• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:55:44
Алматы
+35°

22 Қыркүйек, 2017 Әлеумет

Білім және ғылым министрлігін ата-аналардың қалтасы алаңдатпайды

Биылғы оқу жылы үлкен даумен басталды. Мектептерде оқулықтардың жетіспеушілігі, әрі қымбатшылығы қоғамды дүрліктірді.

Биылғы оқу жылы үлкен даумен басталды. Мектептерде оқулықтардың жетіспеушілігі, әрі қымбатшылығы қоғамды дүрліктірді.

Қашан да реформаға ұшырап жататын салалардың бірі – білім саласы. Заман ағымы қалай тез жүзсе, технология да заманмен бірге ілесіп келеді. Заман, технология дамыған сайын білім саласы да жиі өзгеріске ұшырап тұрады. Сол үшін де адам баласы жанталасып білім алуды көздейді. Ал білімнің бастауы – мектеп. Жасы 6-ға таяп, қабілеті оянып, санасы жаңғырған сәтте әр бала өмірдің алғашқы баспалдығын аттайды. Көзі жәудіреп, «білім» деген тіркеспен етене танысуда бала үшін ұстаздың қосар үлесі зор. Ұстаздар балаға не үйрету керек, нені оқытып, тоқыту керек, неге көңілін аудару керек – мұны бақылайтын білім министрлігі. Яғни бала алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәттен оқушының болашақ тағдырына ең бірінші жауапты болуы тиіс орган – Білім және ғылым министрлігі. 

Бүгінгі оқушы – ертеңгі болашақ. Сол себепті оқушылардың тағдырына келгенде кім болмасын аса сақтық танытқаны жөн. Алайда әр жылы жаңа реформаға ұшырап жатқан білім саласының төңірегі дау-дамайға өріп жүреді. Бір бұрыштан қағазбастылыққа тап болған мұғалімдердің зары естілсе, екінші бұрышынан баласын сапалы білім беретін мектепке беруді армандайтын немесе бар тапқан қаражаты баласының кітабынан аспайтын ата-ананың үнін құлағымыз шалады. Келесі бір бұрышта оқулықтағы тапсырмалармен бас қатырып отырған оқушының шарасыз күйін көреміз.

Білім бұлағы – кітаптың бағасы шарықтап тұр...

Оқу жылы басталғалы еліміздің кей мектептерінің айналасы дауға толған. Бірінші мәселе – оқушыларға кітаптардың жетіспеуінде. Қай мектеп болмасын басшылық оқушыларға оқулық таратарда, ең алдымен әлеуметтік жағдайы төмен немесе жетім балалардың халін ескереді. Сондай оқушылардың кітаппен толық қамтамасыз етілуін қадағалайды. Бұл дұрыс-ақ. Алайда өзге оқушылар ше?! Олар да Қазақстан Республикасының азаматтары мен азаматшалары, олардың да білім алуы үшін бар жағдай жасалуы тиіс, құқылы да. 

Ол оқушылардың ата-анасы қандай да бір қызметте істеген болса, жетпей қалған кітапты сатып алуы тиіс екен. Ал ата-анасының қызметі қандай, айлығы қанша, оған алаңдап жатқан ешкім жоқ. Жақсы, сатып алсын дедік. Мектеп оқулықтарының бағалары шарықтап тұр бүгінде. Оқулықтардың бағасы 1500-нан 4000-ға дейін барады. Мектептерде жалпы саны 20 кітаптан береді. Оқушыларға көп дегенде 7-8 оқулықтан жетпей жатады. Сонда бір оқушы кем дегенде 10 000 теңгеге кітап сатып алады. Оқулықтан бөлек дәптер, қалам-қарындаш сынды мектепке керек ұсақ-түйек дүниелермен 20 000 теңге болады. Ал отбасында 3 бала болса, мектеп формасымен қосқанда  100 000-нан көп қаражат баланың мектепке қажеттілігіне жұмсалады.

ҚР Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарының жеткілікті екенін ескерткен. Жеткілікті болса, кітап дүкендерін жағалап жүретін адам да қалмас еді.

Бүгінде ата-ана баласын мектептен бұрын дайындық сыныбына беруді жөн көреді. Мектепке дайын болып барсын, әріп білсін, сан білсін, сонда мектепте білім алу балама қиынға түспейді деп ойлайды. Бұл да дұрыс. Бала мектепке бармас бұрын психологиялық тұрғыдан да дайын болады. Алайда бұл процесс білім саласының мамандары үшін үлкен бизнес көзіне айналған. Іші түрлі-түсті суреттерге толы жұмыс дәптерлерінің бағасы кемінде 1000 тг. Ал мектепке даярлық курсында оқығың келсе, ондай жұмыс дәптерлерінің он сегіз түрлісін сатып алуға тиіссіз.

18 түрлі кітаптың базардағы бағасы 30 мың теңге тұрады. Кітаптардың тізімі төмендегідей:
1. Сауат ашу негіздері (әліппе-дәптер) 1,2, Алматы кітап
2. Қарапайым матемматикалық ұғымдарды қалыптастыру (әліппе дәптер) 1, 2, 2017, Алматы кітап
3. Сөйлеуді дамыту (әліппе дәптер) 2017 Алматы кітап
4. Қоршаған ортамен таныстыру (әліппе дәптер) 2017, Аламты кітап
5. Экология негіздері (әліппе дәптер) 2017, Аматы кітап
6. Өзін-өзі тану (әліппе дәптер) 2017, Алматы кітап
7. Көркем әдебиет ( әліппе дәптер) 2017, Алматы кітап
8. Қауіпсіз мінез-құлық негіздері ( әліппе дәптер) 2017, Алматы кітап
9. Құрастыру ( әліппе дәптер) 2017, Аламты кітап
10. Мүсіндеу (әліппе дәптер) 2017, Алматы кітап
11. Аппликация (әліппе дәптер) 2017, Алматы кітап
12. Сурет салу (әліппе дәптер) 2017, Алматы кітап
13. Музыка (Нато хрестоматиясы) 2017, Алматы кітап
14. Ағылшын (АВС copybook) 2017, Алматы кітап
15. Русский язык (Азбука – тетрадь) 1,2 2017, Алматы кітап
16. Жаратылыстану (әліппе дәптер) 2017, Аламты кітап
17. Драма (әліппе дәптер) 2017, Алматы кітап
18. Валеология негіздері (әліппе дәптер) 2017, Алматы кітап

Бұл – 30 мың теңге тек кітаптардың ақшасы, ал мекетпке қажетті құралдармен қосқанда 40 мыңға жетеді. Биыл бірінші сыныпқа 400 000-ге жуық бала барды. Сонда 400 000 х 30 000 = 12 000 000 000 теңге (12 миллиард теңге).

Сонда қарапайым халықтың қалтасынан шыққан 12 млрд. теңге қайда кетеді? Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен білім және ғылым министрлігіне триллиондаған ақша бөлінеді. Бұл қаражат қайда жұмсалып жатыр? Халықты тонау деген осы емес пе?

Бүгінде әлеуметтік желінің заманы жүріп тұр. Жастардан бастап еңкейген қарияға дейін кез келген ойын әлеуметтік желі арқылы білдіріп жатады. Кітап дауына қатысты да ата-аналар үнсіз қалмаған. Қымбаттылығына, сапасының нашарлығына наразылық білдіріп, пікірлерін желіге жазды.

Кітап базарда бар, мектепте жоқ...

Аталмыш нұсқадағы пікірлерді назарларыңызға ұсынсақ:

Zhanakul Bidaibekova Карасай ауданындамыз, балам 1 сыныпта оқиды. Кітаптардың жартысы жок, қайдан аларымызды білмеймиз. 15 000 теңгеге дәптерлерін алдық, олардың жартысы көшірме, баланың көзі аурады.

Тумар Жанысова Созақ ауданы, Таукенттенбіз. Балам бірінші сыныпта оқиды, ата-аналар 18 мыңнан ақша жинадық. 3500 теңге тағы бердік. Ол ақша жинау емей немене? Тегін болса, бəрі берілсе, неге жинаймыз? Мұғалімдердің жазығы жоқ, олардың қолында тұрса, бұлай істемес еді? Толық қамтамасыз ете алмай, осы ескі кітап-дəптермен жаңа латын әліпбиін қабылдамақшы...

Назгуль Жомартова Алматы қаласының ауылдық жеріндегі Қарасай ауданына қарасты мектептерде Атамұра баспасының кітаптарын алып оқиды. Ал естуімізше Алматы қаласының өзінде Алматы кітап баспасын алып оқиды. Біздің мектепте солай Атамұра баспасының кітаптарын биыл 4 сыныпқа негізгі 4 кітапты сатып алуға тура келді. Қазақ тілі, əдебиет, дүниетану, Өзін-өзі тану пəндері. Биыл 3-сыныпқа түгел берілді. Жылда екі балама 3-4 кітаптан жетпегенін сатып алып берем. Амал жоқ. Дауласқанмен директор бəрібір кітап бермейді. Одан қалса, мектепке қорға деп тағы 3000-нан ақша жинатады . Киім-кешегі, кеңсе тауарлары, кітабы бəрін қосқанда 100 000-150 000-ға барады. Бұл тек қарапайым екі бала оқитын отбасының жұмсалатын қаржысы. Негізі осы білім министрі орнынан кетсе жақсы болар еді.

Baurzhan Qurmanuli Жаңа ғана 3-сынып қызықты қазақ тілін әрең тауып сатып алдық, жұп-жұқа кітапша 1400 тг тұрады.

Гульмира Суйеу Бізге 0 сыныптың 2016 жылғы кітаптарын алсын деген, бір аптадан соң 2017 жылғысын алу керек екен дейді. Енді алып қойған кітаптарды не істейміз? Оны сатушы қайта алмайды. Сонда ата-ананың есебінен кім байып жатыр, неге нақты оқулықтар жоқ???

Еркебулан Туликбай 0 сыныпқа баратын балама 25 мыңға кітап алдым, 2-3-еуі алынған жоқ, 2017ж шыққаны керек дейді, таба алмай жүрмін. Математика кітабы жоқ. Кеше математика болуы тиіс еді, баламда кітап болмағасын, сурет сабағын өткізген. Балам «аспан деген көк түсті болады, оны мұғалім математика сабағынан үйретті» деп келді.

Гульсим Жумахметова Ал, бізде керісінше, 2017 жыл жарамайды, ескі жылдың кітабы қажет деген. 14000 теңгеге алдым, әлі 5 кітап алуым қажет.

Жумагуль Бекмуратова 3-сыныптағы ұлыма жетпеген кітаптарын сатып алдық. Əрқайсысы – 2200 тг.

Оқулықтардың сапасы бағасына сай ма?

Ресми деректерге сүйенсек, 2015 жылы кітап басып шығаруға 10 млрд. теңге бөлінсе, өткен жылы 19 млрд, биыл 27 млрд, теңге бөлінген. Кітап басып шығару үшін 20-ға жуық баспа жұмыс жасайды. Яғни, бәсекелестік бар. Бірнеше сомада ақша бөлініп жатқан оқулықтардың сапасы бүгінде сын көтермей тұр.

Оқу жылы басталған уақыттан бері ата-ана мен ұстаздардың шырылының нәтижесінде қазақ тіліндегі оқулықтардың мынадай кемшіліктерін байқауға болады: мәтіннің, теориялық материалдардың басым болуы, оқулық мазмұнының оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталмауы, иллюстрациялар сапасының төмендігі. Оқулықтар ғылыми терминдердің берілуінде бірізділіктің сақталмауы, мәтіндердің күрделілігі, оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес келмеуі, орыс тіліндегі сөздердің аудармасыз берілуі немесе дұрыс аударылмауы, қазақтың көнерген сөздерінің дұрыс қолданылмауы, жалпы сөйлемнің дұрыс құрылмауы секілді кемшіліктер. Математиканың іші оңып тұрған жоқ. Баланың логикасын дамытатын есептер деп берілгені керісінше психикасына кері әсер ете ме деп қаласың. Ондай есептерді бала түгілі ата-ана да дұрыс түсінбей жатады.

Былтыр жалпы бі­лім бе­ретін мектептердің оқу бағ­дар­­ла­масы жаңа мазмұнға көше бас­та­­ғанда-ақ қоғам даурықты. Ата-ананың көбі қарсы болды. Бұрыннан қалыптасқан оқу жүйесінде оқыта беруді жөн көрді. Алайда білім са­ласындағы мамандар өз айтқандарынан қайтапды. Олардың пікірінше, білім сала­сы да бір орнында тоқтап қалмай, әрі қарай дамуы керек. Соған сәйкес оқулықтар да заман талабына сай өзгеруі тиіс екен. Жақсы, бұл да дұрыс. Жаңа білім жүйесінің мақсаты – оқушыға сапалы білім беру, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу, тәжірибе жасау.

Бірақ бүгінгі оқулықтардың халін көріп, білім саласының мамандарын оқушылардың жағдайы алаңдатпаған деген қорытындыға келуге болады. Олар үшін маңыздысы ағымнан қалып кетпеу. Білім берудегі инновациялық жүйеге біз дайынбыз ба? Мұғалімдер мен оқушылар дайын ба? Мұны ескерген ешкім жоқ.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір