• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:07:42
Алматы
+35°

14 Қазан, 2017 Сұхбат

«Тажалға тосқауыл» – Елбасы жайлы жазылған алғашқы көркем шығарма

Тұрсынәлі Рыскелдиев атом қаруына қарсы көш бастаған Елбасының ерен еңбегін жазушы көркем шығарма ретінде жеткізуге тырысқан.

ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚХР Мемлекеттік «Үздік дарын», «Мәдениет саласында еңбек сіңірген қайраткер» атағын алған, бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тұрсынәлі Рыскелдиевтің әлемдік деңгейде жазылған «Тажалға тосқауыл» атты романы дүниеге келді. Романның бас кейіпкері – Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Атом қаруына қарсы көш бастаған Елбасының ерен еңбегін жазушы көркем шығарма ретінде жеткізуге тырысқан. Романның жазылу тарихымен танысу мақсатында Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Тұрсынәлі Рыскелдиевтен сұхбат алды.

«Ядролық қаруға қарсы тұруда Назарбаев көш бастады...»

 –Нұрсұлтан Назарбаев жайлы роман жазуға не түрткі болды?

Осыдан 5-6 жыл бұрын Семей полигонының әсерінен келген қасіреттен қаншама адам қырылды, сәбилер кемтар болып туды. Қызыл империя адамзатты аяған жоқ. Сол кездегі қырғын дәуірі қазақ халқының басына төнген үлкен қасірет болды. Қазақ халқымен жасасқан өзге ұлттар да азап шекті. Кемтар балалар дүниеге келіп, дүние есігін ашқанннан кейін де айықпас дертке шалдыққандар көбейді. Әрі бұл қасірет аң-құстарды да айналып өтпеді.

Одан бөлек Америка басшылығанда Трумэн отырғанда Жапоняның да аралдары мен кей қалаларына атом бомбасын тастап, соның салдарынан 140 мың адам қырылған. Жапондықтардың атамекені түгелдей күлге айналған еді. 1964 жылы Қытайда да атом сынағы өтті.

Осылардың бәрін біле тұра, неге роман жазбасқа деген ой келді. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жапқаны бәрімізге аян. Сонымен қоса, ядросыз әлем құру жөнінде Бірлескен мемлекеттер ұйымында сөз сөйледі. Жапонияға барды, өзге де ядролық апатқа душар болған мемлекеттерді аралады. Ядролық қаруға қарсы тұрда Назарбаев көш бастады. Демек, оның еңбегі орасан зор.

Назарбаев билікке келмей тұрғанда Ожас Сүлейменов бастаған зиялы қауымның ядролық қаруға қарсы митингіге шыққаны белгілі. Осы оқиғалардың бәрін қағаз бетіне түсрімек ниетте Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне хат жаздым. Ол да келісімін берді.

Елбасының хаты

«Жапония, Қытай, Қазақстандағы азапты күндердің елесі...»

 –Романдағы оқиға желісі қалай өрбіді, Елбасынан өзге қандай кейіпкерлерді көркем              шығармаңызға арқау еттіңіз?

Америка Жапонияға 140 мың адамның өмірін жалмаған атом бомбасын тастаған кезде Назарбаев 5 жасар бала болған екен. Мен де сол кісінің замандасымын. Бала күнімде Жапониядағы апат жайында үлкендерден естіп, біліп отыратынмын. Яғни Назарбаев та мен секілді бәрін естіп-білген деген ойға келдім. Семей полигоны жайлы құлағымен естіп, көзімен көрген бала Нұрсұлтанның ядролық қаруға деген қарсылығы жас кезінен басталады. Сол себепті Елбасын басты кейіпкер ете отырып, ең алдымен сол кісінің образын жасауға тырыстым.

Назарбаевтың бала кезін балаша сөйлеттім, жігіт кезін жігітше ойландырдым, билік басына келіп, Елбасы атанған соң сол лауазымға лайық өз дәрежесіне сай толғандырдым.  

Менің басты кейіпкерімнің бірі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болса, екіншісі Қытайда атомтану мамандығында білім алып, қытайлық ғалымдардың дәрісін тыңдап өскен Сұңғат есімді жас ғалым. Ол кезеңде Қытайда мәдениет төңкерісі болған. Мұның салдары әсіресе, зиялыларға тиген, зиялылар мен оқытушыларды «сасық» деп атады. Осындай соқыр саясаттың жүріп тұрған заманында Сұңғаттың ядролық қарудың адамзатқа, Жер шарына залалы туралы, оны соғысқа қолданатын болса, дүниежүзінің бүтіндей қирап кететіні жөнінде мақаласы журналға жарияланып кеткендіктен, билік оны қыспаққа алады, Отанға қарсы шықтың деген айыптаумен түрмеге отырғызады, зынданға тастайды.

Билік ауысқан соң қытайлық зиялылар азат күнге қол жеткізеді. Оған қоса Қазақстан тәуелсіздігін алып, екі ел арасында жақын қарым-қатынас орнайды. Сол сәтте Сұңғат Қазақстанға келіп, Назарбаевтың қабылдауына ілігеді. Сұңғат арқылы Қытайдағы зардапты көрсетпек болдым.

Жапонияда Батри деген дәрігер болды. Батридің сәби шағында Америка Жапонияға атом бомбасын тастайды. Сөйтіп қыз өзінің отбасынан, бар жақынынан айырылады. Ал өзі Жапонияның астанасында үлкен әкесінің қолында болғандықтан аман қалады. Кейін дәрігердің мамандығын оқып, өзі де белді дәрігер атанады. Қытайлық Шарапат есімді қызбен танысып, екеуі атом бомбасы сыналған Қазақстанға келеді. Осы жерде атом қаруынан зардап шеккендердің хал-жағдайын көздері көріп, соларды емдеуге көшеді.

Одан бөлек қытайлық ұшқыш Талғат деген жігіт болды. Совет одағы мен Қытай арасындағы қақтығысқа араласқысы келмегендіктен, ол да азапты күндерді басынан өткереді.

Роман бала Нұрсұлтанды сүндетке отырғызу және атқа мінгізу тойынан болды. Осы тойда Назарбаевтың тарих пәнінен беретін ұстазы Сейітхан Исаев деген адам болды. Сол кісі батасын беріп, тойдан кейінгі басқосуда өрбіген әңгіме арқылы Назарбаевтың бала күніндегі басынан өткерген оқиғаларын жеткіздім. Елбасының басынан өткендері осы тарихшы мұғалімнің айтқан әңгімесімен басталады. Кейін Бағлан деген тарихшымен ой алмастым.

Одан бөлек Зәкір деген күйшіні қостым. Ол Қытайда тарихи-мәдени мұраларды жинаған адам, мәдениет үйінің бастығы. Зиялылар азап шеккен уақытта, оған да азаптың бір ұшы тиді. Қытайдың соқыр саясаты мәдени мұраны, көне мұраны жойды. Сол арқылы Қытайдың озбыр саясатын көрсетпек болдым.

Ақиық қыранды ұшырдым. Қыран қашан да Елбасының жанында болды. Бала күнінде ауыл көгінде ұшып жүрсе, мемлекет басшысы атанып, ұшақпен әр елге аттанар уақытында, аспанда қалықтап сол ақиық бүркіт жүрді.

Ол кісінің Қонаевпен байланысын бердім. Екеуі бірге ұшақта отырғанда Қонаев айтқан екен: «Біз де тәуелсіздік алсақ, мұндай болмас еді, иә?». Сондағы Назарбаевтың ойланғаны... Қонаев қайтыс болған кездегі Назарбаевтың барғандығы, әйелі қайыс болған соң барып көңіл айтқандығы, екеуінің арасындағы түсініспеушіліктердің болғандығы, алайда екеуінің де мақсаттары мен идеялары ұқсас екендігін беруге тырыстым.

 –Ал Назарбаевтың образын жасауда қандай ерекшеліктерді қолдандыңыз?

Президенттің образын жасауда тек қана баяндау әдісі арқылы емес, жан дүниесін, ішкі сезімін көркем шығарманың өзінің иірімдері мен заңдылықтары арқылы жеткізуге тырыстым.

-Роман жазуда, біріншіден, көркемдікке, суреткерлікке, образдау, бейнелеу, толқынды иірімдер арқылы оқиғаны жеткізуді мақсат еттім;

-Екіншіден, кейіпкерлер образын даралауда айшықты бояуларды қолдана отырып ішкі дүниесін ашу жағына көңіл бөлдім;

-Үшіншіден, тарихты сіңіруге тырыстым. Бұл күн халқымыздың тарихымен, ғылымның, адамзаттың тарихымен қабысып жатады. Сондықтан, бұл оқиғаларды тарихи ақпарат ретінде бере салмай, ойландыру, толғандыру, диалог, монологтар арқылы тарихты сіңіруге тырыстым;

-Атом ядро қаруының зардабы мен қасіретінің  жер шарының экологиялық ортамен қатынасын бейнелеу жағына көңіл бөлдім;

-Бесіншіден, ғылымдағы жаңалықтарды сөйлетіп отырдым. Өйткені бұл – ғылыми тақырып.

 –Жалпы романда 70-тен аса кейіпкер бар екен. Ол кейіпкерлердің бәрін қайдан алдыңыз, әлде ойдан шығарылған ба?

Кейіпкердің көбін қиялдан жасадым. Бірақ дерек бар, ондай оқиғалардың, зиялылардың болғаны рас дүние. Мәселен, «Абай» романын жазарда Мұхтар Әуезов көркем шығармадағы оқиға желісінің 80%-ының ойдан шығарлығанын, тек 20%-ы өмірде болған Абайдың туыстары мен отбасы екенін айтқан. Сол секілді, мен де кейбір кейіпкерлерді романымның мәнін аша түсу үшін ойдан шығардым, алайда ондай деректер жоқ емес.

 –Роман жазу үшін Назарбаевты жақсы танитын адамдармен кездесіп, әңгіме-дүкен құрған боларсыз...

Үшқоңырға барып, мұражайлардан біраз сауалымның жауабын біліп қайттым. Нұрсұлтан Назарбаев оқыған мектепке бардым, қызметкерлерімен сөйлестім. Одан кейін Елбасының әке-шешесінің қабіріне барып, көзбен көріп, құран оқыттым. Сол аймақтың табиғатымен таныстым.

Назарбаевтың естелік кітаптарын толық пайдаландым. Сонда мына бір деректі көзім шалды: «Мен Наташа деген грузин қызға ғашық болып, соған үйленбекші болдым». Осы деректі пайдалана отырып, Наташа есімді қызды жігіт Нұрсұлтанның ғашығы еттім.

Әйгілі ақын Олжастың да Семей полигонын жапқызудағы белсенділігін көрсеттім. Назарбаев екеуінің ақылдаса отырып, әрекет жасағандарын тілге тиек еттім.

Одан бөлек Семей полигонынан зардап шеккен, кемтар болып туған, ауруға шалдыққан кейіпкерлерді де қостым. Және хайуанаттарды да романымның арқауы еттім. Мәселен, ұясы бұзылған бүркіт, бір ауыл түгелдей көшіп кеткенде жалғыз қалған күшік, екі аяқсыз туған бота, үш аяқты жолбарыс... Осылардың бәрін қоса отырып, апат салдарынан болған азапты уақытты оқырманның көз алдына елестетуді ниет еттім.

«Осы уақытқа дейін Назарбаев жайлы көркем шығарма жазылған жоқ...»

 –Осы уақытқа дейін Назарбаев жайында жазылған кітап көп. Ал сіз Елбасын қай тұрғыдан көрсеткіңіз келді? Сіз жазған романдағы Нұрсұлтан Назарбаев кім?

Нұрсұлтан Назарбаев жайында еңбектер жазылып жатыр, айтылып жатыр, әлі жазыла береді де. Алайда олардың ғұмыры қысқа болады. Ал мен Назарбаев жайлы көркем шығарма жаздым. Бұған дейін Елбасы жайында жазылған көркем шығарма болған жоқ.

Атом қаруының өзі дүниеге үлкен апат әкелді. Мәселен, Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея өзара қырылысып жатыр. Солтүстік Корея атом бомбасын жасаймын деп, бел сыбанып отыр. Демек, дүние толқу үстінде. Барлық елде президент бар, бірақ бір де бір елдің президенті Нұрсұлтан Назарбаев сынды әлемдік деңгейдегі үлкен еңбекке қадам басқан жоқ. Сонау Семей полигонын жабудан бастап бүгінге дейінгі еңбектері қаншама. Сол көштің басында әле де тұр. Әлем болып Назарбаевтың аталмыш еңбегін мойындады. Сондықтан Назарбаев – мәңгі жазатын тақырып.

Оның үстіне, көркем шығарманың ғұмыры да ұзақ болады. Менің мақсатым – Елбасы үшін мәңгілік тақырып жазу. Бір кезеңдерде Қонаев биліктен түскен соң қаншама жастарымыз қыршын кетті. Не үшін? Билік өзге ұлттың қолына кетті деді. Ал енді Тәуелсіздік алып, Елбасымыз қазақ болып отырса, соған неге қуанбаймыз. Неге дәріптемейміз? Жазушылар неге жазбаймыз?

 –Үлкен тұлғаны романыңызға арқау етіп, үлкен жауапкершілікті арқаладыңыз. Роман жазу үшін қанша уақытыңыз кетті?

Негізі атом ядролық қаруы туралы жазып жүргеніме 5-6 жыл болды. Ал Назарбаевтың өмірбаянын, естеліктерін оқып, біліп отырмын ғой. Семейдегі полигон, азапты күндер – бәрі маған жаттанды. Сол себепті романды 1 жыл көлемінде жазып шықтым.

Тажалға тосқауыл

 –Кітабыңызды Назарбаевтың өзіне табыс етіпсіз. Ол сізге Алғыс хат жазған көрінеді...

Мен Мұхтардың тойында Қытайдан делегат болып келдім. Сол кезде шет аймақтан келген қазақ жазушылары мен ғалымдарды Назарбаев өзі қабылдап, дастархандас болғанбыз. Елбасымыз «Атамекенге ораламыз десеңдер, есік ашық!» деген соң мен сол кісінің үндеуіне үн қосып, 1998 жылы бала-шағаммен көшіп келіп, азаматтық алдым. Осы жерге келгеннен кейін жазғаным – «Ұлы көш» романы болды.

Мына романға келер болсақ, алғашында 5 нұсқасы шықты. Біреуін президент аппаратының әкімшілігіне поштаға салып жібердім. Одан соң Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайына бардым. 4 нұсқасын да апардым.

Тағы біреуін Дәурен Абаевқа бердім. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына және Ұлттық арнаның директоры Ерлан Қаринге де табыстадым.

Біраз күннен соң «Президент кітап жазып, сыйға тартқаныңыз үшін сізге Алғысын білдіреді» деген мазмұнда Президент аппараты әкімшілігінен хат алдым.   

Елбасының хаты

Бұдан бұрын кітап жайлы «Ана тілі» газетінде Аян Нысаналиннің және «Қазақстан-zaman» газетінде Темірхан Тебегеновтың мақалалары жарияланған еді. Мақалалар да президентке таныстырылды.

«Романның шығуына кейбіреулер қарсы болды...»

 –Романыңызды жазарда немесе баспадан шығарарда қандай да бір қиындықтар, кедергілер кездесті ме?

Осы романның жариялануына, тіпті жазылуына қарсы болған адамдар бар. Бір кездері кейбіреулерімен дауласып, соттасқанмын.    

Кедергілердің бәрі соның әрекеті ме екен деп ойладым. Алғашында романның тақырыбын «Заманақыр» деп қойғанмын. Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы есебінің алдында бірінші нұсқасын президент аппартының әкімшілігіне пошта арқылы салып жіберідім. Осыдан кейін бір адам қоңырау шалды. Талғат Жұмағалиұлы майор Омаров деп таныстырды өзін. «Сен осындай роман жазыпсың, шығартпақ екенсің, саған кім рұқсат берді? Бізге президент аппаратынан кітап шығартпаңдар деді» деп төне жөнелді. Оған саспаған мен «Өзім президентке хат жазып, кітабымды табыстадым» деп едім, қоя салды. Сөйтіп, кітапты басып шығармақ болған «Мерей» баспасының басшысы Ғалым Қалибекке де бөгет келтірмек болған. «Біз ішкі істердің, заңның адамдарымыз, сен не үшін кітапты басасың, баспаңды тоқтатып тастаймыз» деген екен. Бұған баспа басшылығы да мән бермеді, менің президенттің рұқсатымен жазғанымды білгендіктен, әлгі «заңның» адамдарына өздері қарсы шықты.  Осыны да менімен соттасқан кейбіреулердің әрекеті деп болжадым.

Одан бөлек бір журналдың (атын атамауды өтінді) прозаға жауапты редакторы бар. Бұл адамның менімен соттақсан әлгімен жақындастығы бар еді. Сөйтіп, алғашқы нұсқасын әлгі журналға басуға берген едік, олар бас тартты. Олардың айтуынша, бұл – Назарбаевтың еңбегі емес екен, Олжас бастаған зиялылардың еңбегі. Олжас бастаған топтың митинг өткізгені рас, бірақ ол кезде Семей полигоны жабылған жоқ. Демек Қазақстанның президенті болып Назарбаев сайланғаннан кейін ғана жабылды. Ол Елбасы атана салып Семей полигонын жапты. Өзінің бұрыннан ойлап келе жатқан мақсатын жүзеге асырды.

Кітаптың шығуына, Назарбаевтың еңбегін көрсетуге қарсы шыққандар да болды. Бірақ, алған бетімнен қайтқан жоқпын. Мақсатымды анық жаздым.

 –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі жайында роман жазу арқылы оқырманға не айтқыңыз келді? Мақсатыңыз...

Біріншіден, атом ядролық қаруының экономикалық ортаға, Жер шарына талай апат әкелгенін, адамзатқа қасірет әкелгенін көркем шығарма арқылы жеткізгім келді.

Екіншіден, Назарбаевтың еңбегі бұрын соңды жай ғана ақпарат ретінде, дерек ретінде беріліп жүрген, бірақ көркем шығарма арқылы жазу болған жоқ. Сондықтан Елбасының еңбегін мәңгілік жасайтын көркем шығарма арқылы жеткізуді мақсат тұттым.

Гүлім Жақан

Сұхбаттасқан: Гүлім ЖАҚАН

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір