім Бауыржан Байбекке жұрттың алғысы ерекше болып еді. Ал түркінің түп қазығы саналатын Алаш топырағында, оның ішінде, мыңжылдық тарихы бар Алматы шаһарында ежелгі түркі күнтізбесі қайта жаңғыртылып жатқаны тіптен қуантарлық іс болды. Бұл тек қазақстандықтардың ынтымақ бірлігін ғана емес, Ұлы даланы жағалай қоныстанған алыс-жақындағы көрші мемлекеттердің де көз қуанышына айналатыны сөзсіз.

–Осы уақытқа дейін Мәдениет саябағында біздің ұлттық құндылығымызды дәріптейтін ешбір мүсін болмаған. Мен Қазақстан азаматы ретінде еліміздің тарихын ерекше құрметтеймін. Сондықтан да орталық саябақта қазақ халқының мәдениетінен сыр шертетін бір мүсін болуы керек деп ойлаймын, - дейді саябақ директоры Владимин Калинин.

Әп, бәрекелді! Шын мәнінде Қазақстан халқының бірлігі мен бекемдігі, болашағы мен кемелдігінде тек мемлекетқұрушы қазақтың ғана мүддесі болмауы тиіс. Бұл мақсат қазақ жерінде өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың асыл мұратына айналғанда ғана ел аман, жұрт тыныш мамыражай тірліктің болатыны айтпаса да түсінікті.

Ал аталған саябаққа түгелдей қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, онда жоғарыдағыдай айта қаларлық елеулі ескерткіштер орнатылып жатса, бұл әрине, тек алматылықтардың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы, абыройы  болмақ.

Берік Бейсенұлы, «Қамшы.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы.

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір