08 Наурыз, 2019 Кәсіпкер

"Аманжол мырза, ақиқатын айтыңыз немесе өзіңіз айтқандай "жоқ" болыңыз"

Бірде танысым Аманжол Рысмендиевтің барып тұрған алаяқ екенін айтты.

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің хат қоржынына танымал бизнес-тренер Аманжол Рысмендиев туралы хат келіп түсті. Автор өз аты-жөнін жасырын ұстауды жөн көрген. Біз өз кезегімізде Qamshy.kz ақпарат агенттігі еркін ой алаңы, ашық талқы мінбері екенін ескерте отырып хатты жариялауды жөн көрдік. Сондай-ақ екінші тараптың да ой-пікірін жариялауға дайынбыз. 

Мотивация... Қазір осы сөзді жиі еститін болдық. Өмірді түбегейлі өзгертетін видеолар, тренингтер және кітаптардың санынан жаңылдық. Әрине, мұны жоққа шығару  мүмкін емес дүние деуге әсте болмас. Себебі бір кітапты оқып мінезін өзгерткендер де, бір тренингке барып өзгеруге бел байлағандар да бар. Сол секілді мен де өз өмірімді өзгерту үшін өзімді өзгертуге шешім қабылдадым. Сөйтіп қазақстандық мотиваторлар туралы ақпарат іздей бастадым. Қазір елімізде бірнеше күнде миллиондаған табыс табуға көмектесетіндердің қарасы көп екен. Солардың бірі — Аманжол Рысмендиев. Оның «От бол немесе жоқ бол» атты жобасы туралы бұрын естігенмін. Алайда аса мән бере қоймадым. Бір күндік тренингтің бағасы аз ақша тұрмайды. Ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, ең арзаны 70 мың теңге болса, ал ең қымбаты 215 мың теңге.   Аз ақша емес, әрине.

Аманжол Рысмендиев

Өзі “Amanzhol Corporation” корпорациясының президенті, бизнесмен екен. Сонымен қатар, бестселлер болған 5 кітаптың, 2 видео-фильмнің авторы және  Б. Момышұлы атындағы медалдің иегері атанған. 9 жылдай тәжірибесі бар мотиватор осыған дейін 130 мың адамның өмірін түбегейлі өзгертіпті. Бұл ақпараттарды оқи отырып, таңғалдым. Тренингке ақша жинап, қатысуға шешім қабылдаған едім. Алайда танысымның айтқанын естіп ойым түбегейлі өзгерді.

Бірде танысым Аманжол Рысмендиевтің барып тұрған "алаяқ" екенін айтты. Сенбедім. Себебі әр айтқан сөзінен ар-намысты ту еткен қазақтың нағыз ер азаматы екенін байқауға болатын еді. Ол Аманжолдың кітаптары плагиат деп айтып қана қоймай айтқан сөзін дәлелдей білді.

Кейін қолына ұялы телефонын алып, 2017 жылғы фейсбук желісіндегі жазбаны көрсетті. Аталмыш жазбада Аманжол Рысмендиевтің кітаптары көшірме екені жазылыпты. Қазақстандық мотиватордың кітаптарының бірінде «4 конверт» ережесі – кез-келген отбасыға бюджетті тиімді жүргізіп, артық шығынға ұшырамауға мүмкіндік беретін тиімді тәсіл туралы жазылған. Нақтылау үшін интернеттен де іздеп көрдім. Таптым. Бір қызығы, Аманжол Рысмендиевтің кітабында жазылған ақпарат сөзбе-сөз 2014 жылы "Жас өркен" сайтында да жарияланған. Бірақ бұл сөздерді Ербол Азанбек есімді жігіт айтыпты. Сонда кім кімнен ұрлады? Керемет бестселлер кітаптың көшірме болып шыққаны ма? 1 немесе 2 емес, 5 кітаптың авторы. Бір кітабы плагиат болса, басқа кітаптарының да көшірме болмағанын кім дәлелдеп бере алады?

Бұл мәселеге қатысты Аманжол Рысмендиев пікір білдіріп, сұхбат та бермеген. Бұрын болып кеткен мәселені несіне қайта жазып отыр деп ойлаған шығарсыздар. Иә, мұнымды дұрыс, не бұрыс деп бағалау өз еркіңіз. Алайда Аманжол Рысмендиевтің қазіргі «табынушылары» күннен күнге көбейіп келе жатыр. Instagram парақшасының өзіне 85 мыңдай оқырман тіркелген. Сондай-ақ олардың басым көпшілігі өзіміздің қарапайым қазақтар. Аздаған қазақтың ішінде еш қорықпастан көшірме жасап отырған Аманжолдың шетелдік кітаптарды да аударып қана оп-оңай ақша тауып отырмағанына кім кепіл?! 

Қазір ол өз тренингтеріне еліміздің танымал жұлдыздарының атынан шақырту жасауда. Баладай аңғал қазақ Қайрат Нұртас, "Алашұлы", Мөлдір Әуелбекова сынды жарық жұлдыздарға имандай сенеді. Ал әлгі әншілер Аманжолдың бұл әрекеті туралы біледі ма екен?! Ай, қайдам... Сырттан қарағанда Аманжолдай намысшыл, Аманжолдай ұлтшыл азамат жоқ секілді көрінеді. Әлгі әншілер соған сеніп, гонарарын алып, әндерін айтып қана қоятын шығар. Басқасына бас қатырып қайтсін?!

Оның "Крезистен шығудың 7 жолы: Жетістікке бастар 77 нақты қадам" атты кітабын да қолыма алып көрдім. Алайда өмірді өзгертетін «ғажайыпты» таппадым. Әрине, бұл кітап әркімге әрқалай әсер етуі мүмкін. Танысымның "Аманжол Рысмендиев барып тұрған ұры" дегенін естігеннен кейін бе, әлгі кітаптағы сөздерді "копировать и вставит" етіп жазғандай көрінді. 

Аманжол Рысмендиев

Аманжол Рысмендиев

Аманжол Рысмендиев

Аманжол Рысмендиевтің намысшыл, қарапайым адам екеніне әлі де сенгім келеді. Сол себепті де қолыма ноутбукті алып хат жазып отырмын. Сондай-ақ аздаған ақшаға күн көріп отырған қарапайым халық алданбаса екен деймін. Кез келген тренингке қатыспас бұрын оратор туралы барлық ақпаратты қарап шыққаныңыз абзал. Эмоцияның жетегінде көрінген тренингке бара берудің қажеті жоқ. Қазір "аузы күйген үрлеп ішеді" демекші, басқа бизнес-тренерлерге деген күмән пайда болды. 

Ал бұл хатымды Аманжол оқиды ма, жоқ па білмеймін. Біздегі оқып, жауап береді деген үміт қана. Бірақ кітаптарын қалай  және кім жазғанын айтуға міндетті деп ойлаймын. Аңғал халық онсыз да аз алданған жоқ. Сіз басқаларға от бол немесе жоқ бол десеңіз, мен сізге ақиқатын айтыңыз немесе өзіңіз айтқандай, жоқ болыңыз дегім келеді. 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір