• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:11:07
Алматы
+35°

13 Маусым, 2018 Мемлекеттік бағдарламалар

Қазыбек Дәуітәлі. "Тілсіз - ұлт болмайды" емес, "Ұлтсыз - тіл болмайды"

Тілді тірілтуші, оған жан беруші һәм сұраныс тудыртушы - ұлттың өзі.

Қазақ тілінің бар болуы емес, ұлттың бар болуы - тілді сақтап келеді. 
Ұлт жанашыры болмай - тіл жанашыры бола алмайсың. Әуелгісі бастапқы һәм фундаменталды. Соңғысы салдар. Нәтиже. Себебі тілді ұстап тұрған адам факторі, керісінше емес.

"Тілсіз ұлт болмайды" деп жайдақ түсінушілірге айтарым мынау - бүгінгі еврей халқы екі мың жылдың үстінде жоғалтқан иврит тілін бір-ақ күнде тірілтті. Қоржынның бір басында шешесі арқылы туысып (матрилинидж), 13 атадан бас құраған мызғымайтын әлеуметтік құрылымы, ал, екіншісінде - ақұдайшыл діні (иудаизм) болмағанда, еврей ұлты сақталмас та еді. Ұлт жоқ жерде - тіл жоқ. Тілді тірілтуші, оған жан беруші һәм сұраныс тудыртушы - ұлттың өзі. Нақтырақ айтсақ, ұлттың негізін қалаушы екі платформа - социо- және культурологиялық факторлер. Осы екеуі болмаса, қазақ тіліде әлдеқашан мерт болар еді. Одан кейінгі факторлер (саяси, экономикалық) туынды. Ерік болса қолдан тұрғызуға көнетін, кейінгі қатардағы құбылыстар. Бүгінгі уақыт, қазақтан осы мәселенің бетін ашып айтуды сұратып отыр.

Қазақ ұлттының болмысын айқындап отырған социологиялық тұғыр - рулық-шежірелік дәстүрге негізделген әлеуметтік құрылым. Культурологиялық бітім - "ұят боладысы" бар қазақы ислам. Бұл екеуінен ажыраса қазақ деп аталатын ұлт идентификацияланбайды, оның тілін ешкімде керек етпейді. Тіл ең әуелі "өзімізге", ұлтқа қажет. Экономикалық факторге айналғанда ғана, ағылшын тілі сияқты "өзгеге" қажет бола бастауы мүмкін. Оған дейін алғы екеуіне жауаптылықпен қарау - аманат.

Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады деген идеологема ұлт бірлігінің сакралды тұғыры. Қауібі жоқ емес трайбализмнің жүгені. Деседе, "қазақ трайбализмі" деген ұғым шындықтан көрі, мифке жақындау, жасанды һәм деструктивті көзқарас. Осындай тұсы бар екендігінде ескеруіміз қажет. Бұл кешегі кеңестік билік жүргізген ұлтсыздандыру саясатының санаға сіңірген стереотипі. Мемлекеттілік сана қалыптаспаған "рулық-бытыраңқы қоғам" дегенді астарлап жеткізген түрі. Сол себептенде қазақта 1990 жылға дейін мемлекет болған жоқ-мыс. Империялық амбициясы күшті ұлттардың бұратана бойынан сырқат тауып, "диагноз" қоюшы келетіндігі сондықтан. Колонизаторлық пиғылды (ж)ақтаушы сана. Бұл жағдай, терісін айналдырып жамылғаны болмаса, осы заманныңда күн тәртібінен түспей отырған өзекті мәселе...

Аталған екі факторді жұлып алып тастаған бетте, қазақ тілі бір ұрпақ ауыспай-ақ көз алдымызда жойылып кетеді. Бүгінде социо- және культурологиялық тұғырларынан айырылу ретіне қарай қалмақ сияқты пассионар ұлт орыстанып барады. Жұтылу процессі жойылуға ұласуда. Қарекет қылмаса келер ғасырда тілі музей экспонатына айналуы ғажап емес.

Тіл бастапқыда ұлтты ұйыстырғанмен (оған дауымыз жоқ), ұлттың бойында мұндалаған "мені" (коллективті мені һәм Абсолюті) болмаса, ғұмыры тым қысқа келеді. Жаңа ұрпақ "мені" күштінің тасасын ықтайды. Бұл заңдылық. Сондықтанда жер бетінде жылына 25 тіл тұрақты түрде жойылып отыр. Құрып кетудің алдында тұрған тілдердің (ЮНЕСКО көрсетуі бойынша көрші Ресейдің өзінде 135 тіл жоғалу қаупінің алдында тұр) бір ғана бас қайғысы бар - ол тілді білмеушілік емес, ол - ұлт ретіндегі әлеуметтік және культурологиялық болмысын жоғалтып алушылық. Әйтпесе, әр ұлттың өз тілін оқып-білуіне тікелей тыйым жоқ. Мәселе, тілге деген сұраныс тудырушы ұлттың социо- жән культурологиялық факторлерінің әлсіздігінде, иә олардың кризисті күйінде. Осы күнгі Ресейде исламды ұстанған халықтар ғана бас көтеріп, тіліне деген құрмет сезімін өз дәрегейінде ұстап отыр.

Тәмсілі не? Тарихы 1000 жылдықтарға созылатын мемлекет болғымыз келсе, осы күнгі қоғамдық санадағы монопольді дискурсқа өзгеріс енгізуіміз қажет, ол мәймөңкелеген мемлекеттік тіл факторінен - рухы биік мемлекет құраушы ұлт факторіне ойысуды, негізгі салмақты соңғысына салуды болжайды. Бұл ұлтшылдық емес, керісінше, теңдігі кеткен ұлттың құқын қалпына келтіру, езілген еркі мен сынған сағын жоқтау, ғасырдан-ғасырларға озатын мемлекеттілік санасын ояту һәм жарату қызметін білдіреді. Мемлекетттік тілді мәймөкелеп ешкімге үйрете алмайсың (тіпті бұл ұлттық комплекске айналып отыр), оған уақыт оздырудың ендігі жерде қажеті шамалы, іс әуелі өзімізден - мемлекет пен мемлекеттілік дәстүрді ұстап отырған ұлттан басталуы қажет. Әліде кеш емес. "МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУШЫ ҰЛТ" ДИСКУРСЫ ғана қазақты төл мемлекетінде отырып тілімді үйрен деп жалынатын ез жағдайдан аман алып қала алады. Ұлттың өзіне деген сенімін нығайтады. Болашаққа деген үмітін арттырады. Бізге керегі де осы - қазақтың булығып тұрған ерік-жігеріне бостандық алу, белсенділігін һәм жауаптылығын ("ата-бабалар аманаты" мен келер ұрпақ алдындағы) арттыру, дербес һәм империялық сана иесі екендігін сезінуі. Өзгесі - туынды, дұрыс жолы салынса, "жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай" ілесе дамитын жағдайлар.

Сондықтанда, тілдің сақталуы - ұлттың сақталуына қатысты екінші қатарда тұрған құбылыс екендігін бек жақсы түсінгеніміз абзал, бауырларым. Керісінше емес.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір