• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 00:10:12
Алматы
+35°

20 Шілде, 2017 Әлеумет

Қазақстандағы әкімдіктердің сайттары кім үшін жұмыс істейді? Халық үшін бе?

Бүгінде керексіз ақпаратын таратумен қоймай, ол ақпараты қатеге тұнып тұрса, оны күнделікті бақылап отырған халықтың БАҚ-қа деген сенімі өшпесіне кім кепіл?!

XXI ғасыр – жаңа технологияның заманы. Адамзат үшін бар жағдай жасалған: үйінен аттап шықпай-ақ, кітапханаға бармай-ақ компьютер арқылы, интернет арқылы керекті кітабын оқи алады. Бүгінде ата-әжелеріміз сағынып отыратын өткен ғасырда ақпарат алу, елде болып жатқан жаңалықты білу қиынның қиынның еді, газет-журналдар шыққанымен оны бірі алса, бірінің қолы жете бермеген. Ауыл тұрғындарының көбінің қала ішіндегі қайнаған тіршіліктен тіптен хабары болмаған. Ал бүгінде бар ақпарат адамдардың көз алдында, интернет деген ғажайыпқа кіресің де, керегіңді аласың. Дегенмен «ата-әжелеріміз сол заманды неге сағынады екен, бүгінгі заманда бәрі дамыған, көз алдыңда, бар мүмкіндік жасалған, сол заманның несі жақсы еді?» деген ойға да келмей қоймайсың. Көз жеткізіп көресің де, бар мәселенің сапада болғанын түсінесің. Себебі ол кезде халықтың жағдайы маңызды рөл атқарған, не шықса да, не өндірілсе де, халық үшін болған. Тіпті, елде орын алған жаңалықтардың өзі халықтың икеміне орай жазылған. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізбеген заманда ақпараттың қай тілде шыққаны маңызды емес еді. Маңыздысы – сан емес сапа болды.

Ал бүгінде сол ата-әжелеріміз аңсаған тәуелсіздіктің аспанының астында өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақпыз. Алайда қарияларымыз сағынатын заманның жанында тәуелсіз Қазақстанның жағдайы әлде-қайда төмен бе деп қаларсың? Адам үшін бар жағдай жасалғаны әрине елеп айтарлық жәйт. Алайда сапаға келгенде көзіңді жұмасың да қоясың.

Бүгінгі қозғамақ тақырыптың ауқымы кең, жаңа технология жайында жаза берсең, жыры таусылмас. Алайда мен халық үшін беріліп жатқан ақпаратқа тоқталып өткенді жөн санадым. Әр өлкенің тұрғыны өз өңірінің жаңалығынан хабардар болуды көздейді. Үлкенді-кішілі сайт-порталдарды айта берсек, сан жетпес. Сол себепті Қазақстандағы облыс әкімдіктерінің сайттарына тоқталдым.

Кез-келген әкімдіктің сайтына кірдім делік... Не көрдім? Мен тәуелсіз Қазақстанның азаматшасы болғандықтан, бірінші талап ететінім – ақпараттың қазақ тілінде шығуы. Иә, шығады, оған таласым жоқ. Алайда, көп жағдайда бірінші орыс тіліндегі ақпараттың шығатынын көзіміз шалады. Өз ана тіліміздегі ақпараттың шығуын күтіп отырамыз. Сөйтіп, бірнеше минуттан соң қазақ тілді ақпарат шығады. Не керек, тағы күрсінеміз, себебі мәтін қатеге толы. Көңіл аудармайын десең де болмайды, ол білдей бір әкімдіктің сайты емес пе?! «Сауатты жазылуы тиіс қой» дейсің ішіңнен. Оны көріп біткен соң халық үшін тағы қандай қызметтер көрсетіліп жатқанын байқайсың. Тағы кемшіліктерді көресің. Осыларды ескере келіп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтуді жөн көрдім.   

Бірнші мәселе – тіл мәселесі.

Қазақ халқы әлі күнге дейін күресіп, сол күрестен жеңіліс тауып келе жатқан бір мәселе бар, ол – тіл. Яғни, қазақ тілі мен орыс тілінің қатар жүруі. Бүгінде бір-бірінсіз өмір сүре алмай келеді. Себебі тәуелсіз Қазақстанда бұл екі тілдің маңызы зор. Екеуі де заңдық тұрғыдан қабылданып қойған. Мұны өзгертуге биліктің әзірге қауқары жоқ секілді. Алайда екі тілдің қатар жүруі мүмкін емес, бірі қашан да басым тұрады. Ал тәуелсіз тұғыры биік Қазақстанда басым тұрған тіл деп қазақ тілін атайын десең, тілің бармайды. Не керек,  мойындауға тиіспіз. Жаңа технологияны да, қоғамды да, әлеуметті де жаулаған орыс тілі. Кез келген ортаға барсаңыз да, қызмет орыс тілінде көрсетіледі, интренет ресурстарындағы қызмет орыс тілінде жүргізіледі. Интернетті пайдалану үшін өзімізге қажетті сайтты ашқымыз келеді, бірінші сайттың орыс тіліндегі беті ашылады. Иә, қазақ тілі деген тетікшені басып, керек ақпаратымызды өз ана тілімізде оқуға мүмкіндік алатынымыз белгілі. Алайда орыс бетінің бірінші ашылуы орыс тілінің мәртебесінің биік екенін көрсетіп тұр. Елбасымыз 2012 жылғы жолдауында былай деген: «Тілге деген көзқарас шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарай алмаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде елімізді «Қазақ мемлекеті» деп атайтын боламыз», деді 2012 жылы Қазақстан халқына жолдауында. Содан бері 5 жыл өтті. Бүгінде «Қазақ мемлекеті» деген атауға лайықпыз ба? Мен жауап бере алмадым... Сіздер ше?..

Иә, араға тағы 5 жыл салсақ, бәрі қалпына келер деп өз-өзімізді сабырға шақырамыз. Алайда бүгінгі қоғамның бейнесіне қарайсың да, күрсінесің. Өзім басын ашқан облыс әкімдіктерінің сайттарына назар салайық. Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыс әкімдіктерінің сайттарын ашсақ, бірінші болып орысша бетін көзіміз шалады. Тек «қазақ» деген тетікшені басу арқылы қазақ тілді жаңалықтарға өте аласыз. Неге қазақ тіліндегі, өз ана тіліміздегі, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тіліндегі ақпаратты бірінші болып ашпасқа, неге қазақ тіліндегі ақпаратты бірінші болып шығармасқа?!

 Биліктің ресми сайттарындағы парақшаларының бірінші болып орыс тіліндегі ақпарат ашылып тұрғанда, өзге порталдардың халі жайында үндемесем де болады.

Бұдан өзге министрліктердің сайттарының бірінші кезекте орыс тіліндегі парақшасы ашылатыны жасырын емес. Мен орыс тіліндегі парақша мүлдем болмауы тиіс деген ойдағы адаммын. Ресми тіл болғандықтан, оның үстіне көп ұлтты мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, ақпараттың орыс тілінде де берілуі заңды шығар. Алайда екінші кезекке қойғанымыздан ешкім жолымызды бөгемес. Халықтың көбі дерлік жаңа технологияны меңгерген. Егер өз елімізде қазақ тілінде ақпарат жиі таралып, қазақ тілі қашан да басым тұрса, тіпті қазақтың бір сөзін де білмейтін қазақстандық кәрістің өзі мемлекеттік тілді үйренуге талпынар ма еді, кім білсін?!

Екінші мәселе – сапа жөнінде болмақ. Бүгінде кез келген салаға білікті, өз ісіне ұқыпты, алғыр маман қажет-ақ. Қай сала болмасын, бірінші кезекте білімді маман іздейді. Алайда облыс әкімдіктерінің сайттарына қатысты емес секілді. Неге дейсіз бе? Халыққа керекті ақпарат жеткізу барысында қатеге тұнып тұрған жаңалықты жеткізген баспасөз хатшысы кім үшін жұмыс істеп жүр? Мысалдан бастайық:

 Бұл Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланған ақпарат. Жаңа аула алаңдары салынғаны көңіл қуантады, балалар үшін салынған спорт алаңдары тіпті керемет болды. Алайда мен бұл жерден «бастысы жаңалықты айтсам болды, жеткізсем болды» деген түсінікті ғана көріп тұрмын. Сапалы жазылған мәтін жоқ. Кішкентай ғана мәтіннің өзінде 5 қате кеткен. Сауатты маман жазған ақпаратқа ұқсата алмадым.

Бүгінгі таңда көбі инетрнетке тәуелді болғандықтан  сайттардан алған ақпараттарға қарап икемеделеді, сауат ашады. Ал әлгіндей қателер көзге өрескел көрінеді. Биліктің ресми парақшаларында дәл осы сынды қателер кездесіп жатқанда, өзге ақпараттық агенттіктер жайында сөз қозғаудың да керегі шамалы.

Үшінші мәселе, әлгі облыс әкімдіктерінің сайттары шын мәнінде халық үшін қызмет көрсете ме? Қарапайым халық күн сайын, тіпті сағат сайын елдегі, өңірдегі ақпараттарды біліп отыруға ниеттенеді. Сол үшін де керекті ақпаратын сайттардан іздейді, жаңалықтарын сол жерден оқиды. Ал облыс әкімдіктерінің сайттары халқына керек жаңалығын күн санап беріп тұруға міндетті еді. Алайда ол жағынан да тасадан қалып кетіп жатыр.

Назарларыңызға екі облыстың ресми сайттарын ұсынамыз. Байқағанымыз жаңалықтар күн ара шықпайды. Арада екі-үш күн өтсе де, ақпарат салынбаған. Сонда әкімдік кім үшін жұмыс істеп жатыр? Халық керегін өзге сайттардан оқып алады деулеріңіз де мүмкін, ал сонда мұндай сайттардың қажеті қанша? Керекті ақпарат салынбаса, сайтты жүргізіп отырған баспасөз хатшысына кеткен ақша айдалаға ұшқанмен тең емес пе? Әлде облыстарда елге айтарлықтай жаңалық мүлдем болмай қалды ма? Өз басым мұның себебін халық үшін емес, өзі үшін жұмыс істеп отырған адамның ісіне балар ем. Себебі оны халықтың қажеттілігі алаңдатпайды.

Әлгі сайттардың халық үшін пайдалы тұсы деп «Әкімге сұрақ» деген бөлімін айтар едім. Облыс тұрғындары өздерін мазалаған кез келген сұрақтарын әкімге қоя алады. Яғни, сайтта солай делінген. Алайда жауап қанша уақытта келеді, белгісіз. Ал сыртта жауап күтіп, қиналып отырған халық қаншама. Жалпы, сұрақ тікелей әкімге бара ма, мені мазалайтыны сол...

 

 Облыс әкімдіктерінен өзге, халық үшін жұмыс істейтін қызметтік сайттар, биліктің сайттарының қатары көп. Алайда көбісінің сайт деген ат ғана бар. Ал сол сайтты жүргізіп отырған маманның жауапкершілігі қайда қалды? Қарапайым халықтың бар үміті төртінші билікте. Төртінші биліктің міндеті – халықтың көңілінен шығатын ақпарат тарату, таратқан ақпараты арқылы халыққа пайдасын тигізу. Яғни, халық пен төртінші билік қашан да тығыз байланыста болуы тиіс.

Өткен заманда тілші де ақпаратты сапалы жеткізе білді, оны қабылдаған халықтың да жаны тыныш болды. Себебі маман әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын. Яғни, халық пен төртінші биліктің арасындағы түсіністіктің дәрежесі жоғары деңгейде болды.

Ал бүгінде керексіз ақпаратын таратумен қоймай, ол ақпараты қатеге тұнып тұрса, оны күнделікті бақылап отырған халықтың БАҚ-қа деген сенімінің өшпесіне кім кепіл?!

Қамшыгер: Гүлім ЖАҚАН

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір