• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 03:05:18
Алматы
+35°

13 Шілде, 2017 NEWS

МӘСІМОВ: ҰҚК 10 ЖЫЛДА ҚАЗАҚСТАНДА 100-ГЕ ЖУЫҚ ТЕРАКТІНІҢ АЛДЫН АЛДЫ

Отанның берік қалқаны 25 жыл бұрын, 1992 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Тәуелсіз мемлекеттің дербес...

Отанның берік қалқаны 25 жыл бұрын, 1992 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Тәуелсіз мемлекеттің дербес арнайы құрылымы – Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды.

1991 жылы «қызыл империя» – Кеңестер Одағының қиран­ды­сында екіұштылық, қауіп пен кү­мән­ді жағдайда біздің егемен мем­лекетіміздің тарихы дүниеге келді. Нақ бүгінгі таңда, ширек ға­сырдан соң, Тұңғыш Прези­ден­ті­міздің Тәуелсіз Қазақстан Респуб­ликасын құрудағы алғашқы және одан кейінгі жылдарға қабылдаған шешімдерінің дәлдігі мен тарихи маңыздылығын сезінудеміз. Елбасы феномені, оның стра­те­­гиялық көзқарасы, сындарлы іш­кі және сыртқы саясаты қоғам­ды сіл­кі­ністерден, ал елімізді күй­реуден сақ­тады. Өтпелі кезең­нің барша сын-қатерлері мен қиын­дықтарын еңсе­руге мүмкін­дік туғызды. Тарихи өл­шеммен алғанда қысқа мерзімде Қазақ­стан әлемнің бәсекеге ең қа­бі­­лет­ті 50 елінің қатарына кірді. Ха­лық­­­­ара­лық қоғамдастықтың тең құқы­­­­лы мүшесіне, дәйекті даму, тұрақ­­­­тылық пен келісімнің өнегесіне айналды. 

Президенттің «Ұлттық қауіп­сіздік жоқ жерде, мемлекет жоқ» деген бірегей формуласы бүгінгі күн­­нің ұстанымына сәйкес, өзінің әмбе­­бап­тығын да көрсетуде. Нұрсұлтан Әбішұлының ерік-жі­гері мен стра­тегиялық көз­қарасы бүкіл еліміз үшін де және өзінің жаңа тари­хын 1992 жыл­ғы 13 шілдеден бас­таған дербес арнайы құрылым – ұлт­тық қауіп­сіздік органдары үшін де тағдыр­шешті болды. Сол кезде, 25 жыл бұрын, барлығын іс жүзін­де «таза парақтан» бастауға тура келді, ҰҚК жұмысын саяси және опе­ра­тивті жағдайлардағы қиын әрі сер­пінді өзгерістер ахуа­лында, Қазақ­станның өмірін­дегі маңызды мүдделеріне төнген жаңа сын-қатерлер мен қауіп­тер тұсында жүргізуге тура келді. Мұның бар­лығы ведомство басшылығынан және жеке құрам­нан жағдайды жедел тү­сі­нуді, негізгі басымдықтарды дер кезінде айқындауды, стратегияны, так­тиканы және жұмыс тәсілін шұғыл жетілдіруді, туындаған проблема­ларды уақыт оздырмай шешуді талап етті.

Елбасының ерекше еңбек­қор­лығы мен ерік-жігері, айрықша харизмасы мен ғаламат интуициясы Ұлттық қауіпсіздік коми­тетіне кәсіби тәжірибе мен интел­лектуалдық және техникалық әлеует­ті сатылап жинақтауға көмек­тесті. Тәуелсіздік жылдарын­да әрбір адамды, қоғамды және мем­лекетті кез келген сыртқы және ішкі қатерлерден қорғауға кепілдік беретін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мүлдем жаңа жүйесі құрылды. КСРО бұрынғы МҚК-нің перифериялық органы синдромынан арыла, өткен тоталитарлық кезеңнің жұтаң беттерін парақтай отырып, жұмыстың қуғын-сүргін тәсілінен бас тартты және Қазақстанның жас арнайы құрылымы әлемнің күшті арнайы құрылымдарының үздік дәстүрлері мен тәжірибелерімен қаруланды. Сондықтан кеңестік арнайы құрылымдардың тарихи мұрасы мен Қазақстан ҰҚК-сінің қазіргі заманғы қызметінің арасына теңестіру белгісін қою түбірімен дұрыс емес. Ұлттық қауіпсіздік органдары тәуелсіздіктің таңсәрі ша­ғында құрылды, елімізбен және өзінің Президентімен бірге да­мыды, қалыптасты. Бұл жолда қиын­дықтар мен қиналыстар, сат­қын­дықтар мен қателіктер де болды, бірақ олар бізді күшейте түсті.

Бүгінде ҰҚК – мемлекеттің ұлттық мүдделері мен өңірлік қауіпсіздіктің негіздерін сенімді түрде күзететін қазіргі заманғы, ықшам әрі тиімді арнайы қызмет. Оның тарихы – Елбасының табысты көшбасшылығының тарихы. Еліміздің басты арнайы құрылымының тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап дамуы Нұрсұлтан Әбішұлының ай­рық­ша назары мен ұдайы қолдауында болды. 25 жыл ішінде ҰҚК органдары қызметінің, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі олардың рөлі мен орнының құқықтық негіздері заңмен бекітілді. Бірқатар заң­на­малық және заңға қарасты акті­лер, оның ішінде «Ұлттық қауіп­сіздік туралы», «Арнайы мемле­кеттік органдар туралы», «Қарсы барлау қызметі туралы», «Мемлекеттік шекара туралы», «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңдар қабылданды.

15 жыл бұрын Мемлекет басшысы ҰҚК-ге келіп, онда арнайы қызмет жұмысы қалай құрылуы керектігі туралы өзінің көзқарасы мен басымдықтарын белгілеп берді. Уақыт көрсеткендей, бұлар қазірдің өзінде өзекті. Елбасы: «Мүмкіндікке қарай біз сіздерді тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жоғары білікті кадрлармен жасақтадық. Біздің бәрімізге жаңа жағдайларға, жаңа түсініктерге үйренуге тура келді. Біздің бәріміз «бір шинельдің» ішінен шықтық – дәстүрлер болды, оның барлығы қажетке жарады, бірақ бұл түсініктерді өзгертуге тура келді. Комитет қызметкерлеріне оңай болған жоқ. Мен қазақстандық арнайы құрылымдар қызметін регла­мент­тейтін құқықтық базаның құры­луына ерекше мән бердім. Ұлттық қауіпсіздік органдары басқа да құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп, заңның үстемдігін, адам­ның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғауды сенімді түр­де қамтамасыз етті. Жаңа, тәуелсіз Қазақстан ҰҚК-сінің түбегейлі өзгешелігі осында. Бүгінде сіздер ең күрделі мемлекеттік міндеттерді шешуге тартылдыңыздар, ал қауіпсіздік органдарының алдында бұл міндеттер аз емес. Уақыт жаңа сын-қатерлер мен қауіптерді алға тартуда, арнайы құрылымдар оған дер кезінде ықпал етуі тиіс», – деген болатын.

Елбасы жаңа мемлекеттілікті құра отырып, мемлекеттік саясатты іске асырудың маңызды құрал­дары­ның бірі ретінде арнайы құры­лымның функционалдық рөлін нақты көрді және түсінді, озық халық­аралық тәжірибені екшеуге кө­мектесті. Сондықтан да бүгінде ҰҚК оның жұмысының бар­лық аспектілерін жан-жақты рег­ламент­тейтін және алға қойған міндеттерді тиімді шешуге мүм­кіндік туғызатын құқықтық тұғыр­намаға ие. Ұлттық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету саласында мем­лекеттік бағдарламалар, олар­дың қатарында маңызды саналатын Терроризмге және діни экстремизмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда. ҰҚК органдарының күш-жігері, сондай-ақ, Президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жол­­дауында және басқа да бағдар­лама­лық құжаттарында айтыл­ған міндет­терді іске асыруға жұмыл­дырылған.  Елбасының ширек ғасырлық дана әрі сарабдал саясатының нәти­же­сінде мүдделі күштер Қазақстан мінген қайықты шайқап, еліміздің дәйекті демократиялық және эконо­микалық даму бағытына кері әсер ете алған жоқ. Мемлекет басшы­сының стратегиясына сай ҰҚК, өзге де мемлекеттік орган­дармен бірге, ішкі саяси тұрақ­тылықты, ұлтаралық және кон­фес­сияаралық келісімді сақтауды қам­тамасыз етіп отыр. 

Бүгінде Қазақстан мен ҰҚК ор­гандары алғаш рет халықаралық терроризм және діни экстремизм секілді құбылыстармен бетпе-бет келді. Біз аталған топтармен күресте жолдастарымыздың өмір­лерін құрбан етіп, аса ауыр сабақ алдық. Сол жолы Пре­зи­дент нақты тапсырма – қазақ­стандықтарды осы қауіп-қатер­лерден қорғау туралы міндет қойды. Қысқа мерзім ішінде ҰҚК органдары дұрыс қоры­тындылар жасап, жағдайды бақылауларына алды. Елімізде террорлық инфрақұрылымдар құру әрекеті жүзеге асырылмай тасталса, бірқатар лаңкестіктерге дайындықтың жолы кесілді. Соңғы 10 жыл ішінде ғана ҰҚК-нің терроризмге қарсы қызметі террорлық сипаттағы 100 шақты зорлық-зомбылық акциясының алдын алды. Халықаралық террорлық ұйымдардың Қазақстанға қарай ұмтылыстары жоққа шығарылды. Күрделілігі жағынан бірегей операциялар жүзеге асырылып, «Орталық Азия моджахеттерінің жа­мааты», «Джунд-әл-Халифат», «Хизб-ут-Тахрир» және басқа да құры­лымдар жойып жіберілді. Әріп­тес арнайы қызметтермен бірге онда­ған терроршылар мен экстремистер іздеп табылып, экстрадицияланды. 

Осы операциялардың табыс­ты болуына 160-тан астам анти­террорлық және жедел-әскери шаралар өткізген арнайы мақ­саттағы «А» қызметінің қызмет­керлері үлкен үлес қосты. Олардың көпшілігі батылдық пен батырлықтың ерен үлгісін көрсеткендері үшін мемлекеттік наградаларға ие болса, өкінішке қарай, кейбіреулері опат болды. Қазір арнайы мақсаттағы «А» қызметі ең заманауи қару-жарақ, экипировка және техника үлгілерімен жарақтанған жоғары кәсіби бөлімше болып табылады. Оның жауынгерлері – арнайы қызметтің сүзгісінен өткен бетке ұстарлары деуіміз керек. Олар күн демей, түн демей аса күрделі әскери міндеттерді шешуге қабілетті. Мұны 2016 жылдың желтоқсан айында аталған қызметте болған кезінде Мемлекет басшысының өзі ерекше атап көрсетті. Сол жолы Елбасы «А» қызметінің жеке құрамымен әңгіме-дүкен құрып, бөлімшенің материалдық-техникалық базасымен танысқан болатын. 

Президенттің өкімімен 20 жыл бұрын терроризм қатерінің өсе түсіп отырғаны ескеріле келіп, Қазақ­стан Республикасының ведомство­аралық Антитеррорлық орталығы (АТО) құрылған болатын. Уақыт Елбасының көрегендігі мен осы қа­дамның аса дұрыстығын көрсетіп берді. Бүгінде ҚР АТО шебінде терро­ризмге қарсы іс-қимылдың жалпы­мемлекеттік жүйесі құрылып, мем­лекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметі үйлестіріліп отыр. Осы қатарда аталған жұмыстың құқықтық, ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық жағы да толықтай қамтамасыз етіл­ген. АТО-ның бастамасымен терро­ризммен және діни экстремизммен күрестің 3 мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылса, анти­тер­рорлық комиссия мен жедел штаб­тар жұмыс істейді, бірле­с­кен оқу-жаттығулары жүргі­зіліп келеді. Терроризм мен экстре­мизмнің алдын алу шаралары кү­шейтіліп, мемлекеттік орган­дар­дың Бірлескен дерек банкі құрылған. 

Аса ірі қоғамдық-саяси, мәде­ни және спорт шараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде баға жеткісіз тәжірибе жинақталды. Олардың қатарында ЕҚЫҰ, ТМД және ШЫҰ саммиттері, Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съездері, Азиада мен Универсиада бар. Бүгінде, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, АТО тұрғысынан ЭКСПО-2017 халықаралық ма­мандандырылған көрмесінің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жа­қында Ақордада Нұрсұлтан Әбіш­ұлы «ЭКСПО»-ның ашы­лу сал­тана­тының қауіпсіздігін тиімді қам­та­масыз еткені үшін басқа ве­домство­лар қатарында ҰҚК органдарына да ризашылығын білдіруін біздің қызметкерлеріміз мақтаныш етеді.  «Көптеген мемлекет басшылары мен басқа да меймандардың қатысуымен өткен «ЭКСПО-2017»-нің ашылу салтанатын қам­­та­масыз еткен еліміздің бүкіл по­­лиция қызметіне, Ұлттық қауіп­­­сіздік комитетіне, «Сырбар» сырт­қы барлау қызметіне және басқа да ор­гандарға алғыс жариялағым ке­ле­ді», – деді Қазақстан Прези­денті.  Сенім кім-кімді де қанат­тан­дырады. Бізге мына мәселе де аса маңызды – біз зор беделге ие және тиімді де шешімді іс-қимыл таныта алатын саясаткердің командасында жұмыс істейміз. Сондықтан, ҰҚК органдары тарапынан Президент пен басқа да инстанцияларды ұлттық мүддеге ықтимал қатерлер туралы тұрақты негізде ақпараттандырып отыру қамтамасыз етілді. Ел бас­шылығы дәйекті саяси шешімдер қабылдау үшін негіз болған маңыз­ды мәліметтерге қол жеткі­зіліп келеді. Өткен 25 жыл ішінде біздің қарсы барлаушылары­мыз жеткілікті деңгейде тәжірибе мен ма­шықтарға ие болды. Мемле­кеттік құпияларды қорғаудың, барлау-бүлдіру әрекеті мен Қа­зақстанның ішкі ісіне заңсыз араласуға қарсы тұрудың өзіндік жүйесі қалыптасты. Бірқатар шпиондық әрекеттер мен жекелеген шетелдік арнайы қызметтер мен ұйымдардың мемлекеттік ор­гандарға сыналап кіріп, құпия ақпараттарға қол жеткізу жоспарларының жолы кесілді.  «Сапфир» және «Виктория» қарсы барлау операциялары аса жоғары деңгейде өткізілді. 2007 жылы АҚШ Президенті Дж.Буш: «АҚШ тарихында ядролық таратпау ісінде Қазақстаннан асқан әріптес әзірше болған емес», – деп кездейсоқ айтпаса керек. 

Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік проблемаларын шешудегі өңірлік көшбасшылығы мен белсенді ұстанымы ҰҚК қызметкерлерін елімізге сырттан теріс ықпал етуге, республика бастамаларының беделін түсіруге бағытталған іс-әрекеттерге тосқауыл қоюда превентивті шаралар қабылдауға ұмтылдырады. Кез келген арнайы қызметтер секілді ҰҚК алдында да ықтимал қауіп-қатерлер мен жанжалдарды дер кезінде анықтап, теріс сценарийлердің ықтимал салдарларын ескерту мен болжау міндеті тұр. 

Әлемдік экономикадағы дағдарысты құбылыстар бизнестің тоқырап, инвестициялардың қысқаруына, сөйтіп, халықтың әл-ауқатының төмендеуіне тәуекелдерді күшейте түсіп отыр. Сондықтан, ұлттық қауіпсіздік органдары Мемлекет басшысы реформаларының тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп қана қоймай, қолдан жасалған әкімшілік кедергілерді қоса алғанда, еліміздің экономикалық мүддесіне нұқсан келтіретін факторларды анықтаумен де айналысады. Қазіргі таңда жұрт­шылыққа мемлекеттік деңгейде қабыл­данып жатқан шаралардың барлы­ғы ұлттың әл-ауқатын артты­руға бағытталғанын түсіну маңызды.  Әлемдік прогресс түрлі салаға жаңа технологияларды белсенді іске қосқанның ғана ұпайы түгел болатынын көрсетіп беріп отыр. Біз жаһандық өндірістік революцияның табалдырығында тұрмыз. Сондықтан Қазақстан жаһандық үдерістердің жаңа талабына дайын болуы тиіс. Жасанды интеллекті мен автоматтандыру, биоинженерия және басқа да серпінді жобалар таяудағы 10-15 жыл ішінде экономиканың, еңбек нарқының, білім беру мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінің құрылымдарын айтарлықтай өзгертетіні анық. Кейбір бағамдаулар таяудағы жылдары түрлі мамандықтар 10-нан 40%-ға дейін мүлдем жойылады, бұл жайт өз кезегінде жаппай жұмыссыздық туындатады дейді.  Осы үрейлі болжам елдің экономикалық әлеуетін сенімді қорғауды, мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды қылмыстық қолсұғушылықтан арашалау бойынша нақты шаралар қабылдауды талап етеді. Бұған бірқатар резонансты қылмыстық істердің ашылғанын және тек соңғы бес жыл бедерінде ҰҚК-нің Экономикалық қауіпсіздік қызметі тарапынан 2,4 трлн теңгеден астам соманы құрайтын қылмыстық әрекеттердің жолы кесіліп, мемлекетке 80 млрд-тан астам теңгенің қайтарылғанын мысал ретінде келтіруге болады. 

Трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен халықаралық есірткі саудасына айтарлықтай соққы берілді. ҰҚК жүзеге асырған ауқымды шаралар мен шетелдік әріптестермен бірлесе қолға алынған іс-қимылдар нәтижесінде 120 халықаралық есірткі саудалаушы топтар жойылып, заңсыз айналымдағы 400 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. 2013-2015 жылдар аралығында еліміздің құқық қорғау органдары ТМД-ға мүше елдердің арнайы қызметімен ынтымақтаса отырып, бір мезгілде жүргізген операция барысында «Бауырластар тобы» («Братский круг») атты трансұлттық қылмыстық ұйымның жетекшілерін бейтараптандырды. Тергеу амалдары барысында 90 қылмыстық іс қозғалып, оның қорытындысы бойынша 59 адам сотталды. Мұндай жағдай ТМД елдері тәжірибесінде алғаш рет кездесті.  Қазіргі таңда біз арнайы қызметтің жұмыс тәсілі мен пішімі қарқынды түрде өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Осыған орай ҰҚК уақыт талабына сай өзгеруде. Бұл дегеніміз, заманауи ақпарат құралдары, интернет-технология, үлкен көлемдегі мәліметтерді талдау, форсайттық зерттеулер және ұзақ мерзімді болжамдар жасау, тәжірибе алмасу мен шетелдік ең үздік арнайы қызметтің жетістіктерін қолдану. Біз ұлттық мүдделерімізге залал келтіруі мүмкін түрлі қауіптер мен тәуекелдерді анықтап, олардың алдын алуға қабілетті болуымыз керек. Уақыт өмірімізге ентелей енген виртуалды әлеуметтік қатынастарға оңтайлы бейімделуді талап етуде. «Араб көктемі» және басқа да осы іспеттес жағымсыз үрдістер әлемге қас-қағым сәтте тарап, бірнеше сағаттың ішінде жағдайды тұрақсыздандырып жіберу мүмкіндігіне ие.

Сондықтан Елбасы өзінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді», деп аталған мәселеге маңыз беруі кездейсоқтық емес. Жаһандық жаңа сын-қатерлердің ішінде біздің елімізді де айналып өтпейтін киберқылмысқа ерекше екпін түсірген Президент Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Биылғы 11 шілдеде өткен Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті мәжілісі де осы тақырыпқа арналды. Елбасы әлемдегі және еліміздегі деструктивті террорлық топтар қызметінің салдары неге әкеліп соғатынына назар аудартып, оларға қарсы тиімді күрес жүр­гізу ісін жолға қоюды тапсыр­ды. Атап өтерлігі, бұл ұлттық қау­іп­сіз­дікті қамтамасыз ету сала­сын­дағы Елбасы тапсырған ау­қымды міндеттердің бір бөлігі ғана.  Президент шекараны бекемдеу және ҰҚК Шекара қызметінің жұмысын жетілдіру мәселесіне де ерекше мән береді. Елбасы бас­тамасы бойынша орта мерзімді тиісті мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Онда шекараны қорғау, қадағалау мен жабдықтаудың заманауи жүйесін енгізу, әуе және теңіз техникаларын, шекара бекеті мен жасақ инфрақұрылымын, соның ішінде шекара маңындағы елді мекендерді дамытудың бар­лық аспектілері қамтылған. Осы бағдар­ламаның арқасында тек соңғы екі жылда 15 шекара бекеті пайда­лануға берілді, тағы 7 заманауи ке­шеннің құрылысы басталды. Теңіз және шекара қызметінің авиа­паркі екі жаңа кемемен, 6 ұшақ­пен және бір тікұшақпен толықты. 

Әлбетте, шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Оның жарқын көрінісі – ҰҚК ШҚ әскери қызметшілерінің қаражатын көтеру жөніндегі Елбасының жақында шыққан шешімі. Осындай шаралар шекарашы әскерилердің өзіне деген сенімін арттырып, рух-жігер беріп қана қоймай, Шекара қызметінің имиджі мен беделін биіктететіні сөзсіз. Элиталық шека­ра әскерлерінің қатарында қыз­мет ету көптеген адамның арманына айналды.  Кез келген жүйенің кәміл болуы, басталған жұмыстың сәтті аяқталуы мамандарға байланысты. Қазіргі таңда ҰҚК-нің деңгейі өсіп, беделі артқанын сеніммен айта аламыз. Тәуелсіздік жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарының өзіндік дербес негіздері мен құндылықтары қалыптасты. Олар Отанымызға, халық пен Қазақстан Президентіне адал қызмет етуге кәсіби тұрғыда дайын. Бұл өз кезегінде ҰҚҚ қызметкерлерінің кәсібилігін сипаттайды әрі қабілет-қарымын көрсетеді. Біз 25 жылдық тарихымызбен, сондай-ақ, қалыптасқан дәстүрімізбен мақтанамыз. Осы арада Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең бас­талды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезі­міміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», деп жазғаны еске түседі. 

Халықаралық қалыптасқан жағдайларға байланысты ҰҚК мекемені жаңғырту және ребрендинг жасау жұмыстарын жалғас­тырып келеді. Заман талабы елі­міздің алдына жаңа сынақ­тар қойып отыр. Бұл жайт қауіп­сіздік қызметінің қырағы­лығын, ұтқырлығын, техникамен жаб­дықталуын және ерекше шешім қабылдауын қажет етеді. Біз алдын ала әрекет жасауды меңгердік және бүгінде ҰҚҚ кез келген тапсырманы орындауға әзір екенін айта аламыз. Бұған бізді Қазақстан халқы мен Президентінің сенімі міндеттеген. 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдық мерейтойына орай, барша жеке құрам мен ардагерлерді кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық, отбасы амандығы мен жаңа табыстар тілеймін. 

Кәрім МӘСІМОВ,

Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасы

«Егемен Қазақстан» газеті
 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір