• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 07:39:52
Алматы
+35°

10 Қазан, 2017 Саясат

Елбасына қазақ тілінің латын қарпіне негізделген жобасы таныстырылды

Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Елбасы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды.

Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті.

 «Осы күндері қазақ тілінің жаңа әліпбиіне қатысты мәселе белсенді талқыланды. Көптеген адамдар атсалысты. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы идея тәуелсіздік алған жылдары туған. Бұл мәселе менің қатаң бақылауымда болатын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақорда

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу процесінің тарихи маңызын ескеріп, аталмыш мәселе бойынша үйлесімді шешімге келу керектігін мәлімдеді.

«Бірде бір ел өзінің жаңа әліпбиін қоғам талқысына салған емес. Біз үшін әр адамның ойы маңызды. Президент әкімшілігіне латын әліпбиіне көшу турасында 300-ге жуық ұсыныс түсті. Жастар да бұл процеске белсене атсалысты», – деп атап өтті Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде қазақ тілінің жаңа әліпбиіне қатысты жобасын талқылауда атсалысқан қоғамдық бірлестіктер мен ғылыми ортаның белсенділігіне баса назар аударды.

Кездесу барысында атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы Мемлекет басшысына Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының жетекшісі Е. Қажыбек, Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығының республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е. Тілешов баяндады.

Жиынға қатысушылардың баяндамаларын тыңдаған Мемлекет басшысы көңіл аударарлық маңызды мәселелерді ұмытпау керектігін ескертті.

«Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бұл реформа басқа тілдердің дамуына нұқсан келтірмей, азаматтардың құқықтарын бұзбауға тиіс екеніне ерекше тоқталды.

Ақорда

«Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады. Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы латын қарпіне көшу күрделі үдеріс екенін, сондай-ақ оның мақсаты тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылатынын атап өтті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігін айтып, Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеуді тапсырды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдіріп, оны іске асыруға белсенді атсалысқан барша қазақстандықтарға, ғалымдар мен тілтанушыларға алғыс айтты.

Латын әліпбиі

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір