• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 00:50:10
Алматы
+35°

29 Қазан, 2018 Саясат

Әлемде билікке әйелдер келіп жатыр...

Жексенбі күні Грузияда өткен президенттік сайлауда тәуелсіз кандидат  Саломе Зурабишвилидің  жеңіске жеткені хабарланды

Осыдан бірер апта бұрын Сахле-Ворк Зевде Эфиопияның тұңғыш әйел президенті атанса, енді міне Грузияның билік тарихына тағы бір әйел келіп жатыр.  Алдын ала мәлім болған деректерге қарағанда, жексенбі күні Грузияда өткен президенттік сайлауда тәуелсіз кандидат  Саломе Зурабишвилидің  жеңіске жеткені хабарланды. Ол 38,82 дауыс алып бірінші орынға шықса, 37,68 пайызбен оппозициялық кандидат Григол Вашадзе екінші орын алды.

Билікке тұңғыш әйел президент келді, енді Эфиопияда матриархат орнай ма?

Грузияның Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға халықтың 46,74 пайызы қатысқан. Дерекке жүгінер болсақ, президенттікке үміткерлікке  25 адам ұсынылған. Олардың ішінде басты бәсекелес ретінде Грузияның бұрынғы Сыртқы істер министрі, «Грузин арманы» партиясының атынан ұсынылған тәуелсіз кандидат Саломе Зурабишвили мен «Күшіміз – бірлікте» біріккен оппозициялық партиясының үміткері Григол Вашадзе болды. Нәтижесінде Грузиядағы қазіргі билеуші партияның өкілі Саломе Зурабишвили жеңіске жетті. Ал «Күшіміз – бірлікте» саяси ұйымы  Грузияның қуғында жүрген бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің партиясы екенін айта кету керек.  

Қазірдің өзінде жеңіске жеткен Саломе Зурабишвилиді Парламент спикері Ираклий Кобахидзе, Тбилисидің мэрі, «Грузин арманы» партиясының басшысы Каза Кобадзе құттықтап үлгерді.

Бірақ алдағы екі аптадан кейін кімнің басым дауыс жинағаны белгілі болмақ. Сарапшылардың кейбір әңгімелеріне қарағанда, алдағы уақытта президенттікке сайлаудың екінші туры өтуі мүмкін. Өйткені аталған үміткерлердің екеуі де жеткілікті дәрежеде 50 пайыздық межеден өте алмаған. Михаил Саакашвилидің әріптесі «Күшіміз – бірлікте» саяси партиясының атынан түскен үміткер  Григол Вашадзе екінші турда жеңісті сөзсіз алатынына сенімді отыр.

...Екі жылдан кейін бізде де президенттік сайлау. Кім келер екен?! Әйел ме, еркек пе?!

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір