• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 08:44:36
Алматы
+35°

02 Шілде, 2018 Сегіз өрім

Мемлекеттік Туға – айыппұл, ...КСРО-ның жалауын жайып тұр

Әбдімәлік Алшынбаев келмеске кеткен Кеңес өкіметінің мына қызыл жалауын жиі көретінін айтып отыр. Оның иесіне "әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ" сияқты.

Таяуда біздің редакциямызға Әбдімәлік Алшынбаев атты Астана қаласының тұрғыны хабарласты. Оның айтуынша, Ілияс Есенберлин көшесі, 21-үйдің бүйірінде орналасқан "Романовъ" дүкенінің иесі шовинистік пиғыл танытып, есігінің алдына келмеске кеткен КСРО-ның жалауын желбіретіп іліп қойған.

Реті келгенде, біз шағымданушының өзімен жолығып, онымен бірге 1960 жылы салынған 3 қабатты үйлердің біріндегі аталмыш дүкенге бас сұқтық. Сыртында "антикварная лавка" деген жазуы бар екен. Өзін таныстыруды құп көрмеген сатушы бұл дүкенде аты айтып тұрғандай, тек сирек кездесетін бұйымдар, көне жәдігерлер сатылатынын, әлгі қызыл жалауды солардың бірі ретінде жарнамалап іліп қойғандығын алға тартып, ақталды. Бірақ, ол үшін жергілікті биліктен рұқсат алмаған.

1960

ту

ту

Еске сала кетсек, 2015 жылы елорданың Жандос Құрманбаев атты тұрғынына балконға өзіміздің көк байрақты іліп қойғаны үшін 396 мың 400 теңге айыппұл салынғаны мәлім. Ал Әбдімәлік Алшынбаев келмеске кеткен Кеңес өкіметінің мына қызыл жалауын жиі көретінін айтып отыр. Оның иесіне "әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ" сияқты. Сондықтан сыртқа күнде таңертең іліп қойып, кешке дүкен жабылатын кезде бір-ақ жинап алатын көрінеді. Кіреберіске қарсы терезеге сондайдың тағы бірін менмұндалатып тұтып қойған. Сатушы өзге ұлт өкілі оның да себебін түсіндірместен, дүкенді жауып, көлігіне отырып алып, тайып тұрды.

ту

ту

– Егер көне жәдігерлер сататын дүкеніне жарнама қажет болса, оның сыртына мемлекеттік рәмізден басқа бұйымды қоюына болар еді ғой. Мен сатушының бұнысын Кеңес өкіметін көксеген көргенсіздік, шовинистік пиғыл деп қана қабылдаймын. Жалғыз мен емес, мына ескі жалауды көрген кез келген отандасымыз сөйтеді деп ойлаймын, – деп ашынуда Әбдімәлік Алшынбаев.

Шағым иесі Астанаға Шымкент қаласынан 14 жыл бұрын көшіп келген екен. Өзінің айтуынша, содан бері көрер көзге ерсі көрінетін мынадай сорақылықтарды суретке түсіріп алып, оны Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасына апарып көрсеткен. Алайда, ол әрекетінен еш нәтиже шықпапты. Басқарма мамандары "заң бойынша солай ғой, былай ғой" деп сипай қамшылап, артын сиырқұйымшақтатып, шығарып салатын көрінеді.

Сонда дейміз-ау, құзырлы орғандар неге өз патриоттығын паш етіп, көк байрағымызды балконға ілген жігітке "Туды қорладың" деп айыппұл салып, кәдімгі орақ пен балға бедерленген кеңестік жалаудың тұтас елдігімізді қорлау екенін білмей қалуы керек?! Сондай көңілжықпас жалтақтығымыздың тағы бір көрінісі – Арқалық пен Державин қалаларының арасындағы Жаңадала ауылының сыртындағы орақ пен балға болып тұр. Кеше Арқалық қаласына жолымыз түскенде, Кеңес дәуірінен қалған ойық жолда секеңдеп келе жатып, оны да суретке түсіріп алдық...

Жанадала

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір