• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 04:38:29
Алматы
+35°

10 Қазан, 2017 Саясат

Бақытжан Сағынтаев Атамбаевтың сөзіне орай мәлімдеме жасады

Қырғызстанға гуманитарлық көмек желісі бойынша 20 млн аса АҚШ доллары бөлінді, Бішкек пен Ош қалаларында жалпы білім беретін 2 мектеп салынды.

ҚР премьер-министрі Б. Сағынтаев Қырғызстан президенті А. Атамбаевтың айтқан сөздеріне қатысты мәлімдеме жасады, дерп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 7 қазанында Қырғыз Республикасының Президенті А. Атамбаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының жекелеген аспектілеріне қатысты орынсыз әрі екі елдің өзара достық қарым-қатынасына нұқсан келтіретін бірқатар мәлімдеме жасады.

Қырғыз Республикасымен екіжақты қарым-қатынасты дамытудың бұлжымас бағытын растай отырып, Қырғызстан Президентінің сайлауалды мақсатта жасалған жауапсыз, арандатушылық мәнді және көпе-көрінеу жалған пайымы біздің елдеріміздің арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан өзара көмек пен достықтың дәнекеріне нұқсан келтірмеуі тиіс.

Осыған байланысты мен қырғыз жұртшылығын Қазақстанның шынайы экономикалық дамуы туралы дереу хабардар етуді жөн деп шештім.

Тәуелсіздік жылдары біздің экономикамыз 20 есе өсті.

2012 жылы Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 ең озық экономикасының қатарына кірді.

Елімізде қуатты ұлттық бизнес жасалды. Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде Қазақстан 35-ші орын алады. Бүгінде 1,3 млн кәсіпкерлік құрылымдары ұлттық байлықтың ¼ өндіреді.

Тек соңғы он жылда Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында автокөліктер, локомотивтер, вагондар, тікұшақтар және басқа да көптеген өнімдер шығаратын мыңнан астам жаңа өндірістер салынды. Біздің елімізде бұған дейін ешқашан өндірілмеген өнімдердің 500 жаңа түрін шығару игерілді.

Қазақстанның көлік инфрақұрылымы да кең ауқымда жаңғыртылуда. 25 жылдың ішінде 10 мың км астам автожол салынды және қайта жөнделді. Таяу жылдары бұған қоса ұзындығы 8000 км асатын автокөлік жолдарының желісі жаңғыртылатын болады.

Біз ұзындығы 2800 км болатын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» Трансконтиненталдық магистралінің қазақстандық аумағының құрылысын толығымен аяқтадық.

2,5 мың км астам жаңа теміржол салынды.

Ақтау теңіз портының инфрақұрылымы кешенді жаңғыртылды, жаңадан Құрық теңіз паромды порты салынды. Каспийдегі теңіз порттарының жалпы өткізу қуаты 26 млн тоннаға дейін ұлғайды. Жыл сайын жаңа әуежайлар мен теміржол вокзалдары іске қосылуда.

Қазақстан тәуелсіздік жылдары 120 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 1,1 млн-нан астам қазақстандық отбасын баспанамен қамтамасыз етті.

Тек 2017 жылдың 8 айында ғана «Нұрлы жер» Мемлекеттік бағдарламасы аясында 6,9 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 18,3 мың жеке үй салынды. 61 мыңнан астам қазақстандық отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартты.

Тұрғын үй құрылысы белсенді түрде дамуда. Тек осы жылдың өзінде 10,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Елімізде әлеуметтік инфрақұрылым белсенді дамуда. 1,3 мыңнан астам жаңа ауруханалар мен емханалар, 500 жаңа балабақша және 1,4 мың мектеп салынды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев бастамашы болған «Болашақ» бағдарламасы бойынша 12,5 мыңнан астам еліміздің жас азаматтары 35 елдің 200 ең озық әлемдік жоғары оқу орындарында білім алды.

Жыл сайын орташа есеппен 270 мың жаңа жұмыс орындары құрылады.

Соңғы 15 жылда орташа еңбекақы мен зейнетақы 10 еседен астам көбейді.

Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығының ресми мәліметі бойынша зейнетақылардың ең төменгі және орташа мөлшері Қырғызстанға қарағанда сәйкесінше 5 және 3 есе жоғары.

Біздің елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 72,3 жылға дейін артты.

Көрсетілетін қызметтер тарифтеріне келсек, бүгінгі таңда Қазақстанда табиғи монополиялар субъектілері мен тұтынушылардың мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз етуді ескере отырып, негізгі қорларды жаңартуға және жаңғыртуға бағытталған жаңа модель іске асырылуда. Бұл ретте, су электр станциялары өндіретін электр энергиясына тарифтер жер асты қазбаларын пайдалану арқылы алынатын энергия көздерінен төмен екені айқын.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық мақсаттарын іске асыра отырып, біз жаңа Астанамызды салдық. Астананың дамуына 50 млрд АҚШ долларынан астам инвестициялар тартылды. Қазіргі таңда Астана тұрғындарының саны 1 млн адамнан асты.

Биыл Астанада бүкіл ТМД елдерінің ішінде алғаш рет «Болашақтың энергиясы» Бүкіләлемдік Экспо-2017 көрмесі өткізілді. Оған 115-тен астам мемлекеттер мен 22 халықаралық ұйымдар қатысты. Көрмені өткізу кезінде 4 миллионға жуық туристер келді.

Мемлекеттің экономикалық қуатының, тұрақтылығының, қолайлы инвестициялық ахуалының арқасында ірі трансұлттық корпорациялар Қазақстан экономикасының барлық секторларында жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдары тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 265 млрд АҚШ долларын құрады.

2000 жылы Елбасы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын құрды. Бүгінгі таңда Ұлттық қор мен Қазақстанның алтын-валюта қорының жалпы көлемі 91 млрд АҚШ долларына жуық.

Экономиканың тұрақты дамуы, елдің ІЖӨ өсімі Қазақстанға әріптес елдерге барлық көмек түрлерін көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы 1997 ж. 8 сәуірдегі Мәңгілік достық туралы шарт пен 2003 ж. 25 желтоқсандағы Одақтық қарым-қатынастар шарты аясында Қырғызстан Республикасымен бауырластық және тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтудың жүйелі саясатын жүргізіп келеді.

Осы жылдар бойы Қазақстан әсіресе, күрделі кезеңдерде, қырғыз халқымен бірге болды, Қырғызстан басшылығының өтініштеріне түсіністікпен қарады, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде барынша ықпалын тигізді және энергия таратушыларды, азық-түлік және басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарларды жеткізуді қоса алғанда, елеулі гуманитарлық көмегін көрсетті. 

Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі аясында Қазақстан Республикасының Президенті 100 млн АҚШ доллары көлемінде техникалық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Қазіргі кезде Техникалық көмек көрсету туралы келісімді Қазақстан Республикасының Парламенті ратификациялады.

Қырғызстанға гуманитарлық көмек желісі бойынша 20 млн аса АҚШ доллары бөлінді, Бішкек пен Ош қалаларында жалпы білім беретін 2 мектеп салынды.

Қырғызстан экономикасына қазақстандық инвестициялар көлемі 820 млн АҚШ долларын құрады. Осының нәтижесінде мыңдаған қырғызстандықтар жұмыс орындарымен қамтылды.

Инвестициялар көлемі бұдан да көбірек болуы мүмкін еді, бірақ оның өсімін қазақстандық кәсіпкерлерге қатысты қолайсыз инвестициялық ахуал тежеп отыр.

Қазақстанда 125 мың еңбек мигранттары тіркеліп, тұрып жатыр. Сонымен қоса, олар толық көлемде біздің мемлекетіміздің әлеуметтік және медициналық кепілдіктерімен қамтамасыз етілген.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұстанымдарының арқасында қазіргі кезде Қырғызстанның ЕуразЭО мүше мемлекеттердің бюджеттері арасындағы импорттық кедендік салықтардан түсетін түсімдерді бөлудегі үлесі 1,9% құрайды. Бұл ЕуразЭО қосылған сәтінен бастап Қырғыз Республикасының бюджетіне түсімдердің күрт өсуіне әкелді.

2016 жылы түсімдер 187,4 млн АҚШ долларын құрады, бұл Қырғызстанның ЕуразЭО-ға кіруіне дейінгі көрсеткіштерінен 3 есе көп.

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы теміржол көлігі қызметтеріне, тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, қолжетімділікті реттеу тәртібін қолдану туралы Келісімге сәйкес Қырғыз Республикасы 2017 жылдың 10 қаңтарынан бастап бірыңғайланған теміржол тарифін қолданады, бұл Қырғыз Республикасының қосылуы туралы Келісімде көзделген мерзімнен 8 айға ерте. Тарифті мерзімінен бұрын қолдану кезеңінде Қазақстанның шығындары 49 млн жуық АҚШ долларын құрады, бұл сәйкесінше Қырғызстан экономикасы үшін тиімді болып табылады.

Қырғызстандық тараптың ЕуразЭО талаптарына сәйкес санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық жүйелерді негіздеу бойынша міндеттемелер қабылдағанын айта кеткен жөн, бұл міндеттеме әлі күнге дейін орындалған жоқ. Бұл қазақстандық нарық пен жалпы интеграциялық бірігу үшін қатерлер тудырады. Осыған қарамастан, қазақстандық тарап қырғызстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің қазақстандық нарыққа қолжетімділігін және оның Қазақстан аумағы арқылы транзитін жеңілдетуге бағытталған шаралар кешенін қабылдады.

Қазақстан аумағы бойынша Қырғызстаннан Ресейге тасымалданатын тауарлар тізімі едәуір артып, 100 тауарлар тобына дейін жетті.

100 млн АҚШ доллары көлеміндегі техникалық көмек аясында қазақстандық қаражат есебінен ветеринарлық және фитосанитарлық-карантиндік бекеттер жарақтандырылады, карантиндік және ветеринарлық зертханалар, ветеринарлық препараттарды тіркеу және сертификаттау орталығы салынып, жабдықталады.

Қазақстан Республикасының кеден органдары Қырғыз Республикасына қытай тауарларының импортының күрт артуын және Қырғыз Республикасынан Қазақстанға сәйкесінше осындай тауарлар тасымалының көбейіп отырған тіркеді, бұл кедендік әкімшілендірудің тиімсіздігін көрсетеді. Соған қарамастан, қазақстандық тарап қырғыз тауарларына қандай да бір шектеу шараларын қолданып отырған жоқ.

Орын алып отырған Қытай тауарларының реэкспорты фактілеріне қарамастан Қырғыз тауарларының тасымалдану еркіндігін қамтамасыз ету бойынша Қазақстан қабылдаған міндеттемелер толық көлемде қамтамасыз етіліп отыр. ЕуразЭО мүше мемлекеттердің шамаланған шығындары шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайды, ал Қазақстанның ҚҚС бойынша шығындары 155,8 млн АҚШ долларын құрап отыр.

Сонымен қоса, біз Қырғызстан үшін маңызды бірқатар тауарларға (мұнай және мұнай өнімдері, қара және түсті металдар сынықтары, жануарлардың терілері мен жүндері т.с.с.) Қырғызстан аумағынан рекэспорты фактілерінің бізге мәлім болғанына қарамастан экспорттық кеден салықтарын қолданбаймыз.

Жоғарыда аталғанның барлығы біздің елдеріміздің екіжақты ынтымақтастығының аспектілерінің толық тізімін қамти алмайды.

Сөз соңында Қырғызстан Президенті А. Атамбаевтың өз пайдасы мақсатындағы әредік қарсы шығу пиғылдарына қарамастан, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қазақ-қырғыз стартегиялық әріптестігі мен ынтымақтастығын одан әрі белсенді тереңдетіп, кеңейте түсуге ниетті екенін атап өтемін.

 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір