• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 18:57:42
Алматы
+35°

15 Тамыз, 2017 Саясат

Рухани жаңғырудың саяси және экономикалық жаңғырулардан айырмашылығы неде?

Ғани Нығыметов бастаған институттың бүгінгі мақсаты халық арасында «рухани жаңғыру» мәселесі бойынша сауалнама жүргізіп, маңызын жеткізе білу.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы рухани жаңғыру дегеніміз не, оның саяси жаңғыру мен экономикалық жаңғырудан қандай айырмашылығы бар? Өзге мемлекеттердегі жаңғырудан артықшылығы неде? Осы сұрақтарға Еуразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығыметов «Хабар» арнасындғы «Бетпе-бет» бағдарламасында жауап берді. Ғани Нығыметов бастаған институттың бүгінгі мақсаты – халық арасында «Рухани жаңғыру» мәселесі бойынша сауалнама жүргізіп, маңызын жеткізе білу. Елбасы жолдауындағы үшінші жаңғыру мәселесін айқындап, оның ішінде рухани жаңғыруға ерекше тоқталып өткен ел азаматының өзекті ойы мен тұшымды пікірін Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі оқырман назарына ұсынады.

ЖАҢҒЫРУ ДЕГЕН НЕ?

Жылдың басында Елбасымыз халыққа жолдауында үшінші модернизация стратегиясын жариялады. Бірінші модернизация егенмендік алған кезде, 1990 жылдың басында болды. Кеңес одағы ыдырап, жаңа мемлекет, Қазақстан Республикасы құрылды. Алайда Қазақстан экономикасының жағдайы мүшкіл болды. Сол кезде жоспарлық экономикадан нарықтық экономикаға көштік. Екінші модернизация стратегиясы – 1997 жылы 2030 стратегиясын қабылдаған кез. Ол уақытта алдымызға нақты жоспарлар мен мақсаттар қойдық. Ол мақсаттарға жеттік те. Бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірдік. Сөйтіп елде дағдарыс басталды. Мұнайдың бағасы түсті. Сол кезде президент «Ұлт жоспары», «Жүз нақты қадам», «Нұрлы жол» т.б. бағдарламаларды қабылдады. Ал жылдың басында Елбасымыз үшінші жаңғыруды, үшінші модернизацияны жариялады. Мұны – алға қойған 2050 мақсатына үлкен көпір жасау, модернизация арқылы сол мақсатқа жету деп түсінеміз.

САЯСИ ЖАҢҒЫРУ

Үшінші жаңғыру үш бағытты ұстанады. Бірінші саяси жаңғыру – конституциялық өзгерістердің болуы. Конституциялық өзгерістердің басты мақсаты – президенттің өкілеттіктерін парламентке, үкіметке беру. Яғни, үкіметтің, парламенттің дербестігін, жауапкершілігін арттыру, беделін көтеру. Парламентте халықтың қалаулары жұмыс істейді. Институттың негізінде парламенттің күшеюі – өте дұрыс үрдіс. Біздің қоғамда әрі қарай демократизацияның жалғасуына септігін тигізетін үрдіс.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРУ

Халықтық мәселелер – су, жол, жұмыссыздық сынды мәселелер осы модернизация арқылы шешіледі. Экономикалық жаңғырудың басты мақсаты – экономикамыздың жаңа өсу моделін құру. Мұнайдың бағасы өсе ме, өспей ме, осы қалпында қала бере ме, бізге белгісіз. Мұндай жағдайда табиғи байлықтарға сеніп отыра беруге болмайды. Өзіміздің интеллектуалды, адами капиталымызға сүйеніп, жаңа, интеллектуалды экономика жасауымыз керек. Бұл – жастарға арналған үлкен жауапкершілік. Қазақ халқы, Қазақстан нарықтық, жаһандық экономикаға табиғи байлықтан басқа не ұсына алады? Осы мәселені шешу – экономикалық жаңғыру модернизациясында айқындалады.

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Үшінші модернизациядағы ең қиыны әрі ең маңыздысы – рухани жаңғыру. Бұл – біздің сана-сезіміміздің, мінез-құлқымыздың, жүріс-тұрысымыздың өзгеруі. Мәселен, жасөспірім спортпен шұғылданғысы келсе, ол бірінші өзінің күшіне сеніп, өзінен бастауы керек. Өзгеріс – өз-өзін жетілдіру деген сөз. Білім жағынан болсын, спорт жағынан болсын, жаңа заманға сай өзімізді өзгертіп тұру. Ең әуелі сананы өзгерту керек. Рухани жаңғыру – бұқаралық сананы өзгерту және бұл өте қиын жоба. Оның үстіне жақын арада біте салмайды. Келешекке, болашаққа арналған жоба. Президентіміздің көрегендік саясатының тағы бір үлгісі. Жастар осыны түсіне білу керек. Жаңа заманға сай өзімізді қалай жетілдіреміз, ең дамыған мемлекеттердің қатарына қалай қосыламыз? Осы сұрақтарды ойланып, шешімін табуға атсалысу керек.

НЕНІ ЖӘНЕ НЕГЕ ӨЗГЕРТУІМІЗ КЕРЕК?

Президенттің мақаласында көрсетілгендей, біздің ұлттық тұрмысымызда, сана-сезімімізде жақсы да, жаман да қасиеттер бар, бұл – шындық. Сол қасиеттерді түсініп, кері тартатын мінездерімізді анықтап, саралап, соны өзгертуіміз керек. Мәселен ысырапшылдық, мақтаншақтық, үстемшілдік, т.б. қылықтарымыздан арылу жайын ойлануымыз керек. Қазіргі заманда дамыған мемлекеттердің қатарынан табылғымыз келсе, олардың тәжірибелерін, ең жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіру арқылы өзімізді дамытуымыз керек. Кері тартатын аталмыш қасиеттерге прагматизмді қарама-қайшы қойсақ, әрбір затты үнемді қолдану, үнемшілдік, қарапайымдылық т.б. қасиеттерді дамыта аламыз. Өйткені, ресурстар шектеулі.

Қазақ халқы не себепті шашылып той жасайды? Әрине, бар болса, неге жасамасқа? Алайда қаражатымыз жетпей, той жасау үшін несие аламыз да, оны 5-10 жыл төлеп жүреміз. Оның не қажеті бар? Бұл – дұрыс емес әрі прагматизмге жатпайды. Бізді кері тартатын үрдіс.

Біз қолымызда бар ресурстарды үнемді қолданып, бар күшті өзіміздің дамуымызға салуымыз керек. Ол үшін білімге қарай ұмтылуымыз маңызды. Білімді болу, көзіміздің, санамыздың ашық болуы, оған қоса ұлттық мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпау – қазақстандықтардың басты мақсаты. Соны Елбасымызда жақсы мұны жақсы айтып кеткен.

Біздің ерекшелігіміз – үш жаңғыруды бірден бастап кеттік. Рухани жаңғыру – ең қиын жаңғыру. Әрі рухани жаңғыру болмай, басқаларына жете алмаймыз. Өзгеруді өзімізден бастайық, өз дәрежемізге көңіл бөлейік, біліктілігімізді арттырайық. Білім жоғары болмаса, кәсіби деңгей де артпайды. Соны ойлануымыз керек.

 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір