• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:08:39
Алматы
+35°

29 Маусым, 2017 NEWS

СЕНАТ САЙЛАУЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН ҚАНШАЛЫҚТЫ МАҢЫЗДЫ?

Елімізде сенат депутаттарының сайлауы өтті. Ал елдегі әр сайлау жүйесі қоғам үшін маңызды үрдіс. Сенат депуттарын сайлау арқылы мемлекеттің болашағы...

Елімізде сенат депутаттарының сайлауы өтті. Ал елдегі әр сайлау жүйесі қоғам үшін маңызды үрдіс. Сенат депуттарын сайлау арқылы мемлекеттің болашағы жасақталады. Елімізде болып жатқан түрлі саяси болсын, әлеуметтік болсын шешімдердің қабылданып, заң жүзінде іске асырылуына жауапты сол депутаттар. Иә, қоғамда депуттарымыздың әлеуеті зор болуы тиіс еді, алайда «депутат» деген статусына қарап қана бағаланатыны жасырын емес. Өкініштісі, құзыретін халық байқай бермейді. Неге? Себебі қызықпайды, сенат депутаттарының немен айналысып, не тындырып жүргендерін де білмейтіндер жетіп артылады. Сенат депутанының жылы орнына жайғаспай тұрып, әрқайсысы облыс әкімі, әкім орынбасарлары болып, өз ауданының шаруасын «дөңгелетіп» келеді, сөйтіп дүйім мемлекеттік деңгейдегі шаруаға көшеді.

Одан өзге ақпараттарға көз жүгірте отырайық. ҚР Орталық сайлау комиссиясы сенат сайлауы үшін мемлекеттік бюджеттен 92 миллион теңге жұмсалатындығын айтқан. Бюджеттен шығарылып жатқан үлкен сомаға қарап, бекер шығын емес пе екен деген ойға қаласың?

Не де болса, маусымның 28-інде Елбасымыздың жарлығына сәйкес ҚР Парламенті Сенатының депутаттарының кезекті сайлауы өтті. 16 депутаттық мандатқа 38 үміткер таласты. 14 облыстан 3291 депутат дауыс берді.

Осыларды ескерген Қамшы ақпараттық агенттігінің тілшісі сенат сайлауының маңызы, сенат депутаттарының қоғамдағы рөлін анықтау үшін сарапшылармен сұхбаттасып көрді.

СЕНАТ САЙЛАУЫ – БІЗДІҢ ЕЛІМІЗ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ИНСТИТУТ

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидің айтуынша, мемлекетті билейтін халық емес, элита, бұл жағдайды өзгертуіміз қажет.

Саясаттанушы, Әзімбай Ғали. Жалпы сенат – сындарлы адамдардың өкілі. Олар белсенді саясаттан белгілі себептермен шектетілгенімен, биліктің адамдары, биліктен ешқашан алыстамайды. Сайлауға келер болсақ, альтернативалық жолмен жүріп жатыр. Белгілі дәрежеде әкімшілік принциптер де жұмыс істейді, сонымен бірге жергілікті элита күшін көрсетуі керек. Элита сұрыпталып, мықтысы өтеді. Кез-келген адам өте алмайды. Олардың жергілікті өлкеде әкімшілік тәжірибесі бар, саяси тәжірбиесі бар. Біздің елімізде демократия бар, яғни авторитарлық реждимдердің демократиясы. Сенат депуттарының негізінен 99%-ы мемлекетшіл адамдар.

Қамшы тілшісі сенат сайлауы, сенат депутатары жөнінде халықпен сауалнама жүргізіп көрді. Сауалнамаға қатысқан 50 адамның 80%-ы сенат сайлауының өткенінен бейхабар, тіпті сенат депутаттары жөнінде ақпарат бере алмайды. Бұған кім кінәлі? Неге халық қызықпайды? Осы сауалды да Әзімбай Ғалиға қойып көрдік, бір жауабын алармыз деген ниетпен....

Біздің Кеңес дәуірінен бір бұрыс түсінік қалыптасқан – «Мемлекетті халық билейді». Іс жүзінде халық билемейді, элита билейді. Ондай жалған түсініктерден арылуымыз қажет. Мемлекетті қашан да игі жақсылар билеген. Бізден тәуір, бізден ықпалды, бізден бай адамдар ел билейді. Оған сіз бен біздің қатысымыз жоқ. Барлық мемлекеттерде солай. Бірақ демократиялық елдерде саяси бәсекелестік бар. Элита сұрыптаудан өту керек. Бұл – 100 метрде жүгірумен тең. Ел билемек адамда талант болуы керек. 100 метр белгіленсе, адамдар бірін-бірі озудың жолдарын іздестіруі тиіс, ол – саяси технология. Ал саяси технологияларды жүргізу үшін қаржы керек. Әйтпесе, кез-келген іс білмейтін жарамсыз адамдар өтіп кетуі мүмкін.

Озып шыққан әр сенат депутаты өзінің, сондай-ақ мемлекеттің мүддесін қорғайды. Ол өз басын ғана ойламайды, ол немересінің де қамын ойлауы керек, мемлекеттің де қамын ойлауы керек. Белгілі дәрежеде керекті механзим. Әйтпесе элита босаңсып кетеді. Бұл қажет, бірнеше метр жүгір, озып шық, саяси тіршілікке жарамдылығыңды көрсет.

Сондай-ақ еліміздегі сенаттың рөлін айта отырып, АҚШ –тағы саяси жүйені мысалға келтірді.

АҚШ халқы – мінезі бар халық. Мәселен, Кезінде Хиллари Клинтонды халық жақсы көрді, төзімділігіне тәнті болды, соны қолдады, биікке көтерді. Бірақ президенттік сайлау кезінде Америка халқы оны ұнатпай қалған, оның жанында Трампты жөні түзу деп санаған.Бірақ оның да әрекеттерінің жөнсіздеу екені бәріне мәлім. Ал президент артық кетіп жатқан жағдайда сенат түзеп отырады. Мәселен, Трамптың Рейсемен байланысы жөнінде нақтыланбаған ақпарды көзіміз шалады. Мұндай ақпар таралғанымен, іс жүзінде дәлелденбеген. Дәлелденетін болса, өз құқығын жақсы білетін АҚШ сенаты Трампты жазалауға дейін барады. Ал бізде тежеуші күш бәсең.

СЕНАТ – МӘЖІЛІС ПЕН ПРЕЗИДЕНТ АРАСЫНДАҒЫ КӨПІР ҒАНА

Дәл осы сұрақтарды саясаткер Дос Көшімге қойып көрдік. Оның ойынша, президент белгілі бір заң жобасын қолдағысы келсе, сенатты пайдаланады, ал сенаттың міндеті тек тексеру ғана.

Саясаткер, Дос Көшім. Сенат сайлауының ешқандай саяси маңызы жоқ, себебі сенаттың заң шығарушы билік орнында жеке орны жоқ, оның орны мәжіліс пен президент арасындағы көпір сияқты. Менің ойымша, президент белгілі бір заң жобасын қолдағысы келмесе, сенатты пайдаланды. Мәжіліс белгілі бір деңгейде заң жобасын жасауға тырысады, сенат оның ішінде ұнамды-ұнамсыз жерлерін тексеретін бір редактордың рөлін ғана ойнайды. Сенаттың белгілі бір құқығы болса, Америкадағы секілді саяси аренадағы рөлін айқындап алуға болады, ал біздің сенатта ондай рөл жоқ. Унитарлы мемлекетте пекі деңгейлі емес, бір деңгейлі парламенттің болғаны дұрыс.

Ал халық неге сенатқа қызығушылық танытпайды?

Президент дайындаған заңын сенат тоқтата алатын болса, онда халықтың назары сенатта болады, сенат не айтар екен бастарын соларға бұрады. Белігілі бір органның, парламенттің берілген құзыреті болу керек. Біздің сенатта ондай құзырет жоқ.

Оның үстіне сайлау да жанама болып отырады, жанама сайлауда аудандағы 12-13 депутаттар «сайлайды». Ал оны халық білмейді.

Айта кетейік, сайлау науқаны барысында барлығы 89 үміткер ұсынылды. 38 кандидат сайлау бюллетеньдеріне енгізілді. Сайлауға 3242 таңдаушы қатысты. ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау барысында 518 халықаралық және отандық байқаушы, 244 қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілі қатысты. Сайланған депуттардың 7-н мәслихаттар ұсынса, 9 өзін-өзі ұсынғандар. ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың орташа жасы –56,7 жас. 

Гүлім ЖАҚАН
 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір