01 Тамыз, 2017 Әлеумет

«Орысқұлдарды бауырымызға тартамыз деп, кешірілмес қатеге бой алдырдық»

Өткен ғасырда тілге төнген саясат дауылын сезген ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынов: «Тілі мен сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген еді. Сол сөзі

Бастықтың «Вот, вы будете работать с этими Положениями, читайте!» деп, алдыма тастаған томдарын оқып отырғанмын. «Здравствуйте!» деп, есіктен кіре амандасқан жап жас қазақ баласының:

-«Айна Енсегеновна, вчера начальства говорили,  сегодня в сообрании доклад  делали на казахском языке, что делать?» - деген сұрауына:

 – «Аа, а ты сделай на русском, читай на русском языке, черт с ним!» - деп жауап бергенде маңдайымнан біреу тарс еткізгендей болды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің күре тамыры, құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау басқармасының бастығы Айна апайымыздың мемлекеттік тіл қазақ тіліне деген немкетті ниетіне іштей күйіп-пістім. Ол аздай оның жанына іс қағазының орындалу мерзімін бақылап «рульирировывать» етіп отыратын орынтаққа бас сарапшы  болып Тамара Продайводова ханым қонжиған. Ханымдардың бірінің жасы 57-де болса, екіншісі 55-те.

Сіз бұлардың жасы не керек деп таңқалып отырған боларсыз, иә!? Иә, Қазақстан тәуелсіздік алған тұста екеуі де Кеңес үкіметінің қазанында қайнап шыққан, орыстанған, қазақ тілінің исі мұрындарына бармайтын 30-дың үстіндегі қылшылдаған мықты мамандар еді. Сол кезде қазақ зиялылары мен ақсақалдары бұл мамандардан бекер қорықпаған екен. Болашақта тіл тағдырын шешуі қиын күрмеуге айналдыратынын біліп, «Ең әуелі орыстанған, тамырынан ажырап, тілін ұмытқан шалақазақтар қазақша үйренсін. Мемлекеттік қызметке ана тілін үйреніп барып алынсын» деп шырылдаған еді. Сонда, Елбасы Н. Назарбаев анау –мынау емес халықаралық трибунадан, 1995 жылы мамырда өткен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының екінші құрылтайында «Біз қазақ бауырмал халықпыз. Қазақша білмейтін қазақтарды бауырмалдығымыздан танбай, бауырымызға тартайық. Көкіректерінен итермей, кеңпейілдік танытайық. Шыдайық, қазақша үйренеді» деп, орыс тілділерге қолдау көрсеткен еді. Енді не болды!? Ұлт алдындағы абырой беделін салып бүкіл ұлттың атынан сұранып, қолдау көрсеткен Елбасының сеніміне, қазаққа айтқан бұлардың рахметі осы ма еді!? Киелі сөзді аяққа таптап, 26 жыл бойы бір ауыз қазақша үйренбей, «ешегім судан өтіп кетті», енді қазақ тілің де, қазағың да бірің өліп, бірің қал деп, кезінде бауырына тартқан қазағына мазағындай ұрпағына керісінше үйретуде. Бұны «қиянат» демей не дейміз!?

Қайтеміз, бұларды қылықтарына қарай жау демеске амал жоқ. «Қайта шапқан жау жаман» деген. Орыс тілділер қазір бұрынғысынан әккі, айлакер, абжыланға айналған. Өздеріне алынбайтын қамал тұрғызып үлгерген. Мемлекеттік қызметтердің барлық тармақтарына сіресіп отырып алып, маңайына қазақтілді мықты мамандарды жолатпайды. Оларды жүз орап алатын қазақтілді мамандар олардың аудармашысы жұмысын атқарып отыр. Орысшаға шорқақ ауылдан шықан жас мамандар үшін басы алтын болса да, мемлекеттік қызметтің ауылы тіпті алыс. Ал, ілінемін деп алдына мақсат қойған жастар саясат ыңғайына қарай, жаппай орыс тіліне қайта көшті. Қызметтегі инерциямен адамдар отбасында, қоғамдық-әлеуметтік, рухани, саяси қарым-қатынаста орыс тілінде сөйлеуде.  

Өткен ғасырда тілге төнген саясат дауылын сезген ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынов: «Тілі мен сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген екен. Тілі орыс, бірақ қазақша ойлайтын қазақ ой шалалығына душар болды. Ой шала болғасын, сөз шала. Сөз бұзылғасын, сөзден мән мен мағына, сөз арқылы халыққа берілетін ұлттық рухани құндылықтар, таным-түсінік жойылуда.

Ішкі жауымыз жағадан алғанда, сыртқы жау етектен алып, ішкі иммунитет әлсіздігіміз -  тіл, сөз, ой шұбарлығы шеттен келген миссионерлердің оң жамбасына келуде. Олардың жиырма алты жыл БАҚ, әлеуметтік ақпараттың басқа көздері арқылы ұлттықты жою мақсатында жүргізген «Сана, ұғым шайқасы» күресі қазақ түйсігін бұзып кіріп, бүгінде қазақ қоғамында қазақ ұғымына жат, таным-түсінік, ұғым қалыптасты. Қазақ халқының тұрмыстық, отбасылық тәлім-тәрбиелікке үндейтін, иман жолын меңзеген жақсы қасиеті сөзбен бұрмалануда. Мысалы, қазақ лексиконына қолданысқа еніп кеткен, қалай енгені белгісіз, дұрыс бұрыстығы тексерілмеген «ақылды болсаң, неге кедейсің» деген сөз тіркесі. Бұл сөз ақылды адам бай болады деп, байлық үшін иман, ар, ұятымен адамның ой-санасын шағыстырған сөз сияқты. Байлық үшін мейірімнен, ар - ұяттан без деген. Ал, енді ойлаңызшы ақылды адамдар ғана бай болатын болса, әлем неге тынышсыз. Жұмыссыздық, имансыздық, сатқындық, алдау-арбау. Азып-тозып барады маңай, лақтырған күресінге тумай жатып, шарананың шіріген денесінен. Адамды адам деп тануға өресі жетпегендерді қалай ақылды дейміз!? Жоқ, олар байлықты басқа жолмен тапқандар. Демек, ақылды адам бай болады деген сөз, қате СӨЗ!  Және, қазақ халқында «жер дауы, жесір дауы» болған. Ол бірақ шетелдік кеңінен насихаталып жүрген «еркектер жер мен әйелге таласқанда соғысады» деген өзге елдің түсінігінен мүлдем мағынасы екі басқа. Қазақ халқы айтатын жесір дауы өмірден жастай озған рулас туысқанның қосағы мен балаларын жетімсіретпейік деген мағынасы терең әлеуметтік  мәселеге қарата айтылған. Ал, шетел психологисындағы әйел ол, әр еркектің басын дауға қалдыратын жеңіл жүрісті, отбасынан гөрі өз қамын ойлайтын әйел жайлы. Қазақ беті ашылмаған қызды әйел демейді, қыз дейді. Сөздің, қасиеттің қалай айтылатынын сана ұмытты. Енді біздің халқымызда кейбір түсінігі таяздар «әйел үшін» соғысады деп ұғынып жүр бұл сөзді. Қазақ әйелдері ерлерін сыйлаған. Ерлерін соғыстыруға олардың дәті де, иман күші де жібермеген. Бар арманы абыроймен жүріп тұрып, ұрпағын аман-есен жеткізу болған.  

Қазағымыздың қоғамдық-рухани жан дүниесіндегі мына өзгерістерді көргенде, осы ұлттық жаңғыруымыз қай жаңғыру деген ойға қаласың кейде!? 

1995 жылы жалпыхалықтық референдуммен қабылдаған «Ата заңға» қос тілділік енгізу туралы бабына халық жазушысы, аузы дуалы, көзі тірі абызымыз Шерхан Мұртаза «Адамда екі тіл болмайды, айыр тілді шаян ғана болады. Қостілділік болмайды» - деп қарсы тұрған  еді. Тыңдар құлақ болды ма!? Одан бері жер бетіндегі бар қазақ қазақша, орысша болып бөлініп айыр тілді шаяндай, бір-бірін уытымен шағуда. Ата-баба мұрасын тіл мен сөз арқылы ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп жеткізетін, жалғайтын ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі жастар ана тілінен айырылып, қонатын тұғыр таппай рух киесі үркуде.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» кезінде Айна апайымыз сияқты апайлар мен ағайларды бауырымызға тартамыз деп, ұлт алдында кешірілмес ауыр қате жіберген сияқтымыз. Ащы да болса шындық осы!  

Зүбайра АКИМОВА

Gulim Zhaqan

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универистиетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірдім. 2017 жылдан бері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісімін. 2016 жылы оқуды бітіргенімде ұстаздық ету немесе журналист болу деген екі түрлі таңдау тұрды алдымда. Біріншісін көрейін деп алғашында кішігірім курстарда сабақ беруден бастадым. Кішігірім курстардың өзінен шабыт ала алмаған мен өзгеден бұрын өзіңе үйретерің көп болуы тиіс білім бұлағы мектепке барудан тартындым. Сөйтіп шабыттардың, шығармашылықтардың мекені - журналистикадан бірақ шықтым. Жаздым, жазып жүрмін, жаза беремін - бұл менің өмірім! Болашақта өзге басылымдарға ауыссам да, қамшы қолымнан ешқашан түспейді. Осыны түсіндім.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір