• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 15:38:48
Алматы
+35°

22 Шілде, 2017 Әлеумет

150 теңге? Жол ақысы, қайда барасың?..

Дәл бір аптадан кейін, яғни 1 тамызда бастап қоғамдық көліктердегі жол жүру ақысы 150 теңге болмақ.

Дәл бір аптадан кейін, яғни 1 тамыздан бастап қоғамдық көліктердегі жол жүру ақысы 150 теңге болмақ. Мұндай әдіс арқылы әкімдік Алматы жұртшылығын «Оңай» картасын жаппай сатып алуға «мәжбүрлемек». Ал Оңайы бар жолаушы әдеттегінше 80 теңгемен қатынайтын болады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын 50 теңге болған жол ақысы 3 есеге бірақ көбейді. 50-ден 80 теңгеге қымбаттағанда Алматының қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындары наразылығын білдіріп, жол ақысының тым қымбат екенін жарыса айтқан болатын. Алайда бензин бағасы қымбаттағанын сылтау еткен әкімдік халықты барынша сабырға шақырып бақты. Не керек, үйренісіп те кеттік. Бір күндік әрі бергі жолымыз үшін қалтамызға кем дегенде 200 теңге салып алып жүрдік, ал діттеген жерлеріне жету үшін бір аялдамадан түсіп қалып, келесі автобусқа тағы мінетіндер бір күнде 500 теңгеге дейін ақшасын құртатын. Одан қалса түскі асы бар. Сондағысы бір айда 50-60 мың жалақысының 30 мыңы жай ғана жұмысына барып келуге кетіп жүрді.

Енді, міне, 150 теңге деген ақпарат таралды. Осыған байланысты «Алматы қалалық жолаушыларды тасымалдау кәсіпорындарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің  жетекшісі Сәбит Аманбаев Алматы арнасының тілшісіне былай деген еді: «Дифф тариф дегеніміз 150 теңге, ол жай бір кез-келген сан. Ол 200 болуы мүмкін еді жай ынталандыру үшін. Ал, жалпы біздің есебіміз 149 жарымның ішіне кіретіні - оның ішіндегі жанармайы бар, 30 пайызы жалақы, көлік жаңартуы. Үкіметпен бекітілген методикасы бар өзінің, сол бойынша дайындалған есеп. Әкімшіліктің ұсынысы бойынша, түскен 150 теңгеден жүргузішіні ынталандыру үшін 50 теңгесі жүргізушіге беріледі. Сонымен, оның жалақысы көтерілетін болады».

Біріншіден, жанармай бағасын айтыпты. Неше жылдан бері жанармай бағасы қарқынды өсіп келеді, тіпті тоқтар түрі жоқ. Осы жылдың өзінде ақпанда екі рет көтерілді, наурызда тағы бір көтеріліп алды. Несі бар? Еліміздің шет мемлекеттерге қарызы шаш етектен. Мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау да қарыз ақшаға жүргізіліп жатыр, кейін оларды үстеме пайызбен қайтарауға тура келеді емес пе? Онсыз да қарызы белінен асқанда, оны қалай қайтармақ? Әрине, автокөлік жүргізушілер арқылы алуды көздейді. Ал автокөлік жүргізушілері жолаушыларды пайдаланады. Мұнайға бай Қазақстанда жанармай бағасы бойынша қиындықтардың жыл санап артуы тоқтар емес, тіпті күлкілі. Оның үстіне, қоғамдық көліктердегі жол ақысының 150 теңгеге көтерілгенін білген такси жүргізушілері жолаушыларды ендігі 500 теңгеге тасымалдауын да доғаратын шығар, бәлкім. Асығып тұрғанда, такси ұстауды жөн көретін халық діттеген жеріне жету үшін 1000 теңгесін бір-ақ шығармаса болғаны.

Екіншіден, 150 теңгенің 50 теңгесі жүргізушіге беріледі екен де, сөйтіп оның жалақысы өседі екен. Ал тағы бірнеше мөлшердегі пайызына көлік жаңартады. Алып Алматының бір бұршынан екінші бұрышына бару үшін бір күннің өзінде халықтың 50-ден көп пайызы қоғамдық көлікпен қатынайды. Автобусқа қашан кірсең, көретінің бір-бірімен сығылысып, есікке сыймай тұрған адамдар. Таңнан қара кешке дейін солай. Сол адамдардың әрқайсысы 80 теңгеден беріп шықса, не болмаса 80 теңгелік Оңай картасымен жол ақысын төлесе, бір күннің өзінде қоғамдық көліктер бірнеше миллион қаржыға дейін жеткізеді. «Алматы қаласы көлік холдинігі» ЖШС директоры Садир Хамраев қазіргі таңда қаладағы қоғамдық көліктерде жол ақысынан күн сайын 25 млн. теңге көлемінде табыс түсіп отырғанын мәлемдеген. Ал 150 теңгеге көтерсе, жол ақыдан түсетін күнделікті қаржы 45 млн.ға дейін жетеді. Әрі, көлеңкеде жатқан 6 млн теңгеге жуық қаржыны жарыққа шығармақ. Иә, халықты емес, өз қара бастарын ойлап тұрған басшылықты ғана байқарсыз бұл процесстен.

Дей тұрғанмен, 2016 жылдан бастап Алматы қаласында «Оңай» картасы іске қосылған. Ыңғайлы әрі тез болып көрінген картаның машақаты сол кезден бері көбейе бастады. Біреулері ақшамды жеп қойды деп зар иледі, енді бірі бір бағыттың өзінде ақшасының екі мәрте төленгенін айтып жан ұшырды. Одан бөлек кей автобустарда Оңай картасын төлейтін автоматтардың істемей қалатын әдеті тағы бар. Ондай кезде, жол кондукторына төлеуге мәжбүр боласың. Ал адам көп кезде Оңаймен төлеу үшін автоматтың айналасында үйіріліп тұрған халық бір-біріне бөгет келтірмей қоймайды. Сөйіп, не керек, «ыңғайлы әрі тез» Оңай картасын пайдаланудан жұрттың көбі бас тартты десек те болады. Енді, міне, әкімдік сол кезеңге халықты қайта жұмылдырмақ. Ондай болса, карточкамен төлеудегі машақаттан да халықты құтқарса, игі еді. Себебі, күніне 300 теңге ақша құртуға көбінің қалтасы көтере бермесі анық.

Дегенмен, бұл жолдың бір ғана оңтайлы тұсын байқауға болады. Әлгі кондукторлардың халықтың есебінен ақша жеуі доғарылады.

Алматы қаласы көлік холдингінің пайымдауынша, бір реттік төлем 150 теңгеге көтерілгенде "Оңай" картасын қолданушылардың қатары 98 пайызға дейін артады. Қалған 2 пайызы, қоғамдық көлікке жиі бас сұқпайтындар болмақ. Айта кетсек, қалада "Оңай" картасымен орта есеппен күн сайын 480 мыңға жуық транзакция жүргізіледі екен. Ал, электронды карта іске қосылғалы бері бір жыл ішінде жасалған транзакция көлемі 174 млн.-нан асып жығылады.

Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір