• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:40:25
Алматы
+35°

Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Соңғы жылдары республикалық ав¬токөлік желілері құрылысы бойынша аса зор, тарихи маңызды жұмыстар жүргізілді. Тұтастай алғанда, біз 12,5 мың км автомобиль жолы мен 2,5 мың км темір жол, теңіз порттарын салдық және жөндеуден өткіздік. Әрине, автобандар салған маңызды, бірақ үйге дейін жол салған одан да маңыздырақ,– деп атап көрсетті. Бұл халық көкейіндегі сөз еді. Мәселен, Шиелі ауданындағы Алмалы ауылы іргесінен «Батыс-Қытай-Батыс Еуропа» автобаны өтсе де жолдың қиыншылығын көріп келеді. Және де мал жайылымынан алшақтап қалған жайы бар.

–Алмалы ауылының барлық жер көлемі шамамен екі жарым мың гектар болса, оның үштен екісінен астамы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолының теріскей бетінде. Ол жаққа қарай бір ғана мал өткелі қалдырылған, оның да іші ыза суға толып тұрады. Арғы-бергі қатынасқа тіптен қолайсыз болып отыр. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізін жобалау кезінде жағарғылардың ауыл тұрғындарымен санаспай, еш қоғамдық тыңдау өткізбестен сырттан тон пішіп, Алмалы ауылына кіріп шығатын бірде бір жол, не көпір қалдырмауы себепті қазіргі уақытта сыртқы көлік қатынасы мен іргедегі өріске малымызды шығару қиындық келтіруде,–дейді ауылдың байырғы тұрғыны, ІІІ-дәрежелі Даңқ орденінің иегері, еңбек ардагері Әбдірақман Биманов.
Рас, бұрындары сол жақ қапталында теміржол мен тас жол қатар жатып, қалған үш жақ беткейі ашық, шаруашылыққа қолайлы ауыл кейінгі өзгерістер салдарынан бұрынғымен салыстырмалы алғанда тілімдей жерде, теміржол мен автодәліздің аралығында қоршауда қалған. Теміржолды кесіп, автожолдан асып өту қиындық туғызары, әрі қауіпті екендігі жұртшылыққа түсінікті. Жоғарыда айтылғандай, теріскей беткейдегі кең алқапқа ауыл тұсынан шығатын жол, не көпір болмауы себепті ауыл малының өрісі де тарылған, шаруашылықпен шұғылдануына да қол байлау.
–Тағы бір қиыншылық,–дейді ардагер.–Облыс орталығы Қызылорда қаласына барып-келу үшін, өзіміз күре жолдың бойында тұрсақ та амалсыз кері жүріп, Шиеліге тәксилетіп барамыз, аяқ ілінген көлікпен кері қайтамыз. Көлік болмаса, Ақтоған ауылының тұсынан түсіп қалып, жаяулатып әурешілікке түсеміз. Ауылға келер тура жол жоқ, өзге ауылдарды аралап келетін бұрылыс болғандықтан өтпелі жолаушылар көліктері мұнда бұрылмайды. Әйтеуір, сарсаңымыз көбейді... Күнде осылай сабылған соң әрине Алмалы ауылының адамдарына қиын тиетіндігі түсінікті. «Жол азабы мен көр азабы бірдей», деп қазақ неге айтқан дейсіз? Тұрғындардың айтуынша, өздерінің мұң-мұқтажын айтып, аудан әкімшілігіне, облыстық бірнеше басқармаларға, тіптен мәжіліс депутаттарына дейін шағымданыпты. Келіп көрушілер «е, орындауға болатын жұмыс екен», – деп жұбатып кетеді де, соңы аяқсыз уәде күйінше қала беретін көрінеді.
–Соңғы жеті-сегіз жыл бойы жоғарғыдағыдай кепті өткеріп келе жатқанымыз шындық. Халықтың мұңына құлақ түрілетін болса, жағдайды жақсартуға әлі де мүмкіндік бар,– дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбек Мұқтаров.
Ал алмалықтардың уәжіне ден қойсақ, ауыл іргесіндегі 20 бекетте жол айырымы қалдырылған. Яғни, үлкен автожолға көліктердің кіріп-шығуына қолайлы тұс. Осыны Алмалы ауылы тұрғындарының пайдалануына мүмкіндік жасауға болады. Ауылды жанай өтетін бұрынғы ескі Самара - Шымкент трассасының 6 шақырым жолы сол бұрынғы күйі жатыр, содан ары қарай 20 бекетке дейінгі аралықтағы небары 700 метр жердің жолын жаңадан көтерсе, арқан бойы ұзындықтың тұсау бойы төтелігі табылады деген сөз. Бұл жоғарыда айтқан түрлі қолайсыздықтарды жойып, жол қатынасын реттейді. Және де Шиеліден шыққан жолаушылар көлігінің Алмалы ауылы үстінен тіке өтуіне мүмкіндік туады. Және де осы маңдағы 21-бекет, Жансейт елдімекендеріне, тіптен аудан орталығының жол қатынас мәселесі де жақсарады. Яғни, жолаушылардың Қызылорда, Шиелі бағытында барып-келуі қалыпты жүйеге түседі. Бұл ауыл адамдарының болжамы дегенде оны жүзеге асыруды құзырлы орындар атқара алады. Айтпақшы, 2016 жылы бұрынғы ескі трасса мен жоғарыда айтқан 700 метрлік жаңа жолды салу үшін 156 млн теңгеге смета жасалынса да, нақты уақытқа дейін қозғаусыз қалғандығы өкінішті. Сондай-ақ, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан әлгі кіре-беріс өткел маңына Алмалы ауылының белгісін қою туралы тұрғындар өтініштері де орынды. «Әйтпесе, мына өскелең заманда атаусыз ауыл атанатын түріміз бар», дейді олар. Және бұл жерге аяладама салу да қажеттілік.
Ауыл тұрғындарының тағы бір шағымына назар аударып көрелік: «Жекешелеп алған шаруа қожалық иелері жұмыс жасап жатқаны, жұмыс жасамай тұрғаны да өз кезегінде күре жолға дейін жерлерін қорамен қоршап алған. Үкіметтің ауыл айналасындағы радиусы 5 шақырымға дейінгі жерлер ауыл тұрғындарының жеке азынаулақ мал жайылымы үшін қалдырылуы керек деген қағидасы сақталмай отыр. Осы себепті мал жайылымы тіптен тарылған,– дейді ауыл тұрғындары И Нұрмырзаев, Д.Бекмұратов, А.Мырзамұратов, Т.Жұмашевтар. Оның үстіне өзі азғандай алқапқа аудан ортақтасып, 100 гектар жерге орталық бейіт салмақшы болған екен, ауыл тұрғындары Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы А. Абдуалиевке шағым жазып, жуырда Шиелі аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысының қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізіліпті. Онда жұртшылық 100 гектар жерді орталық бейітке беруге қарсы екендіктерін ашып айтты.
Жоғарыдағы жағдайлардан ауыл тұрғындарының қалыпты тұрмыс-тіршілігінде өзге елдімекендерге қарағанда күрделілік барлығы сезіледі. Бұрынғы ауыл маңынан өтетін даңғыл жолдың жабылып, елдімекеннің тұйықта қалдыруылуы себепті жол бойындағы бірнеше кәсіпкерлік нысандар –
шайхана, көлік жөндеу орындары, май құю бекеті жабылып, өз кәсібін жүргізіп отырған 10-15 адам амалсыз жұмыссыз қалған. Облысымызда жаппай кәсіпкерлікті өрістету мәселесі қолға алынып, республикада алдыңғы қатарға шыққанымызда расында мына тосқауылды мәселе алмалықтар үшін қиянат. Осындай-осындай себептерден соңғы жылдары бұл ауылдан сыртқа көшушілер тіптен көп. Қазіргі кезде де отыз шақты тұрғын өз үйлерін сатуға қойса, ал оншақты үй егесіз қаңырап бос тұр. «Біздің жанайқайымыз облыс басшылығының құлағына жетпей жатыр-ау деп ойлаймын, әйтпесе, көптің өтініші жерде қалмауы керек еді-ау», –дейді үміт жібін үзгісі келмеген ауыл қарттары.

Иә. мемлекет басшысы кешегі «Нұр Отан» партиясының сьезінде елде тұрғындардың әл-ауқатын жақсартатын түрлі бағдарламалар болғанымен, ел оның нәтижесін көрмейтінін айтты. "Мұндай жағдай болмауы керек. Үкімет пен әр деңгейдегі әкімдер әлеуметтік мәселелерді нақты шешуі тиіс. Асыра сілтемей, тек нәтиже жұмыс істеу керек. Қазақстан үшін әр өңір маңызды",-деді Елбасы. Ауыл-қазақтың қарашаңырағы дейміз, сол киелі орданың бірін күйретпей аман алып шығу үшін тұрғындар өтініштеріне құзырлы орын басшылары тарапынан түсіністікпен қарап, нақты әрекет жасауы күтіледі.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Шиелі ауданы, Алмалы ауылы

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір