• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 03:07:17
+35°

25 Шілде, 2017 Әлеумет

Алматыда жол жөндеушілер көшенің астаң-кестеңін шығарып кеткен

Тұрғындар Наурызбай ауданының әкімінен жол жөндеушілердің өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауын талап етуін сұрады.

Алматы қаласы, Қалқаман-2 ықшам ауданындағы қазіргі Әбішев, бұрынғы Алты-алаш-1 көшесінің бүгінде астаң-кестеңі шығып жатыр. Себебі жол жөндеушілер аталмыш көшені жөндеу жұмыстарына кірісіп, ақыры аяқсыз қалдырған. Астана күнінің қарсаңында жөндеу жұмыстары тоқтап қалған көрінеді.

Тұрғындардың айтуынша, бұл көше ешқашан асфальт көрмеген. Әр жазда су құбырларын өткізу жұмыстары жүріп тұрады. Жиі қазылған жердің салдарынан күзгі және көктемгі жаңбырда тұрғындар балшыққа бататын. Осы жылы дәл сол жағдайды бастан кешеміз бе деп үрейленіп отыр халық.

Оның үстіне, көше қазылған күйі жатыр екен. «Көліктердің қатынауы тіпті қиын, небәрі 500 метр болатын көшенің басынан аяғына жету үшін 20 минут уақыт кетеді» деп тұрғындар ашынып отыр. Кішкентай балалардың әрі бері жүгіріп ойнауына да ыңғайсыз. Ойнап жүріп жарақат алғандары да жетерлік.

Қалиева Алмагүл, Қалқаман-2 ықшам ауданының тұрғыны:

«Осында көшіп келгенімізге 10 жылдан астам уақыт өтті. Асфальт дегенді көрген емеспіз. Мамырда жөндеу жұмыстары басталғанда, қатты қуанып едік, оны да тоқтатып қойды. Қайтадан қалпына келтіріп қойса болады ғой ең болмағанда, көшенің бәрі қазылған күйі жатыр. Адамдар ол жерлерді қоқысқа үйіп тастады. Көлік өткен сайын шаң-тозаң болады».

Осы мәселенің себебін білу мақсатында Qamshy.kz ақпарат агентітгігінің тілшісі Наурызбай ауданының әкімдігіне хабарласып көрді. Алайда әкімнің қабылдау бөлімі де, көмекшісі де тұтқаларын көтермеді.

Айта кетейік, мамырдың басында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Наурызбай ауданын дамыту бойынша көшпелі жиын өткізген. Жиын барысында Наурызбай ауданының әкімі Сайран Сайфеденов биылғы жылы Қалқаман ықшам ауданында жаңа жолдар салу жоспарланғанын, ұзындығы 17 шақырым болатын 32 көшенің жаңартылатынын, ұзындығы 26 шақырым болатын 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Тұрғындар Наурызбай ауданының әкімінен жол жөндеушілердің өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауын талап етуін, сондай-ақ жөндеу жұмыстарының күзге дейін аяқталуын сұрады.

 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір