• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 10:37:09
Алматы
+35°

01 Наурыз, 2019

Алғыс айту күнін әлем қалай атап өтеді?

Әр ел өзінше тойласа да, мұның мән –мағынасы, тағылым алар тәрбиесі жетерлік

2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Президент Алғыс айту күні туралы  «Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деп атап өтті.

Алғыс айту күні – Қазақстан халқын біріктіруге арналған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Бұл күн ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымының белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда елімізге жер ауып келген этнос өкілдерін бауырына басты, олардың  басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, көмек көрсетті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясында  КСРО-ның  бірқатар халықтарының Қазақстанға түгелдей жер аударылғанын еске алғаны белгілі.

– Сталин режимінде әр жылдары, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді.

Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан, әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды – киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасында өмір сұрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым.  Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызда,- барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе, әділетті болар еді, – деді Қазақстан Президенті. Расында да, Алғыс айту күні Елбасының басшылығымен тәуелсіз Қазақстанды баянды ету жолындағы еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні ретінде аталып өтіледі. 

Жалпы әлемде мұндай даталы күндер бар. Бірақ әр ел аталған мейрамды әр кезде тойлайды. Бірақ барлығының мақсаты – ортақ: ол –береке мен бірлік, адамдардың бір-біріне деген құрметі, ризалық сезімі. Жалпы ризалық сезімін білдіру күні әлемде ағылшындардан бастау алды деген де дерек бар. Олар алғаш рет Америка құрлығына аяқ басқанда өздері танып білмеген жерге үйренісуі қиын болды. Жергілікті үндістерді аяусыз қырғанмен, солардың арқасында өздері аман қалғанын кейін  мойындады. Отарлаушы елдің Америкаға келген алғашқы губернатор У.Брэдфорд  1621 жылы 90 үндіс пен тайпалардың көсемін жинап, оларға рахметін айтты. Өйткені осы жылы халықтың тұрмысы өте ауыр болып, аштыққан зорға шыққан халықтың көңіл күйін көтеру үшін губернатор Алғыс айту күнін белгілейді.  Бұл әрекет осыдан кейін тұрақты дәстүрге айналып, Америка жеріне келген ағылшындар үндістердің басын қосып, жыл сайын күзде рахмет айтатын болды. Ал кейінірек АҚШ тұңғыш президенті Джордж Вашингтон 26 қарашаны ұлттық мерекеге айналдырып, Алғыс айту күні деп белгіледі. 1941 жылы АҚШ конгресі арнайы заң қабылдап, әр жылдың 4 қарашасын арнайы мереке етіп белгіледі. Содан бері АҚШ жұртшылығы осы мейрамды салтанатты жағдайда тойлап, атап өтіп келеді. Жалпы бұл ұлттық мерекеге АҚШ президенттері де мән береді. Бұл күні негізінен америкалықтар түйе тауықты құрбандыққа шалады. Алғашынша бұл мерекеге сиыр сойылғаны дұрыс деп тапқан. Ақырында бұл фермерлерге үлкен шығын әкеледі деген себеппен түйетауық құрбандыққа шалынатын болған. Оның үстіне ең алғаш бұл мереке тойланған кезде Америкаға аяқ басқан отарлаушылар төрт түйетауықты атып жеген деседі. Барак Обама президент болып тұрған кезде Ақ үйдің ауласына екі екі түйетауық әкелінген. Бірақ экс-президенттің екі құсқа  мейірімі түсіп, қанаттыларды Вергиниядағы технологиялық университеттің студенттерінің қарауына жіберілген. Жалпы бұл күні америкалықтар дәмді етіп пісірілген түйетауықты дастарханға қойып, бір-біріне құрметін білдіреді.

Ал канадалықтар бұл мерекені жыл сайын 2 қазан күні атап өтеді. Алғаш рет бұл мейрамға  1578 жылы егін-терім жиналған шақта  құрмет білдірілгені рас. Кейіннен бұл уақыттың тым кеш екені ескеріліп, ол бүгін аталып жүрген кез 2 қазанға ауыстырылды. Бұл мейрамның да америкалық үрдістен  айырмашылығы жоқ. Астықтың орылып, бидайдың жиналған уақыты канадалықтар үшін үлкен той, мереке. Мұны олар «еңбектің нәтижесі» деп ұғады.

Қытайлықтардың да бұл мерекені атап өтуі ерекше. Қытайлықтар үшін алғыс айту мерекесі қыркүйек айының соңы мен қазанның ортасы болып есептеледі. Тіпті кейде мұны «күз ортасындағы фестиваль» деп те атайды. Жиын-терім маусымының аяқталғанына қуанып, олар қуаңшылық болдырмай, астықты жинап алғаны үшін  Айдаһарға бас иіп, алғыс сезімін білдіреді. Қытайлықтар бұл мерекені отбасында ғана емес, тұтас деревня болып тойлайды. Балаларын әдемі киіндіріп, шеруге шығарады. Сосын кешкілік Айға қарап, келешек күннен жақсылықтың болуын  тілейді.

Ал жапондықтар Алғыс айту күнін күзде, 23 қарашада саланатты жағдайда атап өтеді. 1948 жылы екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, қалжыраған жапон билігі бүкіл бақ та, жақсылық пен дәулет те, тек еңбек арқылы келетінін халыққа олсылай ұғындырған.  Сөйтіп, күріш жиналған қара күздің 23 қарашасын «Еңбек күні» немесе Алғыс айту мерекесі деп жариялаған. Содан бері осы күні Күншығыс елінің тұрғындары 23 қарашада еңбектің құдыреттілігі туралы айтып, бір-біріне алғыс сезімін  білдіреді.

Бірақ Алғыс айту күнін тұтас мемлекет емес,  бір қала  тұрғындары ғана тойлайтын елдімекендер бар. Мысалы, Голландияда  Лейлан қаласы тұрғындарының бұл мерекеге құрметі ерекше. Себебі, Америка жеріне алғаш аяқ басқандардың қатарында Лейлан қаласының байырғы тұрғындары да болған. Сондықтан ежелгі Америка жерін  көріп келген Лейланның қарапайым тұрғындары осылай Алғыс айту күнін өз шаһарында да тұрақты өткізіп,  дәстүрге айналдырып жіберді.

Міне, әр ел өзінше тойласа да, мұның мән –мағынасы, тағылым алар тәрбиесі жетерлік. Сондықтан бір-біріңізге алғыс атып, құрметпен қарап жүргеннің артығы жоқ…

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір