• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 22:19:04
Алматы
+35°

03 Ақпан, 2019 Спорт

Qamshy.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі 2 ақпан күнгі түнде Жәнібек Әлімханұлының бесінші жекпе-жегі қарсаңында боксшының Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жыланды ауылында тұратын анасы Зәуре Сайынқызына телефон соғып, эксклюзивті сұхбат алды.

- Амансыз ба? Сізге Алматыдан «Қамшы» сайтынан хабарласып тұрмыз. Таңертең ұлыңыз айқасқа шығады. Көңіл-күйіңіз қалай?

- Көңілім орнында. Баламның ұрысын тақымды қысып, тосып отырмын.

- Қобалжу, уайым бар шығар?

- Өзегіңді жарып шыққан балаңды уайым қыласың. Бірақ қорқыныш жоқ. Алыста жүргеніне жаным ауырады.

- Кей аналар ұлының боксын көргісі келмей, теледидардың алдына жоламайды. Сіз бұл жағынан қалайсыз?

- Мен Жәнібектің Қазақстандағы жарыстарына барып тұрамын. Астанадағы, Алматыдағы боксын көзіммен көрдім. Сондай ауыр сындарда ұлымның қасынан табылғанды жақсы көремін.

- Жәнібек, бүгін хабарласты ма?

- Сізден сәл бұрын телефон шалды. Жағдайым жақсы. Салмағымды өлшеді. Бәрі қалпында, уайымдама, деді.

- Ертең таңертеңгісін үйге жанкүйер ағайындар келетін шығар.

- Ағайындар, ауылдастар Жәнібектің боксына қатты асығып жүр. Келетін адамға есігіміз әрқашан ашық.

  • Ұлыңызды сағындыңыз ба?
  • -Сағынғанда қандай!
  • Оқуы қалай еді?!
  • Спортшылардыкі қалай болушы еді?! Орташа...

- Жәнібектің отбасы қайда тұрып жатыр?

- Келінім Әнел, үш баламен  – Алматыда. Жәнібектің үлкені Асылжан менің қолымда. Осы Жыландыда үшінші сыныпта оқиды. Ұлым мен келінімнің Асылжан, Рамазан, Сабыржан атты үш ұлы, Айзада деген бір қызы бар.

«Әнел мен немерелерім Жәнібек қашан Америкаға алып кетеді» деп асығып жүр. Мүмкін, осы айқастан кейін олар Америкаға баруы мүмкін.

- Жәнібектің Алакөлдің бауырындағы шағын ғана Жыланды ауылынан екенін білеміз. Ондағы кәсібіңіз не?

- Дене шынықтыру пәнінен мұғаліммін.

- Ұлыңызбен бірге түскен суретіңіз болса, «Қамшының» бетінде жарияласақ па деп едік...

- Қанша жарысына барып жүріп, Жәнібекпен суретке түспеппін. Жалпы, суретке түскенді ұнатпаймын. Дегенмен, Алла қаласа, келесі келгенінде баламмен суретке түссем деген ойым бар.

- Алла жазса, таңертең Жәнібек сенімді ақтайды деп үміттенеміз. Аман болыңыз!

- Әмин, айтқаныңыз келсін! Алматыдан әдейі телефон соғып, тілектестік білдірген сіздерге де аналық алғысымды білдіремін. Менің ұлыма тілеулес болғандарыңыз үшін мың да бір рахмет!

-Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір