• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 02:38:16
Алматы
+35°

31 Шілде, 2017 Әлеумет

Бір отбасының 4 қызы халықтан көмек сұрайды: «Әкемізге жәрдем етіңіздер!»

4 бірдей арудың асқар тауы шағылмасын, ана жүрегі тыныштық тапсын десеңіздер, көмектеріңізді аямаңыздар, ағайын!

Талдықорған облысы Ақсу ауданы Жансүгіров кенітінің тұрғыны Бақытбек Қинаятұлы құрылысшы болған. Біреулерге үй салып, енді бірінің үйлерін әрлеп жүрген уақытта денсаулығы сыр бере бастаған. 52 жасқа таяған шағында асқазанында жара бар екенін білген ер адам бүгінде төсекке таңылған.

Әр бала үшін әке – асқар тау, берік тірек. Бір отбасының 4 бірдей қаракөзді арулары асқар тауымыз шағыла ма деген үреймен түнде ұйқыларынан, күндіз күлкілерінен айырылған. Арна, Дидар, Ұлболсын, Гаухар есімді қыздардың анасы Қожақымет Бұлғын асыл жарымен ұзақ та бақытты ғұмыр кешуді жатпай-тұрмай Құдайдан тілеп келеді. Қыздардың тауы шағылмай, ана жүрегінің тынышталуына еліміздің қалталы азаматтары бір септігін тигізер, қол ұшын созар деген ниетпен Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі отбасы мүшелерімен тілдесіп, жағдайдың мән-жайын оқырман назарына ұсынады.

"Әкем мен үшін – бар әлеммен тең"

 52 жастағы Бақытбек Қинаятұлы ғасырдың орта беліне келгенде тағдырдың ауыр талқысымен күресуге мәжбүр. Асқазан ауруына шалдыққан 4 қыздың әкесі немере-шөберелерінің қызығын әлі талай көруді армандайды. Алайда алаңсыз күндердің бірінде отбасында дауыл тұрып, әлі де тыйылмай жатқан көрінеді. Отбасының үлкен қызы Арнагүл Бақытбекқызы әкесінің емделіп, аяғынан тік тұрып кетуі үшін халықтан көмек сұрайды.

Бақытбек Қинаятұлының асқазан жарасы асқынып, ұйқы безіне дейін өткен. Талдықорғандағы онкология бөлімінде операция жасатқан, алайда дәрігерлер жараны ала алмаған. Асқазанды пышақ тессе, өміріне үлкен қауіп төнерін білген олар өңешті қиып алып, қайтадан жамап қойған. Жағдайы түзелмеген соң химиялық жолмен 4 мәрте емдеуге кіріседі. Ауруы асқынған әкенің тек 3 емге ғана шамасы жеткен. 4-шісін көтере алмайтындықтан дәрігерлер рұқсат етпеген. Ал ер адамның жағдайы сол күйі өзгеріссіз қалды. Отбасын асырап отырған адамның бүгінде хәлі нашарлап, тым қатты азып кеткен, құр сілдері қалған. Алайда қыздары үміттерін үзбек емес, жазылып кететініне, дәл бұрынғы қалпына қайта келіп, немерелерінің арасында әлі талай қызыққа бататынына олар сенімді.

Бақытбекқызы Арнагүл:

«Әкем – мен үшін өмірде қайталанбайтын тұлға. Әкемнен артық ешкімім жоқ. Ол мен үшін – бар әлем. Жазылып, аяғынан тік тұрып кетсе екен...».

Арнагүлден өзге, Дидар мен Ұлболсын да әкелері үшін күн-түн демей тілек тілеумен күн кешіп келеді. Үш қызы да тұрмыс құрған, бала-шағасы бар. Алайда өз отбасын 10 күнге тастап, әкелерін қарауға, жанында болуға кезектесіп келіп тұрады екен. Ата-ананың өнегелі тәрбиесін көріп өскен қыздар әкелерін бір күнге жалғыз қалдырмаған, себебі әр адам үшін жақынынан артық қолдау мен демеудің жоқ екенін олар жақсы біледі.

Періште-тілек

Ал ең кіші қызы Гаухар 9 жаста, мектеп оқушысы. Сабағын 5-ке оқиды. Мектепті үздік бітіріп, білікті маман атану, әкесі мен анасының үмітін ақтау – кішкентай ғана бүлдіршіннің басты арманы. Бүлдіршін шағында өмірдің ауыр сынағымен бетпе-бет келген Гаухар әкесінің әлі айығып кететініне нық сенімді.

«Мен әкемді жақсы көремін. Оның төсек тартып жатқанын көргенде қатты қиналамын. Менімен ойнап, бұрынғыдай қыдырғанын қалаймын. Тек күліп жүрсе екен. Маған одан артық ештеңе керек жоқ».

Аналары Бұлғын мектепте еден жуады. Оның тапқаны әкесінің дәрілерінен артылмайды.

Үміт әлі де бар...

Алматылық дәрігердің айтуынша, Бақытбек Қинаятұлының емін Қытайдан табуға болады. Аюдың майынан, өтінен жасалған дәріден әкелері айығуы мүмкін. Алайда отбасында бір ғана адам жұмыс істегендіктен, жағдайдың келмейтініне қыздары мен анасының қабырғалары қайысып отыр. Себебі әлгі дәрілердің бағасы тым қымбат көрінеді. Оның үстіне Қытайға барып емделсе, ауруынан толық айығар еді дейді. Тек қаражаттың жетіспеушілігі мен қол ұшын созатын мейірімді жанның жоқтығы мүмкіндіктің іске асуына жол бермей отыр. Ал жергілікті ауруханалар дәрі-дәрмек жазып беруден өзгесіне жарамай отыр.

Қазақ халқы бауырын жалғызсыратпаған, қашан да қол ұшын созып, қиналған ағайынның үміт отын қайта жаққан. Осы жолы да үнсіз қалмас деген ниетіміз бар, себебі әр қазақ бір-біріне бауыр. 4 бірдей арудың тауы шағылмасын десеңіз төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласып, көмек беруге асығыңыз!

Kaspi bank: 5169490261515802, иин:900308404170

Halyk bank: 5354510076538619, иин:900308404170

Байланыс нөмірлері: Бақытбекқызы Арнагүл 87773859084

                                                                            87057276942  

 Қамшыгер: Гүлім ЖАҚАН

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір