• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 02:08:50
Алматы
+35°

27 Шілде, 2017 Саясат

Саакашвилиді азаматтықтан айыру: Украина, Қазақстан сарапшылары не дейді?

Саакашвили Украинаға деген махаббатын жеткізіп, азаматтықты қалай да қайтаратынына сөз берді.

Кешелі бері әлемдік БАҚ-ты дүр сілкіндірген ақпарат таралды. Украина президенті Петр Порошенко Грузияның экс-президенті, Одессаның бас губернаторы болған Михаил Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған. Себебі Саакашвилидің биліктен жасырған құпия құжаттарының бары анықталған. Осыған байланысты шетелдік сарапшылар өздерінің пікірін жазып жарысуда. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі экс-губернаторға қатысты айтылған пікірлерді жинақтап, оқырман назарына ұсынады.

Саакашвилидің өзі аталмыш шешімге қатысты видео мәімдеме жасады. Онда өзінің қарапайым украин азаматы екенін айтып, Порошенконың шектен шыққанына налыды.

«Мен Украинада 13 жыл бойы өмір сүріп келемін. Үш революцияға ат салыстым. Бір ғана азаматтығым бар – украиндық.

Бүгін де маған «қашқын» статусын жамап қоймақшы. Оларынан түк шыға қоймас. Өзге мемлекеттерді аралап, пана іздеп жүретін жайым жоқ. Украинаға қайтып, әділеттілікке қол жеткіземін.

Порошенко менің Украинада жоқтығымды пайдаланып, азаматтықтан айырды», - дей келе украин  халқының дәл осындай жағдаймен бұрын да кездескенін есіне салды, ескертті.

«Мен Украина азаматтығын қабылдадым. Украинаның болашағы мен реформа үшін күрестім. Азаматтық – мен үшін жай сөз емес. Өз құжатымнан Украина азаматы дегенді көрген сайын халық алдындағы жауапкершілігімді сезініп, халықтың игілігі үшін жұмыс істедім. Украинаның жеңіске жетіп, еуропалық держава атанғанын қаладым...».

Мәлімдемесінде өзінің Украинаға деген махаббатын жеткізіп, азаматтықты қалай да қайтаратынына сөз берді.

Бірінші кезекте Ресейдің Премьер-министрі Дмитрий Медведев Михаил Саакашвилидің Украина азаматтығынан айыру жөнінде шешімге «Шоу жалғасын табу керек» деген пікір айтты.

«Саакашвилидің тағдырына таң қаласың: Грузия азаматы, Грузия президенті, Грузияның азаматтығынан айырылған тұлға, Украина азаматы, Украина президентінің досы, Одесса облысының губернаторы, Украина азаматтығынан айырылған тұлға. Украина билігінің жүйесіне де таңырқап қарайсың – Грузияның бұрынғы президентін қабылдайды, оны губернатор етеді, сосын азаматтықтан айырады. Мұның бәрі – фантастикалық трагикомедияны ойнатып жатқан екі адамның моральдық сипатының дәлелі. Шоу жалғасуы керек», - деп жазды Медведев.  

Ал Порошенконың шешіміне қатысты Украина халқының пікірі екіге бөлінді. Бір тарап президенттің ісін ақымақтыққа баласа, екінішісі Саакашвилидің елден аулақ болғанын жөн санайды. 

Украинаның халық депутаты Мустафа Найемнің пікірінше, Михаил Саакашвилидің Украина азаматтығынан айыру – нағыз ақымақтық. Найем Украина президентінің бұл қылығын президентке тән іс емес екенін баса айтты.

«Михаилмен келіспеуге болатын шығар, ол көптің көңілінен шықпауы мүмкін. Алайда Саакашвилидің өркениетті баррикады біздің жақта», - деді ол өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

Сондай-ақ украиналық саясаткер Егор Фирсов та Порошенконың үлкен қателікке бой алдырғанын айтты.

«Мұндай шешім арқылы президент өзінің ақымақтығын ғана емес, үрейі мен өзіне деген  сенімсіздігін көрсетті. Порошенконың да санасын Януковичтің бұрынғы әдіс-тәсілдері жаулаған көрінеді. Осындай қадамдарға бару арқылы билік нені көздейді екен? Өзінің бұл ісі арқылы Порошенко Саакашвилидің сенімін арттырып, бойына күш дарытты әрі әлемге танымал етті. Біз жаңа режиммен күресте мықтырақ боламыз»,- деп жазды.

Ал президенттің шешімін қолдаған тарап Саакашвилидің елге қайтып оралмауын жөy санады. Халық депутаты Сергей Лещенко да үнсіз қалмады. Оның АҚШ-та екенін ескерген ол өзінің Фейсбуктегі парақшасына былай деп жазды:

«Бұл процесс арқылы Саакашвили Украниаға қайтып келе алмайды. Келген күннің өзінде оны Борисполеде ұстап, алғашқы мүмкіндікте-ақ Грузияға жібереді. Сол кезде Михаилды экстрадициялау мүмкін болмайды. Сөйтіп Саакашвили Америкадан пана іздеуге мәжбүр болады. Себебі Украина саясатында оған орын жоқ», - деді ол.

Оның сөздеріне қарағанда, Саакашвили Украина азаматтығын алу барысында өзінің өміріне қатысты шындықтарды жасырып қалған.

«Мен Саакашвилиге Украина азаматтығын берерде қарсылық таныттым, әлі де қарсымын. Украин халқының өзіне артқан сеніміне қарамастан, ол үмітті ақтай алмады. Одессо мен тұрғындардың игілігіне жұмыс істеудің орнына Михаил өзін жарнамалаудан қолы бірелі босаған емес», - деп жазды.

Сондай-ақ Саакашвилидің АҚШ пен Нидерланд елдерінде өзін дамытуға мүмкіндік туғанын айтты.

«Алайда ол жерде бос сөйлеген адамдарға сене беретін халық жоқ», - деп аяқтады сөзін.

Сондай-ақ, Лещенко Януковичтің  өз қарсыластарын түрмеде жатқанда оқшаулағанын еске салып, Порошенконың Михаилды шетелде жүрген кезін пайдаланғанын тілге тиек етті.

Халық депутаты Антон Геращенко да Порошенконың аталмыш шешіміне қатысты пікір білдірді.

«Саакашвили расында Украина азаматтығы деген статустан айырылды. Мұндай шешім Украинаның «Азаматтық туралы» заңнамасының 21-бабына сәйкес қабылданды. Бірнеше күн бұрын Грузия бас прокуратурасы Украинаға Саакашвили Украина азаматтығын алу барысында жасырған құжаттарды жіберді», - деп мәлімдеді Геращенко.

Қазақстандық сарапшылар да үнсіз қалмады. Украина президентінің шешіміне қатысты саясаткер Әміржан Қосанов екі жақты пікір білдірді:

«Сөз жоқ, оның демократияшылдығы, жемқорлыққа қарсы күрестегі жетістіктері, Грузияның Тәуелсіздігі жолындағы күресі, елінің Еуропа жолын қалауына ат салысуы - құптарлық әрі құрметке лайық. Бірақ оның кейбір әрекеттерінде популизм мен максимализм бар екені де көзге ұрып тұр.

Сөз жоқ, оның жеке басына қарсы өз отанында, Украинада жасалып жатқан қадамдарды да қолдау қиын.

Әрине, Грузиядағы кланаралық әрі саяси сипаты бар күрестің салдарын мен түсінемін.
Біреулер оны Қазақстанға шақырып, билікке аралассын деп жатыр. Шақыратын болсақ, сыртта және елде жүрген өз реформаторларымыз да бар! Ашық саяси бәсеке болса, олар да қазіргі шенеуніктерге мықты қарсылас бола алар еді!

Бір сөзбен айтқанда, "өзге жұртта сұлтан (немесе губернатор) болғанша, өз еліңде ұлтан бол"!
Осы жағдайда Грузия да, оның кешегі президенті де өзгеруі керек сияқты!».

Сарапшы Руслан Түсіпбеков те бұл шешімді Саакашвилидің емес, Украинаның жеңілісі деп таныды.

«Бұл процесте жеңіліс тапқан Саакашвили емес, Укриананың өзі. Одесса портындағы тәртіпсіздік жалғасатын болады. Бүкіл мемлекет бойынша...».

Айта кетейік, Украина президенті Петр Порошенко Грузияның экс-президенті, Одессаның бұрынғы губернаторы Михаил Саакашвилиді Украина азаматтығынан айыру туралы бұйрыққа қол қойды.

Саакашвилиді азаматтықтан айыруды Бас прокуратурадан Жоғарғы Рада депутаты Андрей Лозовой сұраған. Ал прокуратура бұл шағымды миграциялық қызметке жіберген.

Михаил Саакашвили 2016 жылы губернаторлық қызметтен кеткен соң Порошенко оны Украина азаматтығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан. 2015 жылы Грузия Саакашвилиді азаматтықтан айырды. Оның әйелі Сандра Рулофс - Голландия азаматы.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір