• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 21:33:19
Алматы
+35°

26 Шілде, 2017 Әлеумет

Магистратураға грантқа түсу үшін қанша ақша керек?

Магистратураға түсу үшін IELTS – 5,5 , өз мамандығыңыз бойынша біліміңіз болуы керек.

Магистратураға түсу үшін IELTS – 5,5 және өз мамандығыңыз бойынша біліміңіз болуы керек. Алайда қазір аталған қағидалармен қоса қолыңызда ақша болуы міндетті секілді. Мұны еліміздегі кейбір университеттерде болып жатқан жағдайға байланысты айтып отырмын. 

Алғаш рет университетке келген студенттер кез келген оқу орнында барлығы бірдей әділетті болады деп ойлайтын шығар... Алайда өкінішке орай, өмірде барлығы әділетті бола бермейді. Әр студент жетістікке жеткен сайын немесе жетістікке жетейін деген үмітпен жүрген кезде ол арманының өзге біреудің құшағында кеткенде әділетсіздікті сезінеді, түсінеді. Иә, көбі "барлығы өз қолыңда" деп айтатын шығар... Алайда кей дүниеге ынта-жігер, білімнен бөлек ақша да, таныс та керек. Әр университеттің студенттері өзі оқып жүрген орында қандай жағдай болып жатқанын біледі, бірақ айтуға жасқанады немесе "су ішкен құдығыңа түкірме" дегенді ұстанады. Алайда су ішкен құдығыңның іші лай суға толып қалса да соны іше беру керек пе деген сұраққа кім жауап бере алады екен? Су  үшіп жүрген құдығыңның ішін лай судан тазалап барып суды тұтынған абзал ма, әлде сол лай суды ішіп, ауырып өлген жақсы ма? Бұл да жауабы табылмаған сұрақ. Мен  университеттердің бакалаврият туралы емес магистратураға түсуге байланысты бірер сөз қозғағалы отырмын.

Алматы қаласында жемқорлыққа қарсы түрлі шаралар өткізіп, "Біз жемқорлыққа қарсымыз" деп ұрандатқан университеттердің кейбірінің сырты бүтін, іші түтін болып жатқанын студенттер мен оқытушылардан басқа ешкім білмейтін шығар.

Айтыскер Ринат Зайытов бір сұхбатында: «Біздің жаман бір-екі бөлмелі үйімізге жау келмейінше бізге бәрібір. Біздің қорқақтығымыздың шегі айдалада киіз үйдің ішінде отырып алып бір ауыз ұлт туралы сөз айтып қалсақ «үй артында кісі бар» дейміз, өз-өзімізден, өзіміздің көлеңкемізден қорқатын ұлтқа айналдық. Осының кесірінен барлық  салада тұлпардан есек озады, өлеңнен өсек озады, сыйластықтан төсек озады. Қоғамның дерті осы» деген еді. Алайда  мен барлық салада әділетсіздік жоқ, мемлекетіміз толықтай жемқорлыққа құрылған деп айтудан аулақпын. Бірақ  мен білетін кей беделді орындарда жұмысыңды тек ақшамен ғана аяқтай алатын кездер болады.

Бірақ білім саласын ақша арқылы шешетін болсақ, билікті кілең ақымақтар қолына алып, болашақ жастарды дәл сол ақымақтар тәрбиелей ме деген ой ұлтын сүйген көп азаматтың ойында бар дүние.

Магистратураға ақшамен ғана түсуге болады дегенді көргенім, естігенім болған соң айтып отырмын. Алайда қазіргі қоғамда естігеніңді, көргеніңді айту арқылы ештеңені дәлелдей алмайтынымыз өкінішті. Бірақ бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ екені анық. 

Бір студент қыз магистратурада оқиды. Біз бір-бірімізді танымаймыз. Алайда  менің "магистратураға тек ақшамен түседі ғой" деген сөзіме бас изеп, «иә, онсыз болмайды ғой қазір» деп қостай кетті. Бірақ бұл туралы көп айта бермеуге кеңес берген. Міне бұған енді ақымақ адам  ғана сенбей отыра алады. Университетке магистратураға түсу үшін кем дегенде 2000 доллардай ақша керек. Бұл ақшаны негізінен магистранттар өзіне шәкіртақы арқылы да қайтарып ала алады. Сол есеппен көптеген студенттер сұраған ақшаны беріп, магистрант атанады. Бірақ ақшасыз да магистратураға түсуге болады. Оған да мысал келтіре кетейін.

Егер сіздің жоғарыда отырған танысыңыз болса магистратураға еш ойланбай құжаттар жинай берсеңіз болады. Сонымен бірге сіз магистрант атанғалы отырған университетте бакалавриятта оқып, біраз оқытушылардың көзіне өз біліміңізбен түскен болсаңыз, сіздің магистратураға түсуге аз да болса мүмкіндігіңіз бар. Егер сіз деканның көзіне түскен болсаңыз тіпті жақсы.  Бірақ бұл сіздің магистратураға түсетініңізге 100%  кепілдік бермейді. 

Бір айтқанынан қайтпайтын, әр сөзін қорықпай тіке айтатын беделді оқытушы да өзінің білімді студентін магистратураға түсіре алмаған еді. Ол біраз жерге барған, алайда ештеңе шықпады.

Негізінен білімді ақшамен, атақпен өлшеудің қажеті шамалы. Әр адамға теориядан гөрі тәжірибе керек. Алайда білімді студенттер өз білімімен магистратураға түссе, білімді жастардың санын арттыратын еді.  Білімді студенттер оқуын жалғастыра алмаса да өз біліміне сеніп мемлекеттің дамуына үлес қосатыны айдан анық дүние. Себебі ешкім сіздің біліміңізді тартып немесе ұрлап кете алмайды. Ал білімсіздер әке-көкесіне, ақшасына сеніп магистратураға түссе ол білімді адамдардың арасындағы қой терісін жамылған қасқырдай болып өмір сүреді.

Біз сын айтып отырып түзелеміз. Сол секілді кейбір олқылықтарымызды айтып отырып түзелсек кемел мемлекет бола алатын едік. Алайда ауызбен орақ орып, «жемқорлыққа қарсымын» деп ұрандатқаннан гөрі, өз ісімізді де дұрыстаған артықтық етпес.  

Әсел Болатқызы

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір