• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:28:36
Алматы
+35°

03 Тамыз, 2017 Әлеумет

Қытайдан қазаққа төнер қауіп қандай?

Өздерін Шығыстың «алып аждаһасына» балайтын қытайдың әлем елдерімен санаса бастағанына да біраз жыл болды.

Қазақстан-Қытай ежелден дос көрші елдер есептеледі. Әсіресе 1992 жылғы 3 қаңтарда дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері екі елдің байланысы күн сайын күшеймесе, әлсіремеді. Екі ел арасында тату көршілік, достық және әр түрлі қызметтестік, сауда-саттық мәселелері туралы келісімшарттар да аз емес. 
Келісімшарттардың Қазақстан үшін мәні – бір-біріне шабуыл жасамау және шекара мәселесінің шешілуі, Шаңхай Ынтымақтастығы Ұйымы ауқымында сенім шараларының жүзеге асырылуы, екі елдің қызметтестігінің стратегиялық бағыттары бойынша принципті уағдаластықтар кешеніне қол жеткізу сынды түйіндерді қамтиды. Енді не жетпейді?
Десе де көзіндегі күлкіге емес, көмескіде көміліп жатқан жұмбағына үңілген көп адам оларға секеммен қарайды. Осы орайда Қытайдан бізге қауіп-қатер бар ма дейтін сұрақтың тууы да әбден мүмкін. Ендеше қалай жауап береміз?
Өздерін Шығыстың «алып аждаһасына» балайтын қытайдың әлем елдерімен санаса бастағанына да біраз жыл болды. Қытай сынды алып күштің ояна бастауынан әлемдегі ірі империялардың өзі алаңдап, көршілерінің жалтақтап отыратыны да өтірік емес. Әсіресе бүгінгі даму үстіндегі Қытай экономикасы көрші елдердің өндірісі мен экономикасын тығырыққа тіреп, өзінің экономикалық басымдылығын көрсетуді көздейді. Жер шарының арғы бетіндегі Америка құрлығының өзі оларға бірде оң қараса да, бірде сүзісетін бұқа көздене қалады. Тарпа бас салудан және тайсайды.
Қытайдың көршiлерiн әскери күшпен жаулап алған тарихы аса көп кездеспейді. Бiрақ бұл халық кемеңгерлерi Кұң Зының (Конфуций) «жылына бiр сантиметр жылжып та жетiстiкке жетуге болатынын» айтып кеткенiн ескерсек, көршiлерiмiздiң қазiр әлемнiң әр түкпірінде қытай қалашықтарын («china town») құрып алып, дүниежүзi мемлекеттерi iшiндегi «өз мемлекеттерiн» бiртiндеп көбейтуге астыртын әрекеттеніп отырғанына көз жұмып қарауға болмайды.
Осындай жағдайларды сарапқа салған Қытай ғалымдары мен саясаткерлері де өздерінің Қазақстанды зерттеу объектiсi етіп отырғанын да жасырмайды. Қазақстан алғаш тәуелсіздік жариялаған күннің өзінде-ақ қытайдың «Қазақстанның жалпы жағдайы» атты кітап шығарып, оны ондағы қандастарымыздан бұрын зерттеп-зерделеп үлгеруі соның қарапайым мысалы.
Қытайдың өзге көршiлес мемлекеттерге қауiп төндiретiндей теориясын бар мен жоқтың арасынан қарастырушы тұлғалар көп. Бір ғана мысал айтар болсақ күні бүгінге дейін оқулықтарында Қазақстанның біраз аумағын ежелгі өздерінің жері ретінде карталап, ұрпақтар санасына сіңіріп келе жатқанының астарында не жатқанын білу қиын. Тек Қазақстан ғана емес, Қытайға көршілес өзге елдердiң бәрiнде де сол қауiп бар. Әсіресе жан саны күн санап артып бара жатқан қытайлықтардың бір миллиард халықты ғана тамағы тоқ, көйлегі көк дәрежесінде асырай алатынын негізге алсақ, ал ендігі жерде олардың ірге кеңейту немесе өз ұрпақтарын жер бетіне бейбіт жолмен тарыдай шашудан басқа амалы жоқ екені де анық. Ғылым-техникалық үрдістің шапшаң дамуы, жұмыссыздар санының еселеп көбеюі, өндіру мен тұтыным арасындағы тепе-теңсіздік, коммунистік жүйенің сенімсіздігі, т.б. қазірдің өзінде-ақ ондағы қордаланған мәселелерге айналған. Қытай үкіметінің ресми емес дерегі бойынша ондағы жұмыссыздар саны 200 миллион адамға жеткен. Мұның өзі Ресейдей алып елдің барлық халқынан әлде қайда көп деген сөз. Мұншама орасан зор еңбек күшін Қытайда орналастыруға тіптен мүмкіндік те жоқ.
Бұрынғы отарлық туралы сөз болғанда «өзі сары, көзі көк» орыстардың отарлауын басты қауіп санасақ, енді оған қара қытайлардың қатері қосылды. Қытайдың Қазақстанға байланысты саясаты Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қарқын ала бастады. Өйткені әлемнің алып күштері үшін «бос кеңістік» немесе «бір кесек майлы еттен» өз үлесін алып қалу әркімнің өзіне тиімді ұстаным болды.
Қытай мемлекеті Қазақстан және онымен көршілес жатқан ТМД елдеріне қаратқан «ішкі шапқыншылығының» алғашқы әзірлігі немесе қытайлардың нәпақасын сырттан іздеудің сынағы ретінде Шынжаңды «қауырт игере» бастады. «Қытай Халық Республикасы өзінің «Батыс бөлікті қауырт игеру» стратегиялық жоспарын 2000 жылдан жүзеге асыра бастаған. Қытайдың Батыс аймақты (Шыңжанды) қауырт игеруде ең әуелі басы қытайдан бастау алатын Қара Ертіс пен Іле өзендерінен жаңа каналдар алып, ірі су қоймаларын жасады. Қара Ертіс суының жарымына жуығы жоңғар даласы – Қарамай мұнайлығына ірі каналмен бұйдаланды. Бізге кіретін өзен суының азаюы мен ластануы сынды даму барысында дау тудыруы мүмкін жағымсыз факторлар қалыптасты. Шынжаңды игеру саясаты – ежелгі түркі даласын төл иесіне мәңгілік жоқ қылумен шектеліп қана қалмай, өзіне келетін қауіп-қатердің алдын алу үшін шекаралық аймақтарын бекемдеуді де қамтиды. Ал онда отырған шағын ұлттардың мүддесі олар үшін «шыбын шаққандай» әсер етпейді.
Мейлі «батыс өңір» болсын, мейлі ТМД елдеріне қаратқан саясатында болсын олардың айналасына аран ашуының да ішкі себептері көп: ең бастысы, мамандар болжамы бойынша қытай территориясы 1,5 миллиард адамның ғана өмір сүруін қамтамасыз ете алады екен. Ал қазіргі межеде Қытай халқының саны 2 миллиардқа жеткендігі болжанып отыр. Бұл «тамағы тоқ, көйлегі көк» заманға зар боларлық алаңдатушылық тудыруда. Осы барыстағы экономиканың қарқынды дамуы шикізат пен отын-энергетикаға деген сұранысын күрт арттырып, көптеген шешусіз түйткілдерге мұрындық болуда.
Қытайдан келетін қауіптің ішінен, әсіресе, қытайдағы ерлер мен әйелдердің арасындағы табиғаттың өзі реттеп отыратын сандық тепе-теңдіктің бұзылуына да сәл қарауға болмайды.
Әулеттің мұрагерлерін ерлер жағынан қуалайтын дәстүрге берік қытайлар «жоспарлы туу» саясаты бойынша бір немесе екі ғана балалы болғанда баланың ұл бала болуына айрықша мүдделік танытуда. Нәтижесінде, ұл бала көбейіп, қыз бала азайды. Нәресте бойға біткен кездің өзінде-ақ оның ұл-қызын айырып, көбінің іштегі бала қыз болса оны «түсік» етіп, көпшілігінің ұл балалы ғана болып жатқаны да жасырын емес.
Қытай бұл саясатын жүргізе бастағанына да отыз жылға тарта уақыт болды. Демек бір үйдің ерке-шолжаңы болған, қытайшыл мен-меншіл безбүйрек ұрпақ («қауіпті будан») атқа мініп, ел ісіне араласа бастады. Олардың үйлену мәселесінде де тепе-теңдік бұзылып, еркегі көп, әйелі аз заманға дүп келді. Ерлерінен әйелдері аз болған соң «Жер жүзіндегі әйелдерді әділеттілікпен қайта бөлісу» талабын қоятын «қытайшыл жаңа демократия»-ның да шекесі қылтиды.
Әуелі, қытайдағы қандастарымыздың қара көз қыздары осы трагедияның алғашқы құрбандары болғанын да көз көріп, құлақ естіді. Толық емес дерек бойынша қытайдағы қазақтардан қазірге дейін 10 мыңнан астам қарындасымыз қытайларға күйеуге шыққан екен. Ол ол ма, қазақстандық қара көздердің қытайларға күйеуге шығуы да жиі жүз беруде.
Қытай үкіметі халқының санын тежеу үшін қанша жерден тырысса да, енді оған ешқандай тосқауыл қоя алмайтынын жақсы біледі. Өйткені 30 жылдан бері жүргізіп келе жатқан халық санын тежеу саясаты оң нәтиже бермеді. Бұған соңғы уақыттағы қытай медицинасының дамығандығының нәтижесінде өмір сүру деңгейінің өскендігін қосыңыз.
Бүгінде Қазақстандағы заңды әрі заңсыз мигранттардың, келімсектердің саны аса анық емес. Бірнеше жылдың алдында Ресей стратегиялық зерттеулер институты Қазақстандағы қытайлардың саны 300 мыңды құрайтындығын хабарлап еді. 
Ресейлік сарапшылардың айтуынша, қазіргі кездің өзінде Ресейдің Сібір және Қиыр шығыс аймақтарында қытайлардың саны 1 миллионға жеткен. Сондықтан Ресей үкіметі Сібір өлкесіне шет мемлекеттердегі қандастарын көшіріп әкелу саясатын жүзеге асыруда.
Соңғы жылдары Шыңжаңда қазақ мектептері жабылып, онда тұрып жатқан қазақтардың да ассимиляциясы тездей бастады. Ал біз осыған орай қандай нақты шараларды қарастырдық? Ол жақтағы қазақтардың өз тілін, дінін, мәдениетін, дәстүрін сақтап қалуы жолында нендей жұмыстарды қолға алдық? Қытайлардың кіруін, қоныстануын, қазақ қыздарымен некеленуін тежеудің қандай жолдарын қарастырып жатырмыз? Бұған ешкім дәп басып жауап бере алмайды. Индонезия астанасында тұрып жатқан қытайлар саны 6 миллионнан асып кетіп, Индонезия мен Малайзияда қытайлардың келуiне заң жүзiнде қатаң тыйым салған еді.
Егер Қытайдың осындай демографиялық тасқынына қарсы нақтылы шара қолданбасақ, алпауыт делінетін Америка мен Англияны да жаулауға ниеттенген қалың қара қытай жерімізге еш қиындықсыз сіңіп, ертеңгі болашағымыздың түп тамырына балта шабады. Бүгін өзі ғана келіп Қазақстан азаматтығын алып, қаракөздермен некелесіп, жағдайын жасап алған «қытай күйеу бала» ертең есін жиған кезде ана жақта қалған бәйбішесімен қоса, маңқа ұлдарын шұрқырата алып келсе оған кім тосқауыл қоя алады. Қытайдағы бала тууды шектеу саясаты мемлекеттің иесі болып отырған хан ұлтына да жақпайды. Жаһандану заманында саяси сауаты ашыла бастаған халықтың зорлап аборт жасатуға деген ыза-кегі де жоқ емес. Көпшілігі ұрпақ көбейтіп, базарлы үй болуды қалайды. Өз елінде тудырмаса өзге елге барып туғысы келеді.
Дерек көздерінің мәліметіне қарағанда, соңғы уақыттары Қытай ғалымдары да барлық энергетикалық қүштеріне бір тықырдың таяп келе жатқанын жоққа шығармайды. Су көздері тартылып, орман сиреп, жайылымдар азайып, егістік алқаптар уланып, экологиялық апат төне бастағанын өздері де дабылдатып жатыр. Қазір Қытай елі – өз ішіне сыймай бұрқылдап қайнап жатқан қақпағы жабық қара қазан тәріздес. Түбінде ол бәрібір тасиды. Сонда, ол қалай қарай құйылады? Қазақстан мен бірге әлемді де мазасыздандырып отырған осы мәселе.
Соңғы жылдары Қытай үкіметі Қазақстанмен шекаралас аймақтарына халық тасқынын ағытып жіберіп, қытайлықтардың көбейіп, жергілікті қандастарымыздың ассимилияцияға ұшырауына орай жаратты. Шын мәнінде біз әскерімізбен, қарудың күшімен олардың ағынына қарсы тұра алмауымыз мүмкін. Алайда «тау қанша биік болғанмен аспанның астында, данышпан қанша биік болғанмен заңның астында» демекші, келімсектер ағынын тек заңды жолдармен ғана реттеп тоқтата аламыз. Қытайлардың «соғыспай жаулау» саясатына «соғыспай ғана» қарсы тұра аламыз. Және де әр қазақ өз жерінің шынайы патриоты болғанда ғана бұл тасқынды тосуға болады. Күркірі күшті күннің жауыны аз болатыны сияқты қытайлар идеялық шабуылды найза, қалқан еткенмен тума ерлігі кем халық болғандықтан өз саясатын өзіне қарсы қолданған ақылды ержүректерден өлердей қорқады.
Жапондар ұлттық менталитеттерін сақтай отырып, рухани әлеміне шетелдіктерді бойлатпай, өз аумағына қоныс тепкізбеді, іргесін аулақ ұстады. Қытай азаматтарының Жапонияда тұрақтап қалуына еш мүмкіндік жоқ. Жапон азаматына үйлене қалған күннің өзінде азаматымен қоса елден шығарып жібереді. 
Қытайдың саясатына қарсы біз осыдан 40-50 жыл бұрынғы оңтүстік-шығыс Азия елдерінің Қытайға қарсы әрекетін сабақ етуіміз керек. Қытайдан ешқандай қауіп сезінбеген оңтүстік-шығыс Азия елдері көп уақыт өтпей-ақ Қытай ықпалында қалай қалғанын сезбей де қалды. Қазір бізде Қытайдан келетін қауіпті айтарлықтай сезіне алмайтындар немесе сезінгісі келмейтіндер өте көп. Қытай 5 мыңжылдық тарихында ешқашан көрші елдерін күшпен басып алған емес. Алдымен тауарларын кіргізіп, артынан сауда-саттықпен барған қытайлар тұрақтап қалып, қытай тауарына тәуелді етіп, соңында саяси жағынан да тәуелді етіп отырған. Сонау Сары өзен бойынан басталған жаулап алу саясаты арқылы қазір 9,6 млн. шаршы шақырымды мысықтабандап бағындырған еді. Нәтижесінде қаншама халықтарды соғыссыз-ақ жер бетінен жойып, қаншамасын отарына айналдырды. 
Қазіргі кезде қытай сауда-саттығы кез келген қалаларда дәурендеп тұр. Қытай саудагерлерінің бүгіндері қазақты есігінде ұстап, ұлдарымызды құл, қыздарымызды күң ете бастағаны ерсі көрінбейтін болды. Көз үйреніп, солардың құлдығына көндігіп бара жатқан түріміз бар. 
Тіпті соңғы кездері қытай жастарының Димаштың ән өнерін көкке көтеруі, Чың Лұң (Джеки Чанның) Астанадағы сапары, т.б. оқиғалар қытайды «мейірімді, бауырмал» көрсетуге таптырмас себеп болған сыңайлы. Екі жаққа жалтақтап жүретін еліктегіш қазақ жастарының арасында «қытайлық махаббат» ояна бастағандай. Қарулы күшпен немесе заттық басымдылықпен жаулауға қарағанда жүректі жаулау анағұрлым қатерлі. 
Қытайлықтардың ендігі бір жаулау саясаты өндіріс салаларына ауыз салудан көрінеді. Мұндай шараларды олар мемлекеттік және серіктестіктер  өзара келісім шарт жүйесімен іске асыруда. Қазақ жерін жаппай игеру науқанының қызу қарқынмен жүрілуіне байланысты, біздің ел мен қытай арасында қара алтынға байланысты қомақты келісімдер жасалғаны белгілі.
Әрине қытайлықтар мұндай мүмкіндіктерді қалт жібермейді.
Ақпарат көздерінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі Қазақстанда 3 мыңға жуық қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындары жұмыс істейді екен. Жақында ғана қытайдың 51 ірі кәсіпорынының бізбен келісімшартқа отырғанын да еске алыңыз.
Қытайлықтар Қазақстан экономикасының ішінде мұнай-газ саласында ықпалды күшке айналып, жіліктің майлы басын иелеп болған. Жер астында 121 миллион тоннаға жуық мұнай қоры бар Кеңқияқ пен Жаңажол кенiштерiн игеру, мұнай қоры 45 пен 65 миллион тонна Солтүстiк Бозашы кенiшiн игеруде қомақты пайызға қол жеткізген олар бүгіндері елiмiздегi «Шевроннан» кейiнгi мұнай өндiрушi алпауытқа айналған. 
Бұл ғана емес Қытай мемлекеттік инвестициялық компаниясы - Қазақстандағы ең үлкен мұнай-газ компанияларының бірі — «Маңғыстау мұнайгаз» компаниясының акциясының да басым пайызын сатып алған.
Қытайдың инвестор-мұнайшыларының Қызылорда Облыстық бюджеттің 90 пайызын, Ақтөбе облысындағы мұнайдың 85 пайызын иемденіп, ойына не келсе соны істеген қытай компанияларының күн сайын қара көбейтіп жатқаны да үрей тудыруда. Мұндай «операцияларды» орындауда Қытай жағы өндiрiске өз мамандары мен жұмыс күшiн шектеусiз мөлшерде алып, жергілікті жұмыскерлерді сылтауын тауып сырып тастап отырған. Тiптi олардың иелiгiндегi «СНПС-Ақтөбе мұнайгаз» компаниясында Қазақстанның Конституциясының баптары өрескел бұзылғандығы туралы да біраз шу болып еді.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап біз Қытайдың Шыңжаң аумағына үздіксіз шикізат шығарып, есесіне олардың арзанқол тұрмыс заттары мен сапасы төмен тауарларын таласып-тармаса сатып алып жатырмыз.
Қазақ жерін қытайларға жалға берудің де біз ойламаған қауіп-қатері көп. Дала жайылымын жайпаған шекіртке апаты сияқты табиғатты аялауды білмейтін бұл халық көзіне көрінген тіршілік иесін тек қана қылғып жұта беруді, құртуды ойлайды. 
Қашан да iшкi есебiне мығым қытайлар өздерiне берiлетiн мүмкiндiктi уыстан шығармайды. Қазақтың қара алтынын былай қойғанда, елiмiздегi ойынханаларды салуға да қол салды. ҚР Үкiметi ойынханаларды қала сыртына көшiру туралы мәселе көтергенде-ақ аспан асты елi Қазақстандағы ойынхана, сауықхана құрылыстарын салуға 23 миллиард доллар бөлуге әзiрлiктерiн мәлiмдегені есімізде.
Олардың «Shun Tak Holdings Limited» компаниясы Қапшағайдан жалпы құны 10 миллиард долларға бағаланған ойын бизнесiне арналған жаңа қала құрылысының жобасын жасап шықты. Осындай келімсектердің кәсіпорындарының есігіне емініп, енші тілеген талай-талай қара көздеріміздің күндіз барын салдырып, түнде арын алдырып, ақшаның арбауында, адамның алдауына жүргеніне жаның түршігеді.
Қандай жолмен болмасын қытай мемлекетінің мүддесіне тиімді қандайда бір шараға Қытайдың мемлекеттік орындары арнайы жетекшілік етіп, қытайлықтарға шетелден жұмыс тауып берушілерге қытайлық ұйымдар қаржылай көмектесіп отырады екен.
Қазақстанға Алла Тағала мейлінше мол табиғи байлық қорын сыйлаған. Бұған көрші отырған Қытай мен Ресей түгілі, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-тың өзі қызығушылқпен қарайды, жақсы қарым-қатынас ұстауға тырысады. Ендеше біз осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, саясат әлемінде өзімізді бұлдап, мүдделі болған істерде өзгелерге сөзімізді өткізудің жолдарын қарастыруға тиіспіз.
Осылайша «Экономикалық серiктестiк», «екiжақты ынтымақтастық», «ықпалдастық» пен «көршiмен тату-тәттi болу» сияқты басқа да «аса маңызды» мәселелердi желеу еткен «қытайлық отарлау саясаты» қазақтың елі мен жеріне ептеп тұмсығын тығуда.
Біз танауымзды Еуропа мен дамыған Америкаға қарай көтеріп, «жалған мәдениетке» мас болып жүргенімізде, іргемізден кірген «ит» қазан-аяғымызды «жалап-жұқтап», төрімізді былғағысы келеді. Қазақ қонақты төріне шығарса да төбесіне шығармаған халық.
Іргемізді қымтайтын ендігі бір жол – шеттегі бес миллион қандасымызды отанға оралту. Егерде біз Қытайдағы 2 миллионға жуықтаған қандасымызды әкеліп үлгере алмасақ болашағымызға қатысты, Қытайға қатысты бір көзірімізді жоғалтқан боламыз. Өйткені соңғы жылдары Қытай үкіметі қандастарымыз орналасқан Шыңжан аймағын жаппай қытайландыра бастады. Болжамдарға қарағанда 5-10 жыл ішінде аталған жер қытайланып бітеді деген жоспарлары да бар. Осылайша қазақтардың басын біріктірмей кезең-кезеңімен қытайландырып, алдымен ондағы қандастарымызды қытайландырып біткен соң, ертең солар арқылы қазақстан тарапқа өз мақсатын орындауға оңай жол ашу – олардың басты ұстанымы.
Онсыз да ақпарат құралдары қазірдің өзінде ондағы қандастар мүддесіне жат, олардың рухын сөндіріп, үнін өшіретін өктемдіктің жүріп жатқанын күнде айтуда. Дінінен, тілінен айырылған ұрпақ ертеңгі күні бізді танымайтын жатқа – безбүйрекке айналып кетуі бек мүмкін.
Мұндай қиын жағдайда шеттегі қазақтарды отанына оралтудың ауадай қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Оларды түп қотара көшіріп алмасақ та құрып-жоғалмауына тікелей ықпал етіп, қанатымыздың астына алып, қайырым жасау – қазақ қанды барлық азаматтың парызы екенін еш ұмытпауымыз керек. 
Жалпы алғанда «сақтансаң сақтаймын», «көршіңді ұры деме, өзіңе өзің сақ бол» деген аталар сөзін еске алсақ, көршімізбен тең-қатар қатынастар сақтай отырып, оның қауіп-қатеріне аса сақтықпен қарау қажет. Және де өздерін күш жағынан тылсым, қатерлі; жан дүниесі жағынан мейірімді көрсетуге тырысып отыратын бұл халықтың аса қорқынышты емес екенінде анық білгеніміз жөн. Сонау һұндар заманында ата-бабарымыздан қорқып «ұлы қорғанды» тұрғызған, Түрік қағанаты заманында бізден өлердей таяқ жеген, кешегі Оспан батырдың өзі 40-50 мың адамын қырып салған бұл халықтың осал тұстары да көп. Қазіргі дәуірде оларға сыртқы жаудан көрі ішкі жаулары да көбейіп, өзге ұлттан емес, өз ұлтының зиялылары тарапынан да наразылық шаралары көбеюде. Бірақ үндемей қабатын иттің қатерлі болатыны сияқты қулығына құрық бойламайтын қытыкеңдердің ішек-қарнының ішкі қатпарында талай сұмдықтың жасырынып жататынында жоққа шығара алмаймыз.
Жақындағы Қытай төрағасының мәлімдемесіне сенсек, ол: «біз өз жерімізді ешкімге бермейміз, ешкімнің жеріне де көз алартпаймыз» дегенді айтты. 
Бүгінгі екі елдің саясаттық ұстанымы жағынан қарағанда тамаша татулық кезеңіндеміз деп айтуға болады. Көршінің тату болғанына не жетсін. Ойда орыс, қырда қытай аман болсын. Кәпір тоқ болса, мұсылман тыныш. Алла Тағала көршілеріміздің көңіліне күпіршлік, жамандық бермесін. Ел мен жеріміз аман, ұрпағымыз бақытты болсын!

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, 
жазушы

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір