• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:28:14
Алматы
+35°

08 Қыркүйек, 2017 Саясат

Мьянмадағы азап туралы құпия деректер: Кім ойыншы, кім ойыншық?

Мьянма үкіметі мен рохинджа мұсылмандарының арасындағы қақтығыс 1948 жылдан басталып келе жатыр.  Нақтылайтын болсақ, рохинджа мұсылмандары 69 жыл бойы Мьянма

Мьянма үкіметі мен рохинджа мұсылмандарының арасындағы қақтығыс 1948 жылдан басталып келе жатыр, - деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.  Нақтылайтын болсақ, рохинджа мұсылмандары 69 жыл бойы Мьянма үкіметінен зорлық-зомбылық көріп келеді. Мьянма үкіметі алғашқыда мұсылмандардың  жерін, үйін тартып алса, кейіннен түрмеге отырғызып, азаптап өлтіре бастаған. Әлемдегі мұсылмандардан бөлек өзге дін өкілдері де, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері де рохинджа мұсылмандарының заңға бағынатын және шыдамды адамдар екенін әлдеқашан мойындап қойған. 

 

Мысалға алатын болсақ, осыдан біраз жыл бұрын «әл- Джазира» телеарнасының журналисі Фил Рис «Соңғы жылдары мен  көптеген сұхбаттар мен құпия құжаттарды жинақтадым. Менің қолымдағы деректер Мьянма үкіметі буддистер мен мұсылмандар арасына іріткі салғысы келетінін дәлелдейді», - деген.

Лондондағы Queen Mary университетінің түлегі, профессор және заңгер Пени Грин «Егер 2012 жылдың маусым айындағы ақпараттарға сүйенетін болсам, біз сол жылдары Бирмада болып жатқан жағдай туралы жергілікті тұрғындардың арасындағы жай ғана тұрмыстық  түсініспеушілік  дегенді жиі еститінбіз. Бірақ бұл жалған ақпарат еді.  Бұл жағдай бірнеше жылдан бері астыртын жоспарланып келе жатырғанын көпшілік біле бермейтін. 2012 жылы Ракхайн штатында мұсылманға  буддист қызды зорлап, кейін өлтіріп кетті деген айып тағылды.  Осы сыбыстың нақты дәлелі жоқ болса да, аталған оқиғадан кейін 100- ден астам жергілікті мұсылмандар баспанасы мен жерінен айырылды.  Тіпті  Араканда 100 шақты мұсылманды азаптап өлтірген. Бұл ақпарат БҰҰ құпия құжаттарынан алынған», -  дейді.

Енді осы мәселені  талқылайтын болсақ. Жарайды мұсылмандардың арасындағы бір бұзық бір қызды зорлап, өлтіргені рас ақпарат болсын делік. Алайда бір адамды өлтірді деп жүзден астам адамды қырып тастау әділеттен бөлек адамдыққа жата ма? 1948 жылдан бастап азапты ғұмырды бастан кешірген адам да еріксіз, кек алу мақсатында зұлымдық жасағысы келетіні белгілі ғой. Бұл психологиялық тұрғыдан да қалыпты дүние деп ойлаймын. Өзінің ата-анасын аяусыз азаппен өлгенін көрген адам да қылмысқа бейім болады. Нақты айтатын болсақ, мұсылмандар мен буддистердің арасындағы қақтығыс пен жауыздықтың пайда болғандығына Мьянма үкіметінің кінәсі мен қатар күнәсі де бар екені ақиқат. Себебі олар жергілікті халыққа басу айтқанда, бірнеше жылдар бойы жалғасып келе жатқан қылмысты тоқтатқанда бұл жағдай дәл осындай деңгейге жетпейтін еді...

2008-2014 жылы БҰҰ -да адам құқығы бойынша арнайы баяндаушы қызметін атқарған Томас  Кинтана да Бирмадағы оқиғаның бірнеше жылдар бойы арнайы жоспарланғанын айтты. Оның қолында осыған байланысты бірнеше ақпарат бар екен. 

Жоғарыда айтылған деректер 2012 жылғы мұсылман жігіттің бір буддист қызды зорлап, өлтірді деген сыбысқа  тікелей қатысты болып келеді. Дәл осы жылы Мьянма үкіметі 200 шақты мұсылманды баспанасынан айырып, аяусыз өлтірген еді. Бірақ Мьянма үкіметі әлемге бұл оқиғаны жергілікті тұрғындар арасындағы түсініспеушілік ретінде көрсетіп, әлем халқын сендіргісі келген. Алайда 2012 жылы және бірнеше жылдан кейін де құпия құжаттар пайда бола бастады.

Егер рохинджа мұсылмандары қақтығысты немесе соғысты өздері бастаған болса ең болмаса бір құпия құжат жарыққа шығатын еді. БҰҰ-ның құпия құжаттарының мәліметтерінде Мьянмадағы бір ауданның өзінде 86 зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелгені белгілі болды. Сонымен бірге осы құжаттарда зардап шеккен адамдардың суреттері мен видеолары да сақталған. Қазіргі кездегі әлеуметтік желіде жарияланып жүрген кейбір видеолар мен суреттер сол жылдардың көрінісі болуы әбден мүмкін.

Осыған ұқсас оқиға 2013 жылы Мейктил елді-мекенінде тек қана рохинджа мұсылмандарына қарсы жасалған болатын. Осы кезде заңды сұрақ пайда болады? Неге Мьянма үкіметі тек қана рохинджа мұсылмандарын аяусыз азаптап, жазалады? Не үшін осындай жайттар араға бірнеше ай немесе жыл салып қайталанып отырды?  Сұрақтың жауабы да айқын секілді. Дәл осы 2 сұрақ Мьянма үкіметінің мұсылмандарды азаптауы бірнеше жылдар бойы астыртын жоспарланып келді мt деген сұрақтың жауабы іспетті. Сұрақ сұраққа жауап беріп тұр...

Осы оқиға басталғалы әлеуметтік желідегі суреттер мен видеоларды кім жариялап жатыр деген сұрақ маған маза бермеген еді. Осы сұрақтың жауабын  АҚШ-тағы Холокоста мемориальдық мұражайдың қызметкері Андреа Гитлмэннің дәлелдеріне сүйенсек, әлеуметтік желіде таралған суреттер мен видеоларды үкімет әскер мен жергілікті тұрғындардың өздері түсірген. Олар рохинджа мұсылмандарын азапталып жатқанын өзгелерге көрсетіп, мақтанып, сол арқылы өз абыройын жоғарыға көтергендей болады екен. Сонымен бірге көпшілікті жылатқан видеолар мен суреттерді анықтап қарайтын болсақ Мьянма тұрғындарының мұсылмандарды азаппен соққының астына алып жатқан кезде олардың қасында қару асынған полиция қызметкерлерін көруге болады. Олар болып жатқан қылмысты тоқтатып, араша болудың орнына, мұсылмандардың қалай азапталып жатқанын көріп рахаттанып тұрғанын байқауға болады.

«әл-Джазира» телеарнасының қызметкерлері осыдан бірнеше жыл бұрынғы Мьянма үкіметінің құпия құжаттын қолға түсірген. Бұл құжаттар Мьянманың тұрғындары мен билік өкілдері рохинджа мұсылмандарын, олардың  діни жоралғыларды жасағанын жек көретінін және де билік өкілдері бірнеше жыл бойғы жоспар бойынша мұсылмандарды жойғысы келгенін дәлелдей түседі.

Енді осы сорақылыққа тікелей қатысы бар Ашин Вирату туралы бірер мәлімет келтірейін. Ашин Вирату 9 жыл терроризмге қатысы болғаны үшін түрмеде отырған. 2012 жылдан бастап президентке, мұсылмандарға қарсы пікірін айтып, олардың көзін жоюға байланысты өз ұсынысын ашық айтқан. Тіпті ол өз ойын өзгелерден жасырмаған. Оның мұсылмандар туралы видеосы Youtube әлеуметтік желісіне жарияланып та отырған. Яғни Мьянма үкіметі де Ашин Виратудың түпкі мақсатын осыдан бірнеше жыл бұрын да білген. Алайда тоқтатпағаны да байқалады. Сонымен бірге қазір әлеуметтік желілерде Ашин Виратудың мұсылмандар туралы пікірі таралып, талқыланып жатыр.

«Біз өзіміздің Буддамыздың жауы, яғни мұсылмандардың көзін жоймайынша тыныштық таппаймыз. Біздің Жер шарымызда бірде-бір мұсылман қалмауы керек. Біз олардың мешіт-медреселерін өртейміз. Олар өздерін ешкім де құтқара алмайтынын білуі керек. Ешқандай жергілікті әскер де, буддист те оларды құтқара алмайды. Біз оларға азық-түлік сатпаймыз, өз құдығымыздан тіпті бір жұтым су да бермейміз. Мен өзімнің Буддаммен ант етемін, бұл шайтандар (мұсылмандар) біздің қасиетті мекенімізде бізге құл ретінде өмір сүруі керек. Олардың балалары біздің храмда буддизмді қабылдап, бізге қызмет етуге міндетті. Мұсылмандар адам емес, олар үшін басқа мұсылмандар дұға етсе де олардың қолынан басқа ештеңе келмейді. Олар ештеңе істей алмайды, себебі мұсылмандар адамзаттың ең жабайы, төмен, түкке тұрғысыз жаратылысы.  Олар  торға қамалған, әрлі-берлі тамақ сұрап жүрген маймылдар секілді. Айғайлап, айғайлап қояды. Сендер солай жүре беріңдер, жылап, өз Құдайларыңа жалбарынып, дұға жасап, бірақ одан ештеңе шықпайды. Алайда біз өркениетті, мәдениетті адамдармыз. Біз сендердің дұғаларың мен іс-әрекеттеріңнен ешқандай пайда жоқ екенін жақсы білеміз. Сендер сол торға қамалған маймыл секілді өмір сүресіңдер және солай қала береді. Сол тордан тек менің қалауым арқылы ғана аман шығасыңдар», - деп халықтың алдында Ашин Вирату мұсылмандарды мазаққа айналдырған.

Неге Мьянма халқы мұсылмандарды жантүршігерліктей етіп азаптап, өлтірді? Неге олар кіп-кішкентай сәбиді аяусыз өлтіріп, мазаққа айналдырды? Осыншама қатыгездік бүтін бір халықтан шығып жатқаны қалай?

Ашин Вирату монах ретінде де, Мьянмадағы танымал тұлға ретінде де өз халқына сөзі өтетіні белгілі. Ашин Виратудың осы сұхбаты әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр. Бұл видео негізінен 2013 жылдың  15 шілде айында Youtube әлеуметтік желісіне жарияланған. Сонымен бірге айта кететін болсақ, Ашин Вирату 2012 жылы еркіндікке шыққан. Содан бері өзінің мұсылманда туралы пікірін халыққа айтып, оларды өзіне сендіре білді. Мьянма үкіметі мен тұрғындары осыдан 1948 жылдан бері мұсылмандарға зорлық-зомбылық жасап келген болса, бұл кек (жергілікті тұрғындардың ойынша) атадан балаға тапсырма ретінде қалып отыруы да әбден мүмкін. Ашин Вирату мұсылмандарды халықтың алдында маймылға теңеп, оларды адам құрлы көрмеуге шақырған. Ашин Виратудың дәл осыған ұқсас уағыздары көп екені де белгілі. Ол 2013 жылдан бері өз халқының санасын улап, дәл қазіргідей қатыгездік, жауыздық жасауға итермелеген.

Енді Мьянманың көшбасшысы Аун Сан Су Чжи туралы мәліметтерді қарастырсақ. Аун Сан Су Чжи әлемге ештеңеден  тайсалмайтын саясаткер, оппазиционер ретінде танылған.  Бұл әйел туралы тіпті фильм де түсірілген екен.  Оның пікіріне сүйенетін болсақ, Мьянмадағы қақтығыс жай ғана жергілікті тұрғындардың арасындағы түсініспеушілік және де әлеуметтік желіде жарияланған суреттер мен видеолар өтірік екен. Тұрғындардың мұсылмандарға зорлық көрсетуін тоқтатқым келеді деген әйел қазір Мьянма елінің премьер-министрі. Бүкіл әлемнің алдында осындай шындыққа жанаспайтын пікір айтқан Аун Сан Су Чжи өз халқына басу айта алмаса несіне билікте отыр?

Мьянмада болып жатқан геноцид шындық екені хақ. Алайда кінәлілер өз қылмыстарын жасырғысы келеді. Алайда Мьянмадағы видеоар мен суреттер осыдан бірнеше жыл бұрынғы болуы әбден мүмкін, себебі бұл сорақылық 70 жыл бойы жалғасып келе жатыр емес пе?

Мьянмадағы геноцид туралы пікір білдірген алғашқы президент Реджеп Ердоған мен Рамзан Қадыров. Олар қазіргі кезде өзінің діндес бауырларына көмек көрсетуде. Реджеп Ердоғанның әйелі мен түрік үкіметі Бирмаға көмектесуге барғаны белгілі. Ал Шешенстанның Грозный қаласында миллионнан астам адамның қатысуымен митинг болған еді. Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыров митинг кезінде сөз сөйлеп, Мьянмадағы геноцидке қарсы екенін ашық айтты. Сонымен бірге аталған сорақылыққа қарсылығын білдіргендердің қатарында христиан дінін ұстанған Рим папасы Франциск те бар еді. Осыншама беделді адамдар жалған ақпаратқа сеніп, алданып отыр дегенге сау адам сене қоймас...

Сонымен бірге ашуға булыққан кейбір мұсылмандар Мьянмадағы бауырларын қорғау үшін жиһад жасаймыз деп жатыр. Олар өзге мұсылмандарды қорғау өздерінің парызы деп есептейді. Шығыс елінің мұсылмандарын негізінен діни термин бойынша муджахидтер деп атайды. Егер Мьянма үкіметі мұсылмандарға қарсы жасалып жатқан геноцидті тоқтатпайтын болса үлкен дінаралық соғыс болады. 

Аталған дінаралық қақтығысты нақты кім жасап отырғаны әзірге құпия. Мүмкін Мьянма үкіметі де кінәлі емес шығар. Оларды басқарып, билігін жүргізіп отырғандар да бар болуы әбден мүмкін. Тек бір дүние ақиқат. Бұл мұсылмандарға жасалып отырған қастандық - саяси ойын. Аталған ойындағы буддисттер де, мұсылмандар да жай ғана ойыншылардың ойыншығы іспеттес. 

Әсел Болатқызы

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір